×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Ұлттық қордағы қаражат қайда жұмсалды: трансферттер тарихына шолу

29.09.2021, 13:00
Ұлттық қордағы қаражат қайда жұмсалды: трансферттер тарихына шолу
Фото: inbussines

Экономистердің кейбірі Ұлттық қордағы қаражаттың есепсіз жұмсалып жатқанын айтып, дабыл қағып жүр. Ал бюджет жетіспеушілігін жабу мәселесі алдағы жылдары ел билігі үшін едәуір қатаң емтиханға айналатын сыңайлы. Бұл тығырықтан шығудың жолдары қандай? Ulysmedia.kz тілшісі осы сұрақты сарапшыларға қойып, Ұлттық қордың тарихын шолып көрді.

ҰЛТТЫҚ ҚОРҒА ҚАРАЖАТ ҚАЛАЙ ЖИНАЛДЫ

Қазақстан билігі 2000 жылы мұнайлы елдер қатарындағы Норвегия мен Сауд Арабиясының үлгісімен Ұлттық қорды құрды. Оған екі функция жүктелді: біріншісі – жинақтау (шикізат секторындағы табыстың бір бөлігін болашақ ұрпақтың игілігіне жинау), екіншісі – тұрақтандыру (дағдарыстар туындаған жағдайда).

Ашық дереккөздерде (Қаржы министрлігінің ресми сайты мен Ашық үкімет порталында) осы қорға 2001 жылдан бері қанша қаражат жиналғаны туралы мәлімет келтірілген.

Кестеден көріп отырғаныңыздай, мұнай бағасы қымбаттаған 2014-2015 жылдары Ұлттық қорға түсімнің де көп болғанын байқауға болады. Ал мұнай бағасы арзандаған кезде тиісінше түсім де азайған. Әйтсе де мұнайға сенім арта берудің салдары қандай болуы мүмкін?

Әлемдегі аналитикалық агенттіктердің, инвестициялық банктер мен мұнай-газ компанияларының зерттеуінше, мұнайға деген сұраныстың шарықтау шегі 2030 жылы, тіпті одан да ерте келуі ықтимал. Мәселен, Equinor (Норвегиядағы ірі мұнай компаниясы) бұл мерзімнің 2027-2028 жылдары келетінін болжаса, British Petroleum (штаб-пәтері Лондонда орналасқан трансұлттық мұнай компаниясы) тұспалдауынша, 2050 жылға қарай мұнайға сұраныс қазіргіден екі есе төмендейді.

Бұл болжамдарды ескерсек, Қазақстанның мұнай экспортынан алып отырған табысы уақыт жағынан шектеулі екенін көреміз. Ел экономикасы мұнай секторына берік байланған. Яғни жаһандық деңгейдегі мұндай өзгерістер ел дамуын алдағы жылдары едәуір стагнацияға ұрындыруы мүмкін. Сол себепті мамандардың айтуынша, табиғи ресурстарға қазірден бастап мерзімі шектеулі актив ретінде қарау керек.

ҰЛТТЫҚ ҚОР ҚАЛАЙ ЖҰМСАЛДЫ

2008 жылға дейін Ұлттық қордан бюджетке ешқандай қаражат аударылмаған. 2008 жылы АҚШ-та басталған қаржылық дағдарыс бүкіл әлемге әсер етті де, әлемдік жалпы ішкі өнім Екінші дүниежүзілік соғыстан бері алғаш рет теріс динамиканы көрсетті. Дәл сол жылдан бастап доллар бағамы 120 теңге кезінде ел билігі дағдарысқа қарсы шараларға жұмылдыру үшін 1 трлн 207,5 млрд теңге (10 млрд доллар) аударды. Яғни сол кезден бастап қор өзінің «қауіпсіздік жастықшасы» міндетін орындай бастады. Әйтсе де сол кезден бастап экономистер Ұлттық қордың шығындалуын ашық сынай бастаған еді.

Forbes.kz ақпарат көзінің мәліметіне сәйкес, 2008-2014 жылдар аралығында Қазақстан экономикасына кепілдендірілген және нысаналы трансферттер ретінде әртүрлі жолдармен 59,5 млрд доллар құйылған. Сол тұста үкімет «оңай» ақшаға бой үйрете бастаса керек. 2014 жылы кезекті девальвациядан кейін бюджетке тағы 1 трлн теңге аудару туралы шешім қабылданды.

Ұлттық қор 2017 жылы өткен EXPO көрмесінің инфрақұрылымдық нысандарын көтеруге «атсалысты». Сол тұста экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев 2014 жылы бұл мақсатқа Ұлттық қордан 150 млрд теңге бөлінетінін хабарлаған болатын.

Коронавирус пандемиясы ел үкіметін Ұлттық қордан алынатын трансферттер мөлшері бірнеше рет қарауға мәжбүр етті: атап айтқанда, 2019 жылдың желтоқсанында трансферттер көлемі 2,7 трлн теңгемен бекітілген. Алайда 2020 жылдың наурызында Дәурен Абаев трансферттер көлемі тағы 1,8 трлн теңгеге артатынын мәлім етті. Ал былтыр 8 сәуірде президенттің жарғысымен «Ұлттық қордан алынатын трансферт мөлшері 4,77 трлн теңгемен» бекітілді.

ҰЛТТЫҚ ҚОРҒА «ҚОЛ СҰҒАТЫН ҚУЫС-ТЕСІК» КӨП

AERC аға аналитигі Евгения Пактың зерттеуі бойынша Ұлттық қордың қаражатын пайдаланудың қазіргі тенденциясы едәуір алаңдатады. Ондағы қаражатты қалыптастыру мен пайдалану ережелерінің болғанына қарамастан, бұл ережелерді айналып өтетін «қуыс-тесіктер», яғни қордың ақшасын жүйесіз пайдалануға мүмкіндік беретін жолдар баршылық. Сөзсіз, дербес қордың қаражатын пайдалану ережесі «жұмсақ» та болуы керек. Себебі бұл «жұмсақтық» болмаса сол ережелерді қайта қарау және бұзу жағдайлары жиі кездеседі. Мәселен, Ресейде солай. Бірақ бұл «жұмсақтықтың» өзі сол ережелердің жоқ екенін тағы білдірмейді.

«Ұлттық қорды пайдаланудың жалпы ережелерінің болғанына қарамастан, трансферттерді бөлу тетіктеріне байланысты едәуір кемшіліктер бар. Қазір кепілдендірілген трансферт республикалық бюджеттің қосымша табыс көздеріне қажеттілігін көрсететін қандай да бір экономикалық көрсеткішке байланбаған. Трансферттердің мөлшері көбінесе республикалық бюджет туралы заңда бірнеше жыл бұрын бекітіліп қояды. Бюджетті талқылау барысында осынау жоспарлы көрсеткіш өзгергенімен, бұл тетіктің трансферт көлемі туралы заңмен бекітілген бюджеттің нақты қажеттілігін түсіндіріп бере алмайды. Оған қоса ерекше жағдайда ел президенті Ұлттық қордың қаражатын мемлекет бюджетіне нысаналы трансферт ретінде аудару немесе бұрын заңмен бекітілген кепілдендірілген бюджеттің көлемін арттыру жөнінде қосымша жарғы шығаруы мүмкін», - дейді сарапшы.

Евгения Пак сөзсіз, мемлекеттік шығындардың өсуі, яғни онымен бірге Ұлттық қордан трансферттің артуын коронавирус пандемиясымен түсіндіруге болатынын айтады. Әйтсе де бұл фактор Ұлттық қорды пайдалану проблемасын азайтпайды, керісінше, Ұлттық қормен жұмыс жүргізу тетіктерін одан ары жетілдіру қажеттігін туғызады.

КӨЛЕҢКЕЛІ ЭКОНОМИКАМЕН КҮРЕСУ КЕРЕК

Экономист Арыстанбек Қайырбеков болса, 2020-2021 жылдарда Ұлттық қорды пайдалану үдерісін бір жағынан түсіністікпен қарау керектігін айтады. Өйткені пандемияға байланысты елде экономика -2,6 пайызға төмендеген. Сол себепті халық денсаулығы, бизнеске көмек үшін және тағы басқа мәселелерді шешу мақсатында Ұлттық қор кеңінен пайдаланылған.

«Жалпы парадокс бар: көлеңкелі экономиканың үлес салмағы жалпы ішкі өнімнің 25-30 пайызына дейінгі үлесін құрап отыр. Демек, көлеңкелі экономикадан тиісті салықтар алынбай жатыр деген сөз. Сондықтан меніңше, Қазақстан Ұлттық қорды жаппай пайдалануды қойып, оны азайтпай, керісінше көлеңкелі экономикамен күресуі керек. Ұлттық қордан алынатын қаражат көлеңкелі экономикада жатыр. Сол себепті үкімет жауапты экономикалық саясатты әзірлеуі тиіс. Жауапты бюджеттік саясат пен жауапты салықтық саясатты жүргізу керек», - дейді экономист.