Жамбыл облысына қарасты Меркі ауданында қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының ескерткіші ашылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Меркі ауданында бүгін ескерткішті ашуға Кенесары ханның ұрпақтары келген. Ескерткіштің лентасын облыс әкімдігі аппаратының басшысы Мәди Мәтен мен ақсақал Рахмаділдә Сегізбайұлы қиған.
Жақында ғана Жамбыл облысына әкім болып тағайындалған Ербол Қарашөкеев қазақтың соңғы ханының ескерткішінің ашылуына келмеді. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі 9 қыркүйек күні Қарашөкеев Астана қаласына жұмыс сапарымен баратынын, елордада Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесіне қатысатынын хабарлаған.
Журналист Серік Жолдасбай «жоғары жақтан «Бүлікші ханның» ескерткішін у-шусыз ашуды тапсырған көрінеді дейді. Оның сөзінше, билік «облыстың бірінші басшысы барса, солтүстіктегі көршімізге жақпай қаламыз ба деп ойласа керек».
Жамбыл облысына қарасты Меркі ауданында Хан Кененің ескерткіші 2018 жылдан бері жыр болып келеді. Асқар Мырзахметовтың кезінде басталаған дау Бердібек Сапарбаевтың тұсында шешілмей, Нұржан Нұржігітовке «мұра» болып қалған.
Еске сала кетейік, Ulysmedia.kz порталы қазақтың соңғы ханы жайында тарихшылар мен қоғам қайраткерлері Сұлтанхан Аққұлұлы, Уәлихан Қайсаров және Заңғар Кәрімханмен сұхбат құрған еді. Арнайы шығарылымды порталдың youtube-арнасынан көре аласыздар: