×
515.31
533.96
5.3
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
515.31
533.96
5.3

«Жыл санамайды, өз байлығын көрсете біледі»: 90 жыл бұрын АҚШ ғалымы қазақтар жайлы не жазды

06.02.2025, 15:48
«Жыл санамайды, өз байлығын көрсете біледі»: 90 жыл бұрын АҚШ ғалымы қазақтар жайлы не жазды
Ulysmedia коллажы

Журналист, «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-тың Джордж Вашингтон университетінде білім алған Дүйсенәлі Әлімақын бір жыл бойы «Америка архивтерінде сақталған қазаққа қатысты деректер» тақырыбында АҚШ астанасында зерттеу жүргізген. Қызықты деректердің бірін зерттеуші жақында әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Ол америкалық антрополог Джордж Мердоктың 1934 жылы Ныю-Йорк қаласында жарық көрген «Біздің замандастарымыз» атты кітабында қазақтарға қатысты қызықты мәліметтер келтірілгенін айтады. 

Дүйсенәлі Әлімақынның айтуынша, автор жойылып бара жатқан халықтардың қатарына қазақты да қосқан. “Мердок нені меңзеді екен?” деп, кітапты оқып шыққан журналист “Қазақ қалай аман қалды?” деген сұраққа жауап іздейді.   

Ulysmedia.kz Дүйсенәлі Әлімақынның зерттеуін сөзбе-сөз ұсынады.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН КІТАБЫНА ТЕК ҚАЗАҚТЫ ҚОСҚАН

1934 жылы Ныю-Йорк қаласында жарық көрген «Біздің замандастарымыз» атты кітапты қолыма алғанымда, мен ерекше бір зерттеу еңбегіне тап болғанымды сезіндім. Өйткені, бұл кітапты АҚШ-тың Йелл университетінің антропологі Джордж Мердок жазған. Автор осы кітабында тасмандықтар, Жапонияның солтүстігіндегі айнустар, Мексикадағы ацтектер, Перудегі инкастар, Угандадағы гандалар, Полиярдағы эскимостар сияқты тарих сахнасынан жойылып бара жатқан халықтардың тарихы мен мәдениеті, қоғамдық дәстүрі туралы сөз қозғайды. Ал осылардың қатарына неге екенін қайдам Орталық Азиядан тек қазақты қосады. АҚШ ғалымы бұл зерттеуі арқылы не айтпақ? Нені меңземек деген сансыз ойдың жетегімен оның кітабын оқып шықтым.

Джордж Мердоктің кітабын­дағы қазақ қызының бейнесі 

Кең-байтақ даланы мекендеген түркі халықтарының бірі ретінде қазақтарды айтуға болатынын, әлдебір себептер­мен олар бұрын «қырғыздар» деп аталғаны­мен, төл атауы «қазақ» екенін жазған автор сол кездегі ұлтымыздың саны үш миллион­нан астам екенін де айтады. «Қара қырғыз­дар­ға туыс келетін бұл халық бас пішімі домалақ, ат жақты, кең маңдайлы, қысқа мұрынды, қысыңқы көзді, селдір сақалды келеді. Қазақтардың алыстағыны көру түйсігі өте керемет». Осы­лай дей келе автор қа­зақ­тардың көбінің сауатсыз екенін айта отырып, олардың қандай дінге сенетінін, қандай тілде сөйлейтінін, уақыт өлшемі қалай екенін анық жазады. «Қазақтар жыл санауда сандар­ды қолданбайды. Мысал ретінде олар «менің жы­лым жылқы» дей салады».

Осы кітаптағы қазақы сандық

Осыдан кейінгі сөз ұлты­мыздың ұшы-қиырсыз ұлан байтағындағы жыртылып-айырылатын аң-құстар мен жа­нуар­лар турасында өрбиді. Аңшылық, қан­сонар, соғым сою сын­ды дәстүрлері мен тір­шілік ұстанымы ту­ралы да арнайы тоқ­талады. «Қазақ даласында қатты дауылдар, табиғи апаттар көп болады. 1827 жы­лы бір жүздің 10 мың түйесі, 30 мың сиыры, 20 мың жыл­қысы, мил­лион­­нан ас­там қойы апат­қа ұшы­ра­ды». Ға­лымның бұл де­регі бізге мал­шы­лар өмі­­рінің қиын­дығы мен жапа-маша­қа­тын сезіндірмек. Қашаннан бері «малым – жанымның садағасы» деп білген хал­қымыз үшін кейбір табиғи апаттар­дың ел байлығын ойсыратып кетуге шақ қал­ғанын еске салады.

ӨЗ БАЙЛЫҒЫН КӨРСЕТЕ БІЛЕТІН ХАЛЫҚ

Ал ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігінде төрт түліктің алатын рөлі жоғары еке­нін білеміз. Америкалық антрополог өз кезегінде Қамбар ата түлігінің халқы­мыздың мал шаруашылық өміріндегі ма­ңыздылығына назар аударады. Ол адамнан зият жылқы жануарының естелігіне, шашасына шаң жұқпайтын, жотасына күн қонақтайтын есті айғырлардың үйірін қалай қорғайтынын жазады. Сан ғасырдан бері белдеуінен ат кетпеген қазақ халқының ат үстінде ойланып, ат үстінде қалғыған сырбаз тағдыры туралы да айтады. «Қазақтар әдетте сейіл-серуенге немесе той-томалаққа жүйрік ат мінеді. Ауыз­дықпен алысқан тұлпарлардың үстінде олар өте сәнді көрінеді. Ал қазақ көші – мерекелік көрініс. Әйелдер барын киіп, мінген аттарына әдемі ер-тұрман салып, алдына отырған балалардың бесігін де өзгеше сәнмен алып жүреді. Анадайдан қарасаң, көштің ұзындығы бірнеше километрге дейін созылып жатады». Шынымен де алыстан қараған адамға көшіп бара жатқан қазақтың керуенінде өзгеше салтанат пен көрініс бар екені сөзсіз. Ал бұны шетелдіктердің сезінуі де тегін емес.

Келесі беттерде автор ұлтымыздың киім-ке­шек мәдениеті және оның жасалу жолдары туралы қалам тербейді. Қа­зақтың киім мәдениетіндегі тері, жүн, мақта, матаның рөлі хақында да ой қозғайды. Сонымен бірге қаншама далалық халық болса да, қазақтардың сыртқы келбетке, киі­ну мәдениетіне көңіл бөлгенін жасыр­майды. «Олар өз байлығын көрсете біле­тін халық. Байлар алтын-күміспен күптелген, жібек пен барқыттан жасалған қымбат киімдер киіп, ер-тұрманын, тізгін-ноқтасын, белбеуін жылтырақ металдармен әдіптейді. Әйелдер бағалы жүзік, білезік, алқалар тағады. Қазақтар мұндай қымбат бұйымдарды айырбас арқылы алады. Орталық Азияның қақ ортасындағы керуен жолында отырғанымен, бұл халық саудамен айналыспайды». Әрі қарай отбасы дәстүрі, әкенің әулетіндегі орны мен беделі, қазақтың «үлкенді сыйлау, кішіні аялау» дәстүрі сынды құндылықтарға да автор осы кітабынан орын берген.

«Қазақтар атыс қаруы пайда болғанға дейін садақ, жебе, әртүрлі найза, балта, қамшы сияқтыларды қару ретінде пайдаланды. Олар кейде түнгі жорықтарға шығуға шебер болды. Жауын жеңсе, сол жақтан барымта әкелуді де жөн санайды». Шындығында, ұлтымыздың ат үстіндегі өмірі күрестер мен қақтығыстарға толы болғаны рас. Әне, сондай сәттерде келген жаудың бетін қайтару үшін найза мен қылыш, садақ пен жебе елін қорғау үшін аттанған ер азаматтың сенімді қаруы болды. Бұл өз жері мен елін аман алып қалуға ниетті әр азаматтың басында болған іс. Батыс оқығанын ұлтымыздың барымта, құн төлеу, енші бөлу, қонақжайлылық, алыстан келген қонақ пен жолаушының жағдайын жасау сынды өзге халықтарда сирек кездесетін дала дәстүрлері де қатты қызықтырғанын аңдадық. Сонымен бірге автор қазақтың дүние есігін ашқанынан қара жер қойнына енгенге дейінгі өмірінде сәби сүю, үйлену, айттыру, құдалық, қа­лыңмал беру, бесік құдалық, діни мейрамдар мен жаназалық дәстүрлердің маңызды екенін де атап өтеді. Осының бәрі қара өлең мен ән-күйдің, эпостық дастандардың кө­мегімен жыр-думанды болатынын да тілге тиек етеді әрі қазаққа арнаған тарауын хал­қымыз­дың социалистік дә­уірге қадам басқанын, тұр­мыс-тіршілігі сол заманға бе­йім­­дел­генін айтады. Мүмкін АҚШ ғалымы ке­шегі кеңес өкі­­меті кезінде қа­зақ халқы ауыр қы­­сым­ға ұшы­­рап, саны азая­ты­­нын бол­­жаған шығар, кім біл­­сін?! Ал оған алапат аштықты қосыңыз. Автор осы зерттеуін жазған кезде қазақ даласында аштық нәубеті жүріп жатқан еді.

Дүйсенәлі Әлімақын