×
480.55
533.75
5.36
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
480.55
533.75
5.36

Ұлттық қордан қаражатты қарпып көп ала беруге болмайды – Сүлейменов

13.06.2024, 11:02
Коллаж: ulysmedia.kz.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Ұлттық қорға қаражат жинау және оның капиталын жұмсау бағытында көзқарасын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сүлейменов не дейді

– Ұлттық қордың түсімін орта мерзімді деңгейде 4-4,5 пайыз деңгейінде көбейткіміз келеді. Қазіргі сома 2000 жылдардан бері жинақталып келеді. Сондықтан, оның түсімін кемі 1-1,5 пайыз деңгейінде өсірсек дейміз. Әлбетте, қараймыз. Кепілдік беру қиын. Десе де, бұл Ұлттық банктің негізгі міндеттерінің бірі. Оның үстіне “Ұлттық қор – балаларға” жобасы басталғандықтан, халық жиналған қаражатының жата бермей, инвестицииялық түсім әкелуін талап етеді, – дейді Тимур Сүлейменов.

Ұлттық банк басшысы Үкімет қордан ақша беретін болса, оны” басқаратын да түк қалмайтынын” атап өтті. “Егер Ұлттық қорға қаражатты аз аударып, қарпып ала берсек, қанша басқарсақ та, жоғары нәтиже көрсету бізге қиын болады” деді. Айтуынша, инвестициялық саясат ойлы әрі  мығым болуы керек. 

– Біз бұл бағытта Үкіметпен тығыз жұмысты ретке келтірдік. Түсінік бар. Салық кодексінде салық түсімін реттеп, Ұлттық қордың қаражатын барынша минимум деңгейінде пайдалану мәселесін ойластыруымыз керек. Әйтпегенде, 2030 жылы қор қаражатын 100 млрд долларға жеткізе алмаймыз, – деді Тимур Сүлеменов.

Жалпы сауда – 5 млрд доллар

Ұлттық банктің хабарлауынша, мамыр айының қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1,2%-ға, яғни 1 АҚШ доллары үшін 447,25 теңгеге дейін әлсіреді. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 234 млн АҚШ долларынан 251 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 5 млрд АҚШ долларын құрады. Сондай-ақ Ұлттық қордың активтері 60 млрд долларға дейін өсті.

"Былтыр 6,2 млрд доллар мөлшерінде немесе жылдық 11,4% рекордтық инвестициялық табыс таптық. Алтын-валюта резервтері 1 млрд долларға жуық өсіп, 36 млрд долларды құрады. Ұлттық Банктің басқаруындағы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері 17,8 трлн теңгеге дейін 3,2 трлн теңгеге ұлғайды. Инвестициялық кіріс көлемі 1,6 трлн теңгені құрап, бір жылда 76%-ке  немесе 690  млрд теңгеге өсті. Өткен жылы зейнетақы активтерінің кірістілігі 10,1%  деңгейінде қалыптасты", - деді ол.

Ұлттық қордан мамырда қанша ақша алынды

Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін мамырда 800 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 16%-ын және күніне 40 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерді құрады. Ұлттық банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықтағы бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын біркелкі қалыпта сатуды білдіреді. Мұндай тәжірибе Ұлттық қордағы операциялардың валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Интервенция жүргізілген жоқ

Ұлттық банк мамырда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру мақсатында биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жалғастырды. Оның жалпы сомасы 500 млн АҚШ долларын немесе нарықтың жалпы көлемінің шамамен 10%-ын құрады. Ұлттық банк мамырда валюталық интервенция жүргізбеген.

Ұлттық қордан маусымда қанша ақша алынады

Республикалық бюджетке трансферттер бөлуге Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша 2024 жылғы маусымда Ұлттық Банк Ұлттық қордан 350 млн АҚШ долларынан 450 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылуын күтеді.

БЖЗҚ

2024 жылғы маусымда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін 250 млн АҚШ долларынан 350 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатып алу көзделген.

– Ұлттық банк ашықтық қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін барлық операция туралы ақпаратты толық ашып көрсетеді. Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады, – деп хабарлайды Ұлттық банк.

ҰБ теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстана беретінін хабарлайды.

Серіктес жаңалықтары