Бас прокуратура «Қазпошта» АҚ қызметінде ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі талаптарының сақталуына, сондай-ақ статистикалық есептің дұрыстығына тексеру жүргізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
СТАТИСТИКАНЫ БҰРМАЛАҒАН
Тексеру барысында жолданымдарды тіркемеудің 10 мыңнан астам фактісі, 2 мыңға жуық мемлекеттік құқықтық статистиканы бұрмалау, 249 жолданымды уақтылы тіркемеу, өтініштерді қарау мерзімін бұзудың 94 фактісі және өзге де кемшіліктер анықталды.
Бұдан басқа, «Қазпошта» АҚ пайдаланатын электрондық құжат айналымы жүйесін құжаттау, пайдалану тәртібін реттейтін құқықтық актілер Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің талаптарына сәйкес келмегені анықталды.
Тексеру нәтижелері бойынша Комитет және оның аумақтық органдары заңдылықтың бұзылуын жою туралы 21 ұсыныс енгізді, 20 әкімшілік іс қозғалды.
Қадағалау актілерінің қаралу нәтижесінде 48 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке және 20-сы әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
ЕСЕПКЕ АЛЫНБАҒАН ҚЫЛМЫС
Сонымен қатар, құқық қорғау органдарына хабарланбаған бөтеннің мүлкін ұрлау, сондай-ақ алаяқтық фактілері анықталды, осылайша аталған қылмыстық құқық бұзушылықтар есепке алынбай, олар бойынша процестік шешім қабылданбаған.
Осы ретте, Комитеттің бастамасы бойынша «Қазпошта» АҚ филиалдары арқылы жіберілген сәлемдемелерді ұрлаудың 3 фактісі, сондай-ақ коммуналдық қызметтерді төлеу үшін қабылданған ақшалай қаражатты ұрлау дерегі Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.