×
$
444.16
€
487.29
₽
5.4
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
444.16
€
487.29
₽
5.4

Үш держава келісімге келуге тырысып жатыр: Путин, Трамп пен Си не талқылады?

Бүгін, 15:54
Үш держава келісімге келуге тырысып жатыр: Путин, Трамп пен Си не талқылады?
Кремль

Қытайдың Шэньчжэнь қаласында АТЭС саммиті аясында Владимир Путин, Дональд Трамп және Си Цзиньпиннің үшжақты кездесуінің ашық бөлігі өтті. Көшбасшылар Украинадағы соғыс, ядролық қару және ірі державалар арасындағы текетірестің қаупі туралы пікір алмасты. Он минуттан астам уақыт өткен соң келіссөз жабық есік жағдайында жалғасты. Ulysmedia.kz кездесуде қандай мәлімдемелер жасалғанын және әр көшбасшының қай мәселеге басымдық бергенін баяндайды.

Си Цзиньпин әлемдегі тұрақсыздыққа назар аударды

Алғашқы болып Қытай төрағасы сөз алды. Ол бұл кездесуді маңызды белес деп атап, әлемде 60-тан астам жергілікті қақтығыс жалғасып жатқанын еске салды. Си Цзиньпиннің пікірінше, ірі мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас халықаралық қауіпсіздікті нығайтуы да, оған қатер төндіруі де мүмкін.

– Тарих көрсеткендей, ірі мемлекеттер арасындағы жақсы қарым-қатынас әлемді қауіпсіз етеді, ал олардың текетіресі дүниені хаосқа батырады, – деді ол.

Қытай басшысы Бейжің Мәскеумен стратегиялық әріптестікті нығайтуды жалғастырып, Вашингтонмен сындарлы әрі тұрақты қарым-қатынас орнатуға ұмтылып отырғанын айтты.

– Осы жаһандық ортада ірі мемлекеттердің жауапкершілігі ерекше. Әлемдік державалардың өзара тиімді іс-қимылы – ықтимал нұсқалардың бірі ғана емес, баламасы жоқ таңдау, – деп атап өтті Си Цзиньпин.

Ол үш елді жаһандық сын-қатерлерге бірлесіп жауап беруге және бейбітшілікті сақтауға шақырды.

Путин Украинадағы соғысты еске салды

Ресей президенті кездесуді ұйымдастырғаны үшін Қытайға алғыс айтты. Оның сөзінше, Ресей, АҚШ және Қытай БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері ретінде халықаралық қауіпсіздікке ортақ жауапкершілік арқалайды.

Путин экономикалық байланыстарды, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін талқылауды ұсынды. Сондай-ақ Украинадағы қақтығыс Қытай және АҚШ басшыларымен өткен жеке кездесулерінде де сөз болғанын жеткізді.

– Өңірлік қақтығыстарды реттеу мәселесінде, соның ішінде, әрине, Украинадағы қақтығысты тоқтату бағытында да елдеріміздің ортақ мүдделері көп. Бұл туралы кеше Қытай Халық Республикасының төрағасымен сөйлестік. Ал бүгін АҚШ президентінің бастамасымен өткен екіжақты кездесуде осы мәселеге көп көңіл бөлдік, – деді Путин.

Ресей басшысы халықаралық терроризммен және трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен күресті де сөз етті. Оның пікірінше, үш мемлекеттің ынтымақтастығы әлемдегі тұрақтылықты нығайта алады.

Трамп ядролық арсеналдарды қысқартуды ұсынды

АҚШ президенті кездесуді тарихи оқиға деп атады. Ол Вашингтон, Мәскеу және Бейжің арасында келіспеушіліктер бар екенін мойындағанымен, келіссөздерді жалғастыру қажет екенін айтты.

Трамп талқылауды ұсынған мәселелердің бірі – ядролық қаруды қысқарту. Оның сөзінше, бұл бағытта келісімге келу оңай болмайды, өйткені үш мемлекетте де мыңдаған ядролық оқтұмсық бар.

– Біз ядролық қаруы ең көп үш мемлекетпіз: АҚШ, Ресей және Қытай. Әлемдегі ядролық қару санын қалай азайтуға болатынын талқылай алар едік. Өйткені мұндай қарудың қолданылуын елестетудің өзі қорқынышты, – деді Трамп.

Ол сол күні Путинмен Украинадағы соғыс туралы егжей-тегжейлі сөйлескенін растады.

– Президент Путин екеуміз бүгін бұл қақтығысты біраз уақыт талқыладық. Меніңше, дұрыс бағытта келе жатырмыз. Президент Путин де, Украина тарапы да осы қақтығысты аяқтағысы келеді деп үміттенемін, – деді АҚШ басшысы.

Трамп Халықаралық қылмыстық сотты да сынға алды.

– Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – мемлекеттерімізді әлемдік деңгейдегі есеп бермейтін ұйымдардан қорғау. Мысалы, өзін-өзі мүлде бақыламайтын Халықаралық қылмыстық сот. Меніңше, ол өз құзыретінен әлдеқашан асып кетті, – деді АҚШ президенті.

Көшбасшылардың кіріспе мәлімдемелерінен кейін кездесудің ашық бөлігі аяқталды. Путин, Трамп және Си Цзиньпин келіссөзді жабық есік жағдайында жалғастырды.

Алғашқы мәлімдемелерге қарағанда, үш көшбасшының әрқайсысы өзіне маңызды мәселелерге басымдық берген. Соған қарамастан, үшеуі де келіспеушіліктерге қарамастан ынтымақтастық орнату қажеттігін атап өтті.

Сізге қызық болуы мүмкін