Қазақстан республикалық бюджеттің тапшылығын жабу үшін шетелдік үш банктен 600 млрд теңге қарыз алады. Осы қарызды алдағы 10-15 жылдың ішінде Қазақстан республикалық бюджет есебінен өтеуі керек. Қарыз туралы заң жобаларын бүгін Сенат мақұлдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАРЫЗДАР ЖАЙЛЫ
Қазақстан Азия Даму банкінен – 52,3 млрд жапондық йен (15 жылда өтеуі керек), Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен – 52,7 млрд йен, сондай-ақ Халықаралық қайта құру және даму банкінен 84,9 млрд йен (2034 жылы 15 қыркүйекке дейін төлеп бітуі керек) тартады. Жалпы сомасы 190 млрд йен. Теңгеге шаққанда ол – 600 млрд теңге.
Бұл қарыздар бюджет тапшылығына байланысты алынып отыр. Жыл бойы Қазақстан бюджетінде 3,6 трлн теңге тапшылық болса, 600 млрд теңге сыртқы нарықтан алынады. Мәселен, Азия Даму банкінен алынған 160 млрд теңгені Қазақстан 168 млрд теңге етіп қайтарады.
Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейілдің айтуынша, бюджет заңнамасына сәйкес, қарызды республикалық бюджет есебінен жабу көзделген.
Үш банктен қарызды алу жөніндегі заң жобаларын Сенат депутаттары ратификциялады.
ӘШІМБАЕВ НЕ ДЕЙДІ
– Алдағы уақытта бұл заңдар еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына және негізгі стратегиялық басымдықтарына одан ары іске асыруына өз септігін тигізеді деп сенеміз, – деді Әшімбаев.
Қарыздар туралы тиісті заң жобалары өткен айда мәжілісте қаралған еді. Депутаттар Үкіметтің қарыз алуға әуестеніп кеткенін сипай сынағанымен, түсінетінін айтып, құжаттарды қабылдаған.