×
487.37
532.94
5.09
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
487.37
532.94
5.09

«10 баланың анасы»: Ақтөбеде 89 жастағы кейуана 14 жылдан бері пәтер ала алмай жүр

«10 баланың анасы»: Ақтөбеде 89 жастағы кейуана 14 жылдан бері пәтер ала алмай жүр
Фото: ашық дереккөз

Ақтөбеде 10 баланың анасы, соғыс ардагері 14 жыл бойы мемлекеттен пәтер ала алмаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

АМАЛЫ ҚҰРЫҒАН ҚАРИЯ СОТҚА ЖҮГІНГЕН

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының мәліметінше, зейнеткер 1974 жылы "Батыр ана" құрметті атағын, 2009 жылы "Тыл ардагері" мәртебесін алған. Ол ІІ Дүниежүзілік соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілетін адамдар қатарына жатқызылған.

2010 жылы ол жасына қарай, зейнеткерлер санаты мен Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары санаты бойынша мемлекеттік тұрғын үйге мұқтаждар тізіміне енгізілді.

Кейін зейнеткер мемлекеттік органға арыз жолдап, өз кезегін "Батыр ана" санатына ауыстыруды сұраған. Алайда жауапкер "Батыр ана" санатына ауыстыруға негіз жоқ деп өтінішін қабылдамаған. Ол бұл санатқа тіркелсе, кезектегі нөмерінің қайта басталатынын айтқан, – деді ведомство. 

СОТ НЕ ШЕШТІ

Кейін батыр ана құқығын қорғау үшін Ақтөбе облысының МАӘ сотына жүгінген. 

Сот анықтағандай, талап қоюшыны есепке қою кезінде 2007 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы редакциясы қолданыста болған. Яғни, сол кездегі тұрғын үй заңнамасына сәйкес, "Батыр ана" санаты халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтары қатарында болмаған, олардың бөлек тізімі жүргізілмеген.

Алайда 2019 жылы аталған Заңға өзгертулер енгізіліп, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған тұлғалар тұрғын жаймен бірінші кезекте қамтамасыз етілетіні көзделген.

Осыған байланысты, мемлекеттік орган осы кезеңнен бастап жалпы тізімнен өз алдына арнайы тізім қалыптастыру керек еді. Сот 2011-2023 жылдар аралығында кезек нөмірін жылжу динамикасын зерделеп, тізімнің тиісті түрде рәсімделмейтінін, ретсіз және сауатсыз жүргізіліп отырғанын анықтады, – деп қосты ведомство.

Осылайша, 89 жастағы аз қамтылған зейнеткердің батыр ана және тыл ардагері бола тұра, 14 жылдан бері мемлекет тарапынан үймен қамтамасыз етілмегені анықталды.

Сот зейнеткердің құқығын қорғап, мемлекеттік органды талап қоюшыны "Батыр ана" ретінде мемлекеттік тұрғын үйді алуға бірінші кезектілік тізіміне ауыстыруды міндеттеді. Сот шешімі заңды күшіне енді және орындалды, – делінген хабарламада. 

Еске салсақ, Шымкентте элиталы үйге ақша салған үлескерлер шу шығарғанын жазған болатынбыз.