Бүгін түнде Францияның астанасы Париж қаласында Олимпиялық ойындар мәресіне жетті, деп хабарлады Ulysmedia.kz.
Биылғы Олимпиадада Қазақстан спортшылары 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медальді иеленіп, жалпыкомандалық есепте жарыста 43-орынмен аяқтады.
ЖАЛҒЫЗ АЛТЫН ЖҮЛДЕНІ ЕЛДОС СМЕТОВ ЖЕҢІП АЛДЫ
Ел қоржынына жалғыз алтын жүлдені Олимпиаданың алғашқы күні дзюдодан 60 келі салмақта күрескен Елдос Сметов жеңіп алды. Ал күміс медальді спорттық гимнастикадан Нариман Құрбанов, грек-рим күресінен 77 келі салмақтағы Демеу Жадыраев пен бокстан 80 келі салмақта сынға түскен Нұрбек Оралбай иеленді.
Қола жүлдеге нысана көздеуден командалық жарыста Ислам Сатпаев пен Александра Ле (тапаншамен 10 метрден ату), дзюдодан 66 келі салмақта белдескен Ғұсман Қырғызбаев пен әйелдер боксынан 51 келі салмақта ел намысын қорғаған Назым Қызайбай ие болды.
Бұған дейін Жапонияның Токио қаласында өткен Олимпиадада Қазақстан құрамасы 8 қола медальді алған болатын. Ал 2016 жылы Рио Олимпиадасында 26 спорт түрінен қатысқан 104 спортшы қатысып, барлығы 17 медаль (3 алтын, 5 күміс, 9 қола) жеңіп алды.
Сөйтіп, Парижде отандастарымыз Бразилияда жалауы көтерілген Олимпиададағы нәтижеден аса алмады. Бар-жоғы 1 алтын медальді жеңіп алды.
МЕДАЛЬДАН ҚОЛ СОЗЫМ ЖЕРДЕ АЙЫРЫЛЫП ҚАЛҒАНДАР
Басқа спортшыларымыз жүлдеге қол созым жерде ғана жарысты аяқтады. Мысалы, дзюдодан әйелдер арасындағы бәсекеде Абиба Әбужақынованың Олимпиада жүлдесін алатын мүмкіндігі болды. Алайда, ол қола медаль үшін белдесуде швециялық Тара Бабулфаттан жеңіліп, жарысты бесінші орынмен қорытындылады.
Сондай-ақ, гимнаст Милад Карими бесінші орын алды. Спортшы еркін жаттығудан Олимпиаданың финалында 14.500 ұпай алып, алғашқы бестікке енді.
Спорттық құзға өрмелеу шебері Әмір Маймұратовтың да көрсеткіші де жаман болған жоқ. Ол жылдамдық бойынша Олимпиаданың ширек финалына жетіп, жазғы ойындардан бесінші орын алды. Жарыста Олимпиялық рекордтты да жаңартып үлгерді.
Нысана көздеу шебері Александра Ле алғашқы ондыққа кірді. Ол пневматикалық винтовкамен 10 метрге нысана көздеуден финалға шығып, жалпы есепте алтыншы орыннан көрінді. Жоғарыда Александра Ленің аралас командалық сындағы қола медаль жеңіп алғанын айттық.
Данил Мұсабаев батуттағы гимнастикадан Олимпиадаға алғаш рет қатысып, финалға бір қадам жетпей қалды. Ол бірінші іріктеуден соң 8-орын алған болатын. Алайда, екінші іріктеуде тоғызыншы орынға түсіп қалды. Финалға алғашқы сегіз орын алған спортшы ғана жолдама алды.
ЕЛІМІЗДІҢ ҮЗДІК ЖЕЛАЯҒЫ ТОҒЫЗЫНШЫ ОРЫННАН ТӨБЕ КӨРСЕТТІ
3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Нора Джерутоның жолы болмады. Ол финалға шыққанымен жарыста 9-орынмен аяқтады.
Шпагамен семсерлесуден Қазақстан командасы Олимпиадада алғашқы алтылыққа енді. Ширек финалда спортшыларымыз Мажарстаннан жеңіліп, кейін Мысыр елінің спортшыларын жеңді. Ал бесінші орынға ойында Италия құрамасынан жеңіліп, Олимпиаданы алтыншы орынмен аяқтады.
Командалық сында Қазақстан намысын Руслан Курбанов, Ерлік Сертай, Эльмир Әлімжанов пен Вадим Шарлаимов қорғады. Бұл «төрттік» алғаш рет командалық сын бойынша Олимпиадаға қатысты.
Сонымен қатар, шпагамен семсерлесуден жекелей сында Руслан Құрбанов алтыншы орын алды. Ол ширек финалға дейін жетіп, болашақ Олимпиада чемпионына ғана есе жіберді.
Олимпиялық ойындарда садақ ату шеберлері де сынға түсті. Командалық жарыста Ильфат Абдуллин, Александр Еременко мен Дәулеткелді Жаңбырбай 1/8 айналымға жетіп, Италиядан бір ұпай айырмасымен жеңілді. Жалпы есепте 9-орынға ие болды.
Брейкингтен Амир Закиров сегізінші орын алды. Ол топтық сындағы екі баттлда жеңіске жетіп, ширек финалға жолдама алған еді Алайда, америкалық VICTOR-дан жеңіліп, жартылай финалға шыға алмады. Брейкинг Олимпиада бағдарламасына алғаш еніп отыр. Енді ол 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиаданың бағдарламасына кірмейтін болады.
Кирилл Герасименко үстел теннисінен1/8 финалға жетті.
ЕРКІН КҮРЕСТЕН ҚАЙЫР БОЛМАДЫ
Бокстан Қазақстан командасының мүшелері де алғашқы ондыққа кірді. Нұрбек Оралбай күміс медаль алса, Сәкен Бибосынов (51 кг), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг) мен Айбек Оралбай (92 кг) бесінші орын иеленді. Махмұд Сабырхан (57 кг) мен Қамшыбек Қоңқабаев (92 кг) тоғызыншы орында.
Грек-рим күресінің шеберлері Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) пен Әлімхан Сыздықов (130 кг) жетінші және сегізінші орын алды. Еркін күрес шебері Әлішер Ерғали (97 кг) да жетінші орында қалып қойды.
ӨЗБЕКСТАН СЕГІЗ АЛТЫН ЖҮЛДЕ АЛДЫ
Ал Өзбекстан спортшылары биылғы додада алтын медаль саны бойынша рекорд жасады. Көршілес елдің саңлақтары 13 медальді жеңіп алды. Оның ішінде 8 алтын жүлде бар. 5 алтын медальді спорттың бір ғана түрінен алды. Боксшылар Хасанбой Дусматов пен Баходир Жалолов екі дүркін Олимпиада чемпионы атанды. Сондай-ақ, Асадхуджа Муйдинхуджаев, Лазизбек Муллажонов пен Абдумалик Халоков құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Таеквондодан Улугбек Рашитов та екі дүркін Оолимпиада чемпионы тағына ие болды.
Олимпиадада Өзбекстан 8 алтын, 2 күміс және 3 қола медальмен 13 орынды иеленді. Өзбек елі төрт жылда бір айналып келетін дүрмекті додада мұндай нәтижеге ешқашан жеьтіп көрген емес. Ал Орталық Азияның басқа елдері бір алтын медаль ала алмай, жалпыкомандалық есепте көңіл көншітерліктей нәтиже көрсеткен жоқ.
Қырғызстан спортшылары 2 күміс пен 4 қола медаль алды. Тәжікстан 3 қола жүлдені қанағат тұтты. Ал Түркіменстан құрамасы ешқандай медаль алған жоқ.
Қырғызстаннан әйелдер күресінен Мейірім Жуманазарова мен боксшы Мунарбек Сейитбек уулу күміс медальді иеленді.
Грек-рим күресінен Жоламан Шаршенбеков, Ақжол Махмудов, Узур Жузупбеков, әйелдер күресінен Айсұлу Тыныбекова қола жүлдегер атанды.
Қырғызстан Олимпиадада бокстан алғаш рет медаль алды. Бұл ел әзірше Олимпиададан алтын жүлде ала алмай келеді.
Тәжікстаннан дзюдодан Сомон Махмедбеков, Темур Рахимов пен бокстан Давлат Болтаев қола жүлдегер атанды.
Төменде қай мемлекттердің ең көп жүлдені жеңіп алғаны көрсетілген.
1.АҚШ – 40 алтын, 44 күміс, 42 қола медаль – 126 жүлде
2. Қытай – 40 алтын, 24 күміс, 27 қола – 91 жүлде
3. Жапония – 20 алтын, 12 күміс, 13 қола – 45 жүлде
4. Австралия – 18 алтын, 19 күміс, 16 қола – 53 жүлде
5. Франция – 16 алтын, 26 күміс, 22 қола – 64 жүлде
6. Нидерланд – 15 алтын, 7 күміс, 12 қола – 34 жүлде
7. Ұлыбритания – 14 алтын, 22 күміс, 29 қола – 65 жүлде
8. Оңтүстік Корея – 13 алтын, 9 күміс, 10 қола – 32 жүлде
9. Италия – 12 алтын, 13 күміс, 15 қола – 40 жүлде
10. Германия – 12 алтын, 13 күміс, 8 қола – 33 жүлде
11. Жаңа Зеландия – 10 алтын, 7 күміс, 3 қола – 20 жүлде
12. Канада – 9 алтын, 7 күміс, 11 қола – 27 жүлде
13. Өзбекстан – 8 алтын, 2 күміс, 3 қола – 13 жүлде
22. Украина – 3 алтын, 5 күміс, 4 қола – 12 жүлде
30. Әзербайжан – 2 алтын, 2 күміс,3 қола – 7 жүлде
43. Қазақстан – 1 алтын, 3 күміс, 3 қола – 7 жүлде
64. Түркия – 3 күміс, 5 қола – 8 жүлде
68. Қырғызстан – 2 күміс, 4 қола – 6 жүлде
79. Тәжікстан – 3 қола – 3 жүлде.
Бүгін Олимпиадада 80 келіге дейінгі салмақта күміс медаль алған боксшы Нұрбек Оралбай Астанаға ұшып келді. Олимпиада жүлдегерін әуежайда туған-туыстары мен жанкүйерлері қарсы алды.