×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Екібастұздың жылу желілерінен 100-ден астам ақау табылды

28.04.2023, 09:02
Екібастұздың жылу желілерінен 100-ден астам ақау табылды
turkystan.kz

"Екібастұзтеплоэнерго" ЖШС тозығы жеткен жылу желілерін анықтайтын гидравликалық сынақтар жүргізіп жатыр. Жылу желілерінен 119 ақау табылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір басшысы Асайын Байханов құбыр ауыстырылатын төрт учаскеде болып, жөндеу жұмыстарын жүргізуге жауапты "Grappa-Stroy" ЖШС базасына барды.

Мердігер материал мен жабдықтың жеткілікті екенін айтады. Қазір бір уақытта 25 бригада жұмыс істеп жатыр. Олардың айтуынша, жылу желілерін жөндеу жұмыстары 10 маусымда аяқталады.

"Сапалы жұмыс істеу үшін ыстық су беруді 10 маусымға дейін қысқарта тұру туралы нақты жоспарымыз бар. Оны ұстану керек. Сондай-ақ алдағы жылыту маусымына үйлерді дайындау үшін жекеменшік пәтер иелері кооперативінің жұмысын бақылау қажет", - деді аймақ басшысы Асайын Байханов.

Еске сала кетейік, өткен жылдың қарашасында Екібастұздағы жылу желілерінде апат болып, бірден 149 тұрғын үй жылусыз қалған еді. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Тұрғындар қатарынан бірнеше күн бойы жылусыз отырды. Үйлердегі жылу батареялары жарылып, канализация желілері бүлінді. Қаладағы жағдайды тұрақтандыру жұмыстары созбаққа салынды.

8 ақпанда «Павлодарэнерго» АҚ бұрынғы бас директоры Вадим Лесин Екібастұз қаласын жылумен  қамту проблемасын жылыту маусымы аяқталғанға дейін шеше алмайтынын мәлімдеді.

Ақпан айының басында өңірге жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр Вадим Лесиннің жұмысын қатаң сынға алып, оның қызметінен босатылуын талап етті.

15 ақпанда компанияға жаңа басшы тағайындалды

Жуырда өңірлерді дамыту жөніндегі Парламенттік тыңдауда Екібастұздағы жылу мәселесі көтеріліп, сенатор Алтынбек Нұхұлы қаладағы жылумен жабдықтау жүйесіне жүргізіліп жатқан түгендеу жұмыстарының ұзаққа созылып кеткенін сынға алған болатын.

11 сәуірде Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр аудит аяқталғанын мәлім етті. Оның сөзінше, Екібастұз тұрғындары келесі жылыту маусымында жылудан таршылық көрмейді. Скляр ЖЭО-ның бір бөлігі мемлекет есебінен жөнделетінін жеткізді. Ал "Екібастұзжылуэнерго" өздеріне тиесілі қондырғыларды қаржыландырады. Екі жақтап қаржы көлемін арттырып, жылумен жабдықтау мәселесін шешу уәде етілді.