×
521.6
534.27
5.25
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
521.6
534.27
5.25

«Істі қарамағанына ішім ашыды»: қазақ студентін Түркияда полиция бекеті алдында тонап кеткен

Бүгін, 08:16
«Істі қарамағанына ішім ашыды»: қазақ студентін Түркияда полиция бекеті алдында тонап кеткен
Ulysmedia коллажы

Түркияда оқитын қазақ студенті Ыстамбұлдың бірнеше жігіті өзін қалай тонап кеткенін айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Айқын Байтұрғанов 2006 жылы туған. Жетісу облысы Талдықорған қаласының тумасы. Түркияның Тартария қаласындағы Тартар университетінде физиотерапия және реабилитация мамандығында оқиды.

ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛДЫ

Оқиға 1 ақпан күні болған. Қазақстанға жеткізу үшін анасы билет алып қойған соң, үй ішіне сыйлық алып алайын деп Айқын Ыстамбұлға барған. Тартариядан Ыстамбұл қаласына дейін бір сағаттық жол. Барғанда достарымен жолыққан. Қала үлкен болғандықтан мейрамханадан қонақ үйге дейін жаяу шыққан.

Жолда біреу мені ұстап алып, «сен қайдан келдің, көзің сығыр екен, кәріссің бе?» деді. Мен оларға «қазақпын» деп айтып болғанша қалтамдағы телефонды қағып алыпты. «Бер» деп айттым. Арғы жақтан әлгі жігітке бір үлкендеу кісі «телефонын қайтар!» деп дауыстаған соң анау қорқып қайтарып берді. Қонақ үйге жақындап қалған кезде алты жігіт артымнан аңдып келген екен. Үйге кірмек болды, сөмкемді, ақшамды сұрады. Ішіндегінің біреуісінің түрі таныс болып шықты. «Сен әлгі телефон ұрламақ болған баласың ба?» деп сұрайын дегенім сол еді, жан-жақтан қаумалап, ұрып соға бастады. Біреуі «пышақ алып шық» дегеннен кейін сөмкені қорыққанымнан жібере салдым, - дейді ол.

ПОЛИЦИЯ ШЕТЕЛ АЗАМАТТАРЫНА КӨМЕК БЕРМЕЙДІ

Айқын бұл жағдайда ең қиыны – жергілікті полицияның іске назар аудармағанында дейді. Бәрінен бұрын соған наразы.

Менің наразылығым ұрланған телефон, не болмаса 300 мың теңгедей ақшада емес. Дүние ғой, табылады. Бұл оқиға полиция қызметкерлері бекетінің дәл алдында болды! Сол жердегі қызметкерлердің шетел азаматтарына көмек бермегеніне ішім ашыды. Анам екеуіміз бейнематериал түсіріп, арыз жазып, біздің консулдар барғанда ғана олар әрекетке көшті, - дейді ол.

КОНСУЛДАР ҮШ РЕТ САНДАЛТТЫ

Айқын Байтұрғанов Қазақстанның консулдарына жүгінген.

Біздің консулдарға көмек сұрап үш рет бардым. Әуелгі де, түрік тілін білмеген жағдайда ғана келе аламыз деді. Ресми өтініммен хабарласуды сұрады, телефон жоқ болғандықтан оның мүмкін еместігін айттым. Күте тұруды сұраған соң ұйықтап қалыппын, оятып «ертең кел» деді. Ештеңе шықпаған соң анама айттым, ол кісі видео түсірген соң барып олар қимылдай бастады. Арыз жазып төрт сағат отырдық, - дейді ол.

ҚР СІМ НЕ ДЕДІ

Ulysmedia.kz. тілшісі күні кеше сыртқы істер министрлігінен бұл жайтқа қатысты жауап беруін сұрады. Ведомство мәліметінше, Айқынның анасы Қарақат Байтұрғановамен бас консулдық байланысқа шығып, істің алға жылжуына көмектескен.