×
441.66
475.14
4.86
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.66
475.14
4.86

«Ұсыныс күтіп отырмыз»: Еңбекмин айлықты өсіруді талап еткен Семей орманы жұмысшылары жайлы

20.09.2023, 12:18
Фото: Скриншот

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің шенеуніктері айлықты көтеруді талап еткен «Семей орманы» қызметкерлерінің талабына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Осы жылдың шілде айынан бері «Семей орманы» резерватының жұмысшыларына айлық 100% көтеріледі деп уәде берілген. Алайда орманшылар мен шеберлердің айлығы өскенімен, жүргізушілер, радиобайланыс операторлары, тракторшылар бұл игіліктен тыс қалған еді. Сол үшін олар жазда резерват мекемесі алдында жиналып, митинг өткізген болатын. Ондағы жұмысшылар тиісті форма, аяқ киіммен де қамтылмайтынын айтып, еңбек жағдайына да шағымданған.

«Осы мәселеге әлбетте, алдымен Экология министрлігі жауапты болса да, еңбек адамдарының еңбек жағдайына байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері не дейді? Мәселені зерттеп көрдіңіздер ме?» деп сұрады бүгін ОКҚ алаңында Ulysmedia.kz тілшісі министрдің бірінші орынбасары Ақмәди Сарбасовтан.

Бұл сұраққа алдымен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов жауап берді. Ол «Семей орманы» резерватында болған қайғылы жағдайдан кейін арнайы үкімет комиссиясы құрылып, болған жайттардың бәрін толық зерттеп, жұмыс берушінің кінәсі 100 пайыз деп, сол жердегі кінәлі адамдардың бәрінің үстінен іс қозғалып, қаралып жатқанын» еске салды.

«Әкімшілік қызметкерлердің айлықтары шынында да көтерілді. Алайда сіз айтқан жай жұмысшылардың айлықтары бойынша Экология министрлігімен біз қоян-қолтық жұмыс істеп жатырмыз. Нәтижесі болады. Ол да ескерусіз қалмайды», - дейді Төлеген Оспанқұлов.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасовтың айтуынша, Қазақстанда 1,2 млн азаматтық қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде орман саласында да еңбек ететіндер бар.

«Бес жылдың ішінде мұғалімдер, денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің айлығы екі есе көбейіп жатыр. 1,2 млн адамның ішіндегі 600 мың адамның ішінде сіз айтқан мамандықтағы адамдар. Соларға былтырдан бастап 4 жыл ішінде айлық екі рет өседі. Оған қосымша Экология министрлігімен, сарапшылармен бірлесіп, бірыңғай еңбек төлемі бойынша жұмыс істеліп жатыр. Жыл ішінде ұсыныстар болады. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан да қосымша ақы ретінде жаңағы айтқан жұмысшылардың айлығына қосады деп ойлаймыз», - дейді ол.

Яғни «Семей орманы резерватының митингке шыққан жұмысшыларының айлығы көтерілмей ме?» деген сұраққа олардың бәрі де «сол 600 мың адамның ішіне кіріп отыр, айлықтарының көтерілуі бойынша нақты ұсыныстарды береміз» деп жауап берді.

Еске салайық, “Семей орманы” резерваты аумағында өрт  8 маусымда тұтанған болатын. 9 маусым күні кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.

Абай өңіріндегі ел тарихындағы ең ірі өртке байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин қызметінен босатылып, жаңа министр тағайындалды. Абай облысының әкімі өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін сөгіс алды.

Өртпен арпалысып жүріп 14 адам қаза тапты. «Семей орманы» Новошульба филиалының 14 қызметкерінің фотосуреттерін Экология министрі Зүлфия Сүлейменова жариялады. Мемлекет басшысы шетелге сапарынан бас тартып, өңірге арнайы барып, қаза тапқан орманшылардың отбасына көңіл айтты.

Қаралы қайғыға байланысты 12 маусым елімізде Аза тұту күні болып жарияланды.

Абай облысына аттанған үкіметтік комиссия тергеу жүргізіп, өртті сөндіру кезінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуына жол берген адамдарды анықтамақ.

Сондай-ақ, бұдан бұрын ІІМ басшысы Марат Ахметжанов өртті дер кезінде ауыздықтай алмаған экс-министр Юрий Ильиннің әрекеті тексерілетінін мәлімдеді.

Ал Бас прокуратура борман өртінің шығуы себебі бойынша үш нұсқа тексеріліп жатқанын айтты.

Сондай-ақ, бұдан бұрын хабарлағанымыздай, ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев Абай облысындағы орман өрті бойынша өз қызметіне салғырт қараған шенеуніктер қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеген.

Серіктес жаңалықтары