×
487.37
532.94
5.09
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
487.37
532.94
5.09

Ақша жетпейді: Үкімет неге тағы Ұлттық қорға үңіліп отыр

13.09.2024, 17:29
Ақша жетпейді: Үкімет неге тағы Ұлттық қорға үңіліп отыр
Коллаж Ulysmedia.kzс

Қазақстанның қаржыгерлері бюджет кірісіне шамамен 3 трлн теңге жетпей тұрғанына алаңдайды. Бұған олар метал түрлері мен мұнай бағасының төмендеуі себеп дейді. Қазынаның қажеттігін жабу үшін Үкімет Ұлттық қордан биыл нысаналы трансфертті тағы ұлғайтады. Жақын күндері нақты қанша алатынын жариялайды. Ulysmedia.kz бұл жолы бюджет дегенде неліктен жылдағы жыр қайталана беретінін зерттеп көрді.

Бюджетке неге тағы ақша жетпей қалды  

Қазақстан бюджетінің жыл сайын қайталанатын басты проблемаларының бірі – шығындардың кірістерден едәуір асып түсе беретіні. Дәстүр бойынша бұл мәселе оңай шешілетін: кабмин Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт алады да, мақсатты трансферт деп тағы алады. Егер бұл қаражаат жеткіліксіз болса, ішкі нарықта, әдетте банктерден, БЖЗҚ-дан және Ұлттық банктің басқаруындағы басқа да қорлардан қарызға сұрайды. Кейде сыртқы нарықтардағы валюталық несиелерге жүгінуге тура келеді. 

Бірақ жағдай биыл бақылаудан шығып бара жатқан сияқты: қазан айы жақындап қалды, ал республикалық бюджет кірісіне шамамен 3 трлн теңге жетпейді! Бұл дегеніміз, ЖІӨ-нің 2,6% немесе 3,5 трлн теңге деңгейінде анықталған бюджеттің болжамды тапшылығынан басқа, тағы сонша сома керек деген сөз. 

– Қазір бюджет кірісінің орындалмаған сомасы шамамен 3 трлн теңге, - деп мәлімдеді Мәжіліс кулуарында Қазақстан Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин. 

Әмриннен бұрын Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың өзі де қазынаның табысы төмендеп кеткеніне қынжылғаны бар еді.

– Биыл республикалық табыс, өкінішке қарай, төмендеді. Біз қазір динамиканы көріп отырмыз, - деп атап өтті Байбазаров.

Мұның себебі неде? Шенеуніктер металдар мен мұнай бағасының төмендеуінен деп есептейді. 

– Металдардың бағасы – мыс, алюминий, мырыш төмендеп барады, мұнай бағасы да. Әрине, республикалық бюджеттің барлық кірісі осыған байланысты, ақшаның да жетпей жатқаны содан, - деп түсіндірді Әмрин. 

Экс-премьер Смайыловтың қатысы қанша 

Елдің негізгі экспорттық шикізатының бағасы түсіп бара жатқанда, елдің бұрынғы премьер-министрі – қазіргі жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов та отқа май құйған сияқты. Қалай дейсіз бе? 

Оқырманның есіне шағын оқиғаны салайық. Қазіргі премьер-министр Олжас Бектенов үкімет тізгінін ұстаған кезде алғашқы отырыстардың бірінде ол өз кабинетін бұрын басқарған басшының кемшілігін атап көрсеткен еді. 

Белгілі болғаны, Смайыловтың кабинеті 2023 жылғы бюджеттің кіріс бөлігін 2024 жылғы салықтар есебінен қамтамасыз етіп, бизнесмендерге шамамен 600 млрд теңгенің қосымша құн салығын қайтармаған көрінеді.

Соның салдарынан биыл Ұлттық экономика министрінің айтуынша, бизнесмендерге 1,6 трлн теңге көлемінде ҚҚС қайтаруға тура келген. Оның 1 трлн теңгесі– 2024 жылға ҚҚС болса, 600 млрд теңгесі – былтырғы қарыз.

Көмекке әдеттегідей Ұлттық қор келеді 

Мәселе ашық айтылды. Бұрын мұндайды жасыруға тырысатын шенеуніктер мәселені журналистер мен депутаттарға ашық айта бастады. "Енді не істейміз" деген сұраққа олар Ұлттық қорды меңзейді. 

Ұлттық экономика министрі Байбазаров, одан кейін оның орынбасары – Әмрин Үкімет жақын арада Ұлттық қордан биылға берілетін нысаналы трансфертті ұлғайтуға өтініш білдіретінін растады. 

– Қаржы министрлігі қазір жыл соңына дейін қанша ақша жетіспейтінін, қанша салық жинайтынымызды, күтілетін түсімдерді есептейді. Бұл айырмашылық және Ұлттық қордан қосымша алынатын нысаналы трансферт болады, - деді Әмрин. 

Ол биыл Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт ретінде - 2 трлн теңге, нысаналы трансферт ретінде - 1,6 трлн теңге алынғанын еске салды.

Министрлер кабинеті нақты қандай соманы сұрайтыны айдың соңында белгілі болады. Вице-министр Әмрин барынша 1,5-2 трлн теңге болуы мүмкін деп болжайды.

Байбазаровтың айтуынша, 2026-2027 жылдарға бюджетті қалыптастыру кезінде жыл сайын 2 трлн көлемінде кепілдендірілген трансферттер ғана Ұлттық қордан алынады. Нысаналы трансферттер алынбайды-мыс. Мұны да бірақ уақыт көрсетеді...