×
443.85
474.3
4.8
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.85
474.3
4.8

Нұржігітовтың «қиянаты»: Әкім кәсіпкердің уәжін комиссияға сілтейді

25.05.2023, 13:00

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов президентке көмекке жүгінген шулық кәсіпкердің шағымы жөнінде сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі.

Еске сала кетсек, бұған дейін әлеуметтік желіге Шу ауданы Төле би ауылы тұрғыны Абай шаруа қожалығының иесі Қазақбай Байжұманұлы деген ақсақалдың видеосы тараған еді. Ол 2011 жылы көлді жалға алғанын, жал мерзімін ары қарай созуға әкімдік рұқсат бермей отырғанын айтады. Қазір соттасып жатыр. Кәсіпкер «рейдерлік жасады» деп тікелей облыс әкімі Нұржан Нұржігітовты айыптайды. «Нұржігітовтың істеп отырған қиянаты» деп президент Тоқаевқа да жүгінген.

Ulysmedia.kz тілшісі осы ретте әкімнен «Сіз осы мәселе қандай түсіндірме бере аласыз?» деп сұраған. Нұржігітов комиссия шешімін алға тартады.

«Бізде жүзден астам су қоймасы бар. Оның 80-нен астамының бүгінгі күні жалға берілетін нормативті талаптары бар. Арнайы инспекция соны жүргізеді. Бұл шаруа қожалығының пайдалану мерзімі біткен. Содан кейін ол кісі тарапынан комиссияға ары қарай жалғастыру жөнінде ұсыныс берілген. Бірақ 10 жылдың ішінде қандай жұмыс атқарылды деген тұрғыда жоспар құрылады ғой. Жоспар бекітіледі. Соны міндетті түрде орындады ма, жоқ па деген мәселе зерттеледі. Комиссия шешіміне сәйкес, барлық бағыт бойынша деп айта алмаймын, бірнеше бағыт бойынша сол жоспар орындалған жоқ. Комиссия шешім қабылдады», - дейді ол.

Әкім ары қарай келісімшартты жалғастырмау жөнінде комиссия шешім қабылдағаннан кейін кәсіпкер сотқа арыз бергенін, алайда сот комиссия шешімі дұрыс деп шешім қабылдағанын атап өтеді.

«Қазір ол кісі тарапынан Жоғарғы сот кассациясына (арыз) берді деген естуім бар. Жоғарғы сот қандай шешім қабылдайды көреміз», - дейді ол.

«Сізге қарсы уәжі орынсыз деп есептейсіз бе?» деген сұраққа «ол жерде комиссия жұмыс істеді ғой» деп жауап берді.

Серіктес жаңалықтары