×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Адвокат: Аштық жариялаған Жыланбаев 13 келі салмақ тастады – су ғана ішіп отыр

16.11.2023, 15:52
Адвокат: Аштық жариялаған Жыланбаев 13 келі салмақ тастады – су ғана ішіп отыр
Коллаж: ulysmedia.kz.

Тіркелмеген «Алға, Қазақстан» партиясының жетекшісі, марафоншы Марат Жыланбаев жабық сотқа қарсы 1 қарашада жариялаған аштық акциясын әлі тоқтатпаған. Белсендінің жағдайы жайлы Ulysmedia.kz тілшісіне оның адвокаты Мейіржан Досқараев айтып берді.

«Аштықты ол 1 қарашада бастаған. Сот процесінің жабық өткізілуіне наразы. Өйткені сот процесін жабық өткізетіндей ешқандай негіз жоқ. «Бориста», «Роза» деген лақап атты куәгерлерді тергеу барысында қорғау шаралары көзделген. Сот соны қайтадан негізге алып отыр. Ал оларды қорғау шарасын қолдануға ешқандай негіз жоқ. Өйткені олардың аты-жөні, мекенжайы туралы мәліметтер еш жерде жоқ. Өздері Жыланбаевты ешқашан көрмеген де, білмейді, танымайды. Қалай куәгер болады? Куәгер болуға ешқандай негіз жоқ. Олар интернетті жүрген жаңалықтарты алып, соны айта салған, енді біреу оларды «қорқытып, комментарий жазған», - дейді белсендінің адвокаты.

Адвокат қорғауындағы Марат Жыланбаевпен жолыққан. Мейіржан Досқараевтің сөзінше, 1 қарашада Жыланбаевтың салмағы 72 келі болған.

«Кешегі салмағы – 59 келі. Тек су ішіп жатыр. Оның үстіне 1 қарашада ол аузын тігіп тастаған. Сол жердегі тергеу абақтысы әкімшілігінің өтініші бойынша кейін жіпті алып тастады. Марат Жыланбаев тек ашық сотты талап етіп отыр. Бірақ ертең, 17 қараша күні жарыссөз болады. Соңғы сот болатын шығар», - дейді адвокаты.

Марат Жыланбаевтың соты 30 қазанда басталған. Сот «белгісіз екі куәгердің өтінішіне сүйеніп», сот процесін жабық еткен. Судьяның бұл шешіміне жақтастары мен құқық қорғаушылар наразы. Қарашаның басында Марат Жыланбаев ашық сотты талап етіп, аузын тігіп тастаған еді. Кейін қылмыстық атқару жүйесі департаменті «профилактикалық әңгіме жүргізілгеннен кейін сотталушы Марат Жыланбаев тігісін алып тастады» деп хабарланған.

Жыланбаевқа «тыйым салынған ұйымның ісіне араласу» және «экстремистік ұйымды қаржыландыру» бабы бойынша айып тағылып отыр. Жақтастары билік белсендіні саяси себеппен қудалап отыр деп санайды. Тергеу органдары белсендіні қуғындағы экс-банкир Мұхтар Әблязов құрған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысына қатысы бар деп болжайды.

Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін Марат Жыланбаевты босатып, оған тағылған айыптарды алып тастауға шақырған болатын.