×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қазақстанда бір донордың шәуіті 10 баланы табуға қолданылады

02.08.2024, 09:00
Қазақстанда бір донордың шәуіті 10 баланы табуға қолданылады
Коллаж: ulysmedia.kz.

Досының өтінішімен шәуітін тапсырып, донор болған Павел Дуровтың жүзден астам баланың биологиялық әкесі болып шыққаны жақында жарияланған еді. Бұл бағытта Қазақстанда ахуал қандай екенін білу үшін Ulysmedia.kz тілшісі «Экомед» медициналық орталығының репродуктология бөлімінің бастығы, дәрігер-репродуктолог Ботагөз Төлетованы сөзге тартып көрді. Маман ЭКО-ға жүгінетін әйелдерге сынама тапсыратын азаматтың туған өңірі, жасы, сипаты, бала кездегі суреті мен жазуы, руына дейін көрсетілетінін айтады.

МАМАН НЕ ДЕЙДІ

Дәрігер-репродуктолог Ботагөл Төлетованың айтуынша, қазір бала таптыру бағдарламаларына жүгінетіндер жыл сайын азайып келе жатқан көрінеді. Себебі қазір технологиялар жетіліп, белсіздікке ұшыраған енектің микробиопсиясынан бастап ер адамдарды емдеу технологиялары дамып кеткен. Сапасыз шәуіт болса да, өз биологиялық материалымен бала таптыруға қазір мүмкіндік көп дейді ол.

ШӘУІТ-ДОНОРЛАРЫ ЕКІГЕ БӨЛІНЕДІ

Маманның айтуынша, шәуіт донорлары екіге бөлінеді. Бірі – жеке донорлары, екіншісі штатты донорлар. Жеке донорлық дегеніміз – белсіздікке ұшыраған еркектің бауыры немесе ағасынан алынатын материал. Жеке донордың шәуіті тек өздері жүгінген ерлі-зайыптыларға қолданылады. 

ДОНОРЛАР ЖІТІ ТЕКСЕРУДЕН ӨТЕДІ

Штаттық донорлар белгілі бір іріктеуден өтеді. Атап айтқанда, шәуітін тапсыратын азаматтардың жасы 18-35 жас аралығында болуы керек. Писхикалық және физикалық денсаулығы дұрыс болуы да басты талап. Бекітілген бұйрықта олардың денсаулығы қандай болуы керектігі нақты жазылған. Криотолеранттығы (жасушаларының мұзтатуға шыдамдылығы) жіті тексеруден өтеді. Яғни, шәуіт мұздатылғанға дейін де, кейін де сапалы болып қалуы керек.

«Ең бастысы, карантин. Алты айлық карантин міндетті. Ол қалай? Ер адам донор болар алдында тексерулердің бәрінен өтеді. Үш ай бойы ол тапсырған шәуіт мұздатылады. Үш айдан кейін ол бұл анализді қайталайды. Тағы үш айдан тағы қайталайды. Алты айдың қорытындысы бойынша анализі дұрыс шықпаса, шәуіттің мұздатылған нұсқасы бұзылған болса, аса қауіпті инфекциялардың тарауына жол бермес үшін тоқтатылады. Себебі инкубациялық кезең бар», - дейді Ботагөл Төлетова.

ЕРКЕКТІҢ БАЛА КЕЗДЕГІ ФОТОСЫ МЕН РУЫ

Маманның айтуынша, штаттық донорлардың шәуітін көбінесе жалғызбасты әйелдер қолданады.

«Әйелдердің талабы қандай десек, олардың талабы – сау баланы дүниеге әкелу. Бізде анкеталар көрсетіледі. Донорлық шәуіт құпия болып саналады. Ер адамның бала кездегі суреттері көрсетіледі. Кей кезде жазған жазуы да. Сонымен бірге, біздің менталитетке сәйкес, шәуіт тапсырған еркектің руы мен шыққан өңірін жазамыз», - дейді ол.

Қазақстанда 2021 жылы «Аңсаған сәби» бағдарламасы бар. Ол бағдарлама шеңберінде жылына 7 мың квотаға дейін беріледі. Ерлі-зайыптыларға мемлекет міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі шеңберінде ЭКО қызметін тегін ұсынады.

– Ал ақылы бағдарламалар жөнінде айтар болсақ, бұл бағдарламалар 1,5 млн теңге мен 2 млн теңге аралығында болуы мүмкін. Мұның ішіне препараттар да, ЭКО-бағдарламалар, стимауляция бәрі кіреді. Сонымен бірге, бұл бағдарламалар шеңберінде мұздатылған эмбриондар қалады. Эмбриондарды көшіру болғаннан кейін ол арзан – 300 мың теңгеге дейін болады, – дейді ол.

ДОНОРЛАРҒА ҚАНША ТӨЛЕНЕДІ

Шәуіт тапсырған донорларға бір сынама үшін 50-70 мың теңге аралығында ақша төленеді. Ақша екі траншпен беріледі. Бірінші ретінде материалды өткізген кезде, екінші рет карантиннен шыққан кезде төленеді.

– Шәуіт-донорлығына ниет білдіретін азаматтар өте аз. Мүмкін ол біздің менталитетке байланысты шығар. Жалпы талап жоғары. 50 адамның ішінде тек екі немесе үш адам донор ретінде талапқа сай келеді, – дейді маман.

Қазақстанда бір донордың шәуіті 10 баланы табуға қолданылады. Донорлық ақылы да, ақысыз да, аты-жөнін жасырып та, жасырмай да көрсетіле береді. Қазіргі уақытта елде бүкіл ЭКО-клиникалар бірігіп, шәуіт-донорларының бірыңғай тізімін жасап жатыр.