×
447.4
477.55
4.76
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
447.4
477.55
4.76

«Мемлекетті кімге тастап кетеміз»: Депутаттар шетел асқан жастар жайлы не дейді

05.04.2023, 12:28
Коллаж: ulysmedia.kz.

Қазақстан жастардың біршама бөлігі шет елдерге барып жұмыс істегісі келеді. Алайда барғысы келетін мемлекеттің Қазақстанмен келісімшарты болмағандықтан, сол елде заңсыз жүруге мәжбүр. Бұл мәселе жөнінде не ойлайтынын Ulysmedia.kz тілшісі депутаттардан сұрап көрді.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын Оңтүстік Кореяның Инчхон әуежайынан Қазақстанның екі азаматы қашып шығып, кейін біруі ұсталып, екіншісі өз еркімен берілген болатын. Келтірілген ақпаратқа сүйенсек, екі азамат қашып, қалаға кіріп, сол жақта заңсыз мигрант ретінде жұмыс істемек болған.

Қазір екеуі де Оңтүстік Кореяда қамауда отыр.

Осы жағдай ел ішінде едәуір қызу талқыға түсті. Бірі екеуін кінәласа, екіншілері олардың жайдан-жай жүрмегенін, күнкөрістің қамымен осы қадамға барғанын жазады. Үшінші тарап Өзбекстан мен Оңтүстік Кореяның арасындағы үкіметаралық келісімді мысал ете келе кез келген өзбек азаматы сол елге бара алатынын, еңбек визасы бойынша жұмыс істей алатынын атап өтеді. Ал Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында мұндай келісім болмағандықтан, қазақстандықтар турист ретінде барып, қалып қоюға тырысады.

Қазақстан Оңтүстік Кореямен үкіметаралық келісімге келіп, еңбек визасы ашылуы керек пе? Ulysmedia.kz тілшісі осы сұрақты депутаттарға қойып көрді.

ЕҢБЕК ВИЗАСЫ ЖАСАЛУЫ ТИІС

Депутат Дәулет Мұқаев бұл мәселеден хабардар екенін айтады. Жастардан әлеуметтік желі арқылы осы сұрақ өзіне көптеп келіп жатқанын атап өтеді.

«Өкінішке қарай, біздің елден жастар көптеп кетіп жатыр. Әсіресе, Оңтүстік Корея, Еуропа елдеріне немесе АҚШ-қа. Мәселен, өзімнің жеке позициям – ондай мүмкіндіктер болған жақсы. Бізде өкінішке қарай адамның еңбегі бағаланбай жатады. Орташа айлықтың өзі Ұлттық экономика министрлігі айтқандай емес, шын мәнінде 140-150 мың теңгенің ғана маңайында. Әрине, бұл мәселені оң шешу керек», - дейді ол.

Дәулет Мұқаев «қандай да бір азамат шетелге шықса, ұлттың айнасы болатынын» атап өтеді.

«Корея билігі тарапынан қазақтарға, Қазақстанға деген көзқарасы өзгеруі мүмкін. Маған «бізді енді мұнда жұмысқа алмай жатыр немесе қуып жатыр» деген де хаттар келеді. Уақыт өте келе шешілетін мәселе деп ойлаймын. Жеке позициям – еңбек визасы жасалуы тиіс», - дейді ол.

МЕНІҢ ДЕ ТАНЫСТАРЫМ ЖҮР

Ал депутат Максим Рожин таяу арада визаларға қатысты Сыртқы істер министрлігімен кеңейтілген отырыс өтетінін атап өтеді.

«Мен бұл екі азаматтың тағдырынан хабардармын. Негізі өте ауыр жағдай. СІМ назар аударуы керек. Болашақта мұндай бастаманың (еңбек визасын ашудың) болғаны өте дұрыс нәрсе», - дейді ол.

Максим Рожин Оңтүстік Кореямен ғана емес, басқа мемлекеттердің билігімен де бұл мәселені реттеу керек деп есептейді.

«Әріптестеріміз әртүрлі мемлекетпен туындаған мәселелерді жинақтап жатыр. Сол себепті біз визаға, соның ішінде қосымша мәселелерді СІМ алдында көтеретін боламыз. Екі тарап болғасын, екі ел өз мүддесіне қарай шешім қабылдайды. Менің де көп танысым сол жақта заңсыз жұмыс істейді. Сол себепті мәселені реттеу керек деп ойлаймын», - дейді ол.

Ал депуат Нұргүл Тау «егер азаматтар тарапынан шет елдерге жұмыс істеуге сұраныс жоғары болса, онда мүмкіндік берген дұрыс» дейді. Олардың құқығы заңды құқығы қорғалуы керек деп есептейді депутат.

МЕМЛЕКЕТТІК БІРЕУГЕ ТАСТАП КЕТЕМІЗ БЕ?

Ал депуттат Ринат Зайытов шет елдерге барып жұмыс істейтін азаматтар бойынша былай дейді.

«Өзбекстан, Тәжікстан азаматтары Ресейге барып жұмыс істеді ғой. Солар не жақсылық көрді? Сол жақтағы жұмысшылар соғысқа кетіп те қалып жатыр. Бір мемлекетте күн көру оңай емес қой. Кореяға барып келген талай жастармен сөйлестім. Олар «қандай да бір азаматтық статусымыз жоқ, бізді адам демейді» дейді. Біз енді өз азаматтарымызды сондайға итермелегеннен гөрі өзімізден сондай жұмыс орындарын ашу әрекеттерін жасауымыз керек», - дейді ол.

«Бәріміз жапатармағай шет елдерге бара берсек, онда мемлекетті басқа біреуге тастап кетеміз бе?» дейді ол.

Серіктес жаңалықтары