×
445.66
474.58
4.78
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
445.66
474.58
4.78

Hermes, Fendi, Louis vuitton: Театр директорының 2-3 млн теңгелік сөмкелері

12.10.2021, 12:05
Коллаж: ulysmedia.kz

Күні кеше Түркістандағы музыкалық драма театрында өткен «Бөрте» премьерасына елдегі үлкенді-кішілі ығай мен сығайдың бірі қалмай ағылып барды. Сахналанбай жатып жарнамасы жер жарған қойылымның көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова. Қойылымға барғандар «әлемдік деңгейге бет бұрған жаңаша қойылым» деп мақтап-мадақтап қайтты. Сәні мен салтанаты жарасқан жаңа театрдың жетекшісі талғамы жоғары жан. Мұны Инста қауым жақсы біледі. Тіпті, оны ең стилі келіскен атақтылардың бірі ретінде бағалап жатады. Ulysmedia.kz тілшісі театр директорының инстаграмдағы жеке парақшасын шолып көрді.

СӘНҚОЙ ӘЖЕ

Жеке өмірі жайлы сыр шерте бермейтін Айнұр Көпбасарова желідегі парақшасына «Понтидің әжесі» деп жазылыпты, шамасы немересі. Кадр сыртындағы өмірінен анау айтқандай толымды ақпарат жинай алмасақ та, театр директорының киіну салты ерекше екені байқалады. Қымбат брендтер бірден көзге түседі.

Мәселен, мына суреттегі ақ күртесі Chanel брендінен, дүкендердегі бағасы 4200 АҚШ долларынан басталады деп көрсеткен. Бұл теңгеге шаққанда 1 млн 785 мың көлемінде.

Понтидің әжесі Fendi брендіне бей-жай қарамайды. Казмедианың екінші қабатында түскен мына бір фотосуреттегі жағалы кашемир пальтосы Fendi-ден, бағасы 4-5 мың АҚШ доллары шамасында.

Астананың қысына төтеп береді деп алынған мына күрте мен етік те аталған бренд өнімі.

СӨМКЕЛЕР “ПАТШАЙЫМЫ”

Айнұр Көпбасарованың инстаграм парақшасындағы сөмкелері өз алдына бөлек әлем. Әркезде әрқилы киімге сай иығына ілген сөмкелерінің бағасы да түрліше.
Қазақстан аумағына жеткізіп беретін дүкендерден сұрастырғанымызда бренд сөмкелердің орта бағасы 2 мың АҚШ доллары шамасында екені белгілі болды. Соның ішіндегі ең қымбат сөмкесі шамамен 7 миллион теңге. Атақты “Биркин” Hermes брендінің 2018 жылғы топтамасынан алынған.

Ал Fendi-дің сүп-сүйкімді қызыл сөмкесін Мәскеуден Қазақстанға жіберу 3100 еуро шамасында, теңгеге шаққанда 1,5 млн тұрады.

Осы топтамаға тиесілі мына дорбадай сөмке құны дүкендерде 2-5 млн теңге арасында деп бағаланған.

Мына қоңырқай Louis vuitton танымал принттегі саквояжы 2090 еуро, бұл 1,1 млн теңге.

 Fendi-дің мына бір аспалы сөмкесінің құны да 1,5-2 млн теңгеге жетіп қалады.

Ал мына бір күлгін түсті сөмкесі Yves saint laurent брендінен, құны 2-3 млн теңге арасында бағаланады.

КӨПБАСАРОВАНЫҢ ӨЗІ НЕ ДЕЙДІ

Сөмкелер жәрмеңкесінен соң, театр директорына хабарласып, сән тақырыбына қатысты өзінің де пікірін сұрап көрдік.

– Бренд өнімдерге қашалықты әуессіз?

– Ешуақытта трендке ілескен емеспін. Бұл жерде жаңа шыққан фэшн-шоулардың топтамасын айтып тұрсыз ба? Ондай болған күнде жыл сайын екі, төрт рет шығып жататын жаңа дүниелерді алып кию, оған үлгеру міндетті дүние емес. Әр адамның өз стилі болуы керек. Менің ұғымымда адам шүберекке емес, шүберек адамға қызмет етуі керек.

– Ал гардеробыңызды жылына қанша рет жаңартып тұрасыз?

– Шоу-топтамаларды үнемі бақылап жүретін болсам, тек киіммен әуре боп кетер едім. Сондықтан оған баса назар аудармаймын. Әр түрлі бағадағы сапасы жақсы, жайлы киімдерді таңдағанды құп көремін. Жасыңа, болмысыңа сай киінген жақсы.

– Қазір Түркістанда тұрып жатырсыз ғой, қалада дүкендер бар ма? Өзіңіз қай қаладан киінгенді құп көресіз?

– Киім іздеп дүкендерге арнайы барған емеспін. Жол-жөнекей көріп қалып жатсам, сол кездегі көңіл-күйім мен жағдайыма байланысты қай жерде болса да ұнап жатса аламын. Ал сән қуып, арнайы барып іздеп жүрмеймін, оған уақыт тапшы. Әрине, кейде ұнаған аяқ киімдер мен аксесуарларды елде болмай жатса, [шетелдерден] тапсырыс беріп алуға болады. Бірақ менің өмірімнің мәні киімге тіреліп тұрған жоқ.

– Ал ең қымбат, ең арзан киіміңізді айта аласыз ба?

– Бағаларын миымда сақтап жүре алмаймын. Сыртқа, шетелдерге шыққан кезде уақытымды шопингке арнайтын болсам, ондағы мәдени жаңалықтарға үлгермей қалар едім. Сондықтан өзге елдерге барғанда музейлерге, театрға, тарихи орындарға көп көңіл бөлемін. Уақыт болып жатса ұнайтын брендтерге кіріп шығуға тырысамын. Киім – адамның көркі екені рас. Кейде жап-жас қыздардың өз-өзін қымбат брендтермен шамадан артық көмкеріп алғанда таң қаламын. Жастықтың өзі әдемілік емес пе?! Мен жас емесін, сондықтан өз болмысына, өмір сүру дағдысына сай киінгеннің терістігі жоқ. Қымбат киінуді дағдыға айналдырып ала беретін болсақ, біріншіден ысырап, екіншіден өмірдің мәнінен адасу болмақ. Кейде шоу-коллекциялар киімі бір маусымнан соң қайта киюге жарамай қалады. Ойланбай алынған киімдер менің өмірімде де болуы мүмкін. Бірақ олай істемеуге тырысамын, өйткені алынған киім бірнеше маусым киілетіндей өз бағасын ақтау керек. Сондықтан киімдерімді арзан, қымбат деп айта алмаймын. Осыдан 20 жыл бұрын алынған күртемді әлі күнге киіп жүрмін. Аяқ киімдер де солай. Қасыңдағы адамдарға кері әсер ететін киімдер киіп алсаң да дұрыс болмайды. Киім – әйелдің ішкі жан-дүниесінен хабар беріп тұруы керек шығар.

ТЕАТР ДИРЕКТОРЫНЫҢ АЙЛЫҒЫ

Мәдениет және спорт министрлігі баспасөз қызметінің айтуынша, аймақтағы театр директорларының айлығын жергілікті әкімдік бекітеді. Түркістан музыкалық драма театрының директорына бекітілген айлық жайында білуге облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мен театрдың баспасөз қызметіне күні бойы хабарласып, байланысқа шыға алмадық.

АЙНҰР КӨПБАСАРОВА КІМ?

Айнұр Көпбасарова жетекшілік ететін "А+А Idea Fabric" шығармашылық тобы Фариза Оңғарсынованың 80 жасқа толуына орай 2019 жылы “Фариза” спектаклін сахналады. Идея авторы және спетакльдің бас продюсері, компания жетекшісі - Айнұр Көпбасарова. Пьесаны продюсерлік орталықтың тапсырмасымен драматург Роза Мұқанова жазып шыққан. 

Айнұр Көпбасарова 1975 жылы Таразда туған. Алғашқы мамандығы педагог, Кейін ҚазҰУ-да магистратура, аспирантурада оқуын жалғастырған. 1999 жылы Жанғара Дәдебаев пен Зейнолла Қабдоловтың ғылыми жетекшілігімен «Абайдың лирикалық өлеңдерінің бейнелілігі және оның орыс тіліне аударудағы көркем табиғаты» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алған. 2 мыңыншы жылдары «Хабар» телеарнасының бас редакторы, продюсері бола жүріп, бүгінге дейін түрлі продюсерлік бағытта жобалар ұйымдастырып келеді.

Серіктес жаңалықтары