×
444.22
476.38
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
444.22
476.38
4.82

Шымкентте мұғалімдер заңсыз ақша жинауға шағымданды

07.12.2021, 20:45
Фото: otyrar.kz

Шымкент қаласындағы №28 жалпы орта мектептің мұғалімдері басшысы заңсыз ақша жинайтынын айтып деп шағымданды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

otyrar.kz-ның мәліметінше, Шымкенттегі №28 мектеп мұғалімдері басшыларына наразы. Айтуларынша, мектеп директоры 25 млн теңгеге мүсін орнатамыз деп, мұғалімдерден қаражат жинаған. Алайда мүсін де, ақша да жоқ. Ал қаржыны жинап бермеген ұстаздарға қысым көрсетіледі.

«Біздің мектепте мұғалімдерден ақша жинау мәселесі тоқтамай тұр. Неше жылдан бері жалғасып келеді. Соңғы шамымызға тигені – мектебімізге Фариза Оңғарсынованың есімі беріледі деген кезде ақынның құрметіне ескерткіш орнатпақ болды. Басында «5 мыңнан жинаймыз» деді, оған келісіп, жинап бердік. Кейін ақша жетпей тұрғанын, тағы жинайтындарын айтты. Соңында «Қарызды қашан бересің?» дейтінді шығарды. Ол ақша өсіп-өсіп, 20 мыңға жетті. Оған бәрінің шамасы жетпейді ғой. Бір мұғалім «гороноға» барғанда, «ұжыммен өздерің мектепте шешіңдер» деп қайтарып жіберген», - дейді №28 мектебінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Мариям Әбдіраимова.

Сондай-ақ, ашынған ұстаздар «Шындықты айтып қарсы шықсақ, сағатымызды қысқартып, жұмыстан шығарамыз деп қорқытады» дейді. Жиналған мұғалімдер «тіпті директор мектептегі басқа ұстаздардан бізбен араласпауын сұраған» деп күйініп отыр.

«Ақша жинау деген біздің мектепте өте көп. Бір айда бір мұғалімнен жоқ дегенде айына 7-8 мың, 20 мыңға дейін жинайды. 2019 жылы аттестациядан өтіп келдім. 2-категориямен келгенмін, енді «Соны бекітіп кел» деді, өтіп келсем соған қол қоюға 40 мың сұрады. Мен Фариза Оңғарсынованың мүсініне еш қарсылығым жоқ. Менің шамам неге келді, соны бердім», - дейді №28 мектебінің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Елдос Абитов.

Мектеп директорының аталған шағым туралы пікірін білу үшін оқу орнына бардық. Алайда орынбасары, басшының ауырып жатқанын айтты. Сонымен қатар, директор орынбасары ақша жинау деген нәрсе атымен болмаған деп ақталды.

«Директорымыз қазір ауырып жатыр, сондықтан мен жауап беріп жатырмын. Ақша жинаған  жоқпыз, жиямыз деген ой болған. Жиналыс болған, әңгіме айтылған, бірақ оған жеткізген жоқпыз», - дейді №28 мектебінің директорының әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Роза Молдабекова.

Білім басқармасының басшысы оқу орында мүсінге қаржы жинау заңсыз екенін, ондай жомарттықты тек мұрагерлер мен демеушілер ғана көрсете алатындығын айтты.

«Аталған білім ұйымынан қаржы жиналатыны туралы арыз келіп түскен. Бұл мәселені бірінші кезекте қарау құқығы сыбайлас жемкқорлыққа қатысты агенттік болғандықтан, арнайы жіберілген болатын. Зерделеу барысында бұл мәселелердің дәлелденбегендігі туралы хат алдық. Бұл жерде мектептің ұжымы белсенділік танытқан. Бірақ бұл жерде ондайды ұйымдастыруда бірінші басшының жауапкершілігі қаралады», - дейді Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева.

Басқарма басшысы аталған іске байланысты құзырлы органдарға қосымша арыз келіп түскенін және соған байланысты зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Ол директордың кінәлі екені анықталса, тиісті шаралар қолданылатынын айтты.

Серіктес жаңалықтары