×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

Қазақстанның сыртқы қарызы қанша немесе «әр қазақ шетелге $8 мың қарыз екені» рас па

01.03.2024, 09:40
Коллаж: ulysmedia.kz.

Бұл өмірде қарыз емес адам аз. Бала анасына, Отанына қарыз дегендей. Әсіресе материалдық қарыз бойынша жағдай ушығып барады. Барлығы жағалай қарыз. Бір қызығы, адамдар сияқты, мемлекеттер де қарыз. Әсіресе анағұрлым дамыған, экономикасы қуатты мемлекеттердің қарызы бастан асады. Ал біздің сүйікті Қазақстан ше? Ол да қарыз ба?

Ия, борышта отырмыз. Онсыз да болмайды. Тек біз қалай қарызбыз, кімге және қанша қарызбыз. Осыны біліп алсаңыздар, артық етпейді. Қазақстанда «сыртқы қарыз» және «мемлекеттік борыш» деген екі ұғым бар. Мемлекет те, халық та тек осы мемлекеттік борышқа жауап береді. Біздің нақты қарызымыз сол. Сондықтан «әр азамат шетелге 8 мың доллардан қарыз» деген желідегі жазбалар шындыққа жанаспайды. Жалпы, осы ұғымды тереңдетіп түсіндіре кету керек.

Сыртқы қарыз

«Сыртқы қарыз» деген ұғымға елімізге кірген барлық инвестициялар, фирмааралық ақша қатынастары, біздегі шетелдік компаниялар бас кеңселерінің Қазақстандағы филиалдарына жіберген қаржысы, үкімет пен квазимемлекеттік компаниялар алған қарыз - осының барлығы кіреді. Ол біз – мемлекет пен халық қарыз дегенді білдіре ме? Әлбетте жоқ. Біз тек оның ішіндегі мемлекеттік қарыз дегенге жауап береміз. Ал қалғанына қорықпай-ақ қойса болады. 

Біз бәленбай миллиард доллар инвестиция тартуымыз керек деп айтамыз. Сол тартылған инвестициялар да сыртқы қарыз статистикасына енеді. Сондықтан инвестиция келгеніне қуанып, сыртқы қарыз тиісінше өскенде қайғыру бір-біріне кереғар дүние. Мүмкін сыртқы қарыз көлемі инвестиция өскендіктен көбейіп бара жатқан шығар?

2023 жылдың 1 шілдесіне қарағанда, біздің сыртқы қарызымыз 161,8 миллиард доллар болды. Оның 131,8 миллиарды жеке компаниялар мен фирмаларға, инвестицияларға тиісілі. Тек 30 миллиард доллардың ішінде сіз бен бізге қатысты қарыздар бар. 

Осы 30 миллиард доллар мемлекеттің қатысы бар сыртқы қарыздарға жатады. Ол да ішінен бірнеше жікке бөлінеді. Оның ішінен Үкімет алған сыртқы қарыз - 14,7 миллиард доллар, мемлекетке қарасты банктер мен қаржылық ұйымдардың сыртқы қарызы - 15,3 миллиард доллар.

Бір қызығы, қарыз тек сыртқы қарыздан құралмайды. Үкімет алған ішкі қарыз да бар. Осы Үкімет алған ішкі, сыртқы қарыздар қосылып, ол Мемлекеттік борыш деп аталады.

Мемлекеттік борыш

2023 жылдың 1 шілдесінде мемлекеттік борыш көлемі 28,5 триллион теңгені құрады. Біздің ішкі жалпы өніміміз 118,3 триллион теңге деп есептесек, борыш ІЖӨ-нің 24,1 пайызын құрайды. Әлемдегі методика бойынша бұл қауіпсіз деп есептеледі. Ал біздің Бюджеттік Кодекс бойынша Мемлекеттік қарыз деңгейі ішкі жалпы өнімнің 30 пайызынан асып кетпеуі тиіс.

Осы 28,5 триллион теңгенің ішінен 7,5 триллион теңгесі ғана сыртқы қарыз. Ал қалғанының барлығы ішкі қарыз болып есептеледі. Ішкі қарыз біз үшін қауіпсіз. Себебі ол теңгемен берілген. Үкімет алған ішкі қарыз 17 триллион теңгеге жетті. Ішкі қарызды Қаржы министрлігі Қазақстан қор биржасына мемлекеттік құнды қағаздар, яғни Қаржымин облигацияларын орналастыру арқылы алады. 

Мемлекеттік облигацияларды нарық ойыншылары, банктер, сақтандыру компаниялары алып отырады. Себебі, оның қайтуына 100% кепілдік берілген және кірістілігі өте жақсы. Облигациялар арқылы алған қарызды Үкімет бюджет дефицитін жабуға жұмсайды. Әрі, осы құрал арқылы мемлекеттік құнды қағаздар нарығының дамуына көмектеседі.

Қалған ішкі қарыздарды өз ноталарын аукционда сататын Ұлттық Банк пен облигацияларын нарыққа шығаратын жергілікті әкімдіктер алған. 

Сыртқы қарыз туралы және біздің негізгі бақылауымыз тиіс нәрсе - мемлекеттік борыш екенін түсінген кезде, «біз шетелге басыбайлы қарызбыз» деген  алып-қашпа әңгімелерге көп сене бермейтін боласыз.

Онымен қатар, арагідік сыртқы қарыз статистикасын қарап отыруға кеңес берер едім.  Ол ақпарат Ұлттық банк сайтында үнемі жаңарып отырады.

Авторы Айбар Олжай

Серіктес жаңалықтары