×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

2019 жылы несиесін мемлекет кешірген азаматтар жаңа несиелерін төлей алмай жатыр

06.03.2024, 14:31
2019 жылы несиесін мемлекет кешірген азаматтар жаңа несиелерін төлей алмай жатыр
Коллаж: ulysmedia.kz.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мемлекет 2019 жылы қарызын кешірген қазақстандықтар жаңа несиелерді алып, төлей алмай жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мәжіліс кулуарында журналистер агенттік басшысынан 2019 жылы несие рақымшылығына ілінген қанша қазақстандық жаңадан қарыз алғанын сұраған. 

Мәдина Әбілқасымова ведомствода жағдайды талдап, көңіл көншітпейтін қорытындыға келгенін айтты.

– Өкінішке қарай, 2019 жылы несие рақымшылығына ілінген қарыз алушылардың көбінде тағы да несиелер бар. Олардың кейбіреулері қайтадан проблемалық несиелерін төлей алмай отыр. Бұл азаматтардың төлем өзінің қабілеттілігін дұрыс бағалау мәселесі, - дейді ол.

Әбілқасымова азаматтардың қайтадан несие алуға құқығы бар екенін, алайда олардың бір бөлігі қайтадан қарызын өтей алмай жатқанын атап өтті. 

2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 8,5 млн қазақстандықтың қаржы ұйымдары алдында 19 трлн теңге сомаға берешегі бар. Оның ішінде 8,2 млн азаматтың кепілсіз тұтыну кредиті бойынша 10 трлн теңге сомаға берешегі бар. Бұл ретте 1,6 млн азаматтың 1,7 трлн теңгеге проблемалық кредиті жинақталып қалған.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда несие беру кезінде тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша заң жобасын мақұлдаған.

Проблемалық қарыздары бар азаматтардың борыш жүктемесінің өсуіне жол бермес үшін 90 күннен артық төленбеген кредиттер бойынша мерзімі өткен жағдайда азаматтарға кепілсіз тұтынушылық кредит беруге тыйым салынады.

Бұдан басқа, банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін барлық қолданыстағы (өтелмеген) тұтынушылық кредиттер бойынша 90 күн өткеннен кейін сыйақы есептеуге тыйым салынады.