×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

«Алтын дауы»: Маралдылықтар министр Сүлейменованы Семейде «қуып жетті»

29.05.2023, 10:29
«Алтын дауы»: Маралдылықтар министр Сүлейменованы Семейде «қуып жетті»
Фото: Ulysmedia.kz

Абай облысы Семей қаласында экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова халықпен кездесіп жатыр. Шығыс Қазақстанның Маралды ауылының тұрғындары бұл жолы да министрдің алдында Маралдыдағы алтын қазушылардың мәселесін көтеру үшін Семейге барды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Күршім ауданы Маралды ауылының тұрғындары «ауылымызды қазбасын» деп, алтын өндіруші компаниялармен күресіп жүр. Маралды халқы мұндағы елдің басына үлкен қауіп төніп тұр деп есептейді. Айтуларынша, Шығыс Қазақстаннан басталатын екі үлкен өзен – Күршім мен Маралдыны алтын зауыты улайтын түрі бар. «Цианидті пайдаланатын өндіріс біздің ауыл халқының денсаулығына үлкен зиянын тигізеді» дейді олар.

Бұған дейін министр Сүлейменова Шығыс Қазақстанның Риддер қаласының халқымен кездесуге барған. «Министр неліктен бізге келмейді?» деген маралдылықтар Сүлейменованың соңынан Риддерге барып, мәселені алдына кесе көлденең қойған. Алайда «рұқсат қағазынсыз не себепті Маралдыда фабрика салынып жатыр?» деген сұраққа министр түсінікті жауап бере алмады дейді тұрғындар.

Дәл қазір министр Сүлейменова Семей халқымен кездесу өткізіп жатыр.

«Қайда барса да Қорқыттың көрі дегендей, қай жерге барса да маралдықтар артынан қалмай, алдынан гүр етіп шығып сұрақпен,талаптарың дайындап отыр», - деп жазады әлеуметттік желіде Маралды тумасы, Астана тұрғыны Талғат Исин.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев осы айдың басында алтын зауытына қарсы наразылық білдірген Маралды ауылының шағымы жөнінде сұрақтарға жауап беріп, «сәл сабыр етуді» өтінген еді. «15 мамырға дейін бәрінің басын қосып, содан кейін қосымша айтатын боламыз» деген. Алайда маралдылықтар «ешкім ешкімнің басын қоспағанын» айтады.

Маралдылықтар ауылға Шығыс Қазақстан әкімі Даниал Ахметов келсін деп талап етеді. Алайда әкім әлі бармаған. Ulysmedia.kz тілшісі бұған дейін осы мәселе жөнінде депутаттар не ойлайтынын біліп көрген еді.