×
444.22
476.38
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
444.22
476.38
4.82

Алаштың алтын қызы: Шахматшы Асаубаева жеңісін Қазақстанға арнады

31.12.2021, 09:13
Фото: Ашық дереккөзден

Шахматтан ересектер арасындағы әлем чемпионатында топ жарған Бибісара Асаубаева Қазақстанның спорт тарихына өз есімін жазды. Варшавадағы әлемдік турнирде алтын медаль алған спортшымыздың жас небары 17-де. Ulysmedia.kz порталының тілшісі өз жеңісін Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнаған чемпионымен әңгімелесті.

Бибісара Асаубаева бұл жеңісіне жету үшін 10 жыл бойы тынымсыз еңбек еткенін айтады.

«Бүгінгі күнді Қазақстанымыз үшін тарихи сәт деуге болады. Мақсатыма жетіп, әлем чемпионы атанып отырмыз. Ал одан бір күн бұрын жылдам ойналатын шахматтан вице-чемпион болдым», - дейді Бибісара.

Турнирдегі жеңісінен кейін жас чемпион қазақстандықтарға жүгінді.

«Менің байтақ Қазақстаным! Бүгінгі жеңісімді қызыңның сыйлығындай қабыл ал! Көк туымды көкке көтеріп, мәдениетіміз бен мұрамызды асқақтата алғаныма қуаныштымын. Жеңісімді қабыл ал да, жаңа жетістіктерге жету жолында батаңды бер. Құдыретті Құдай, біздің елімізді сақтасын», - деді ол.

Бұл жүлде – Қазақстан тарихында ересектер арасындағы әлем чемпионатының алғашқы алтын медалі. Ойынның екінші күні спортшылар 8 партия өткізген. Оның қорытындысы бойынша отандасымыз 14 ұпай жинады. Ресейлік Александра Костенюк 12,5 ұпаймен екінші орын алды. Үшінші орынды 12 ұпаймен тағы бір ресейлік Валентина Гунина иеленді.

Әлем чемпионаты Польша астанасы Варшавада өткізілді. 28 желтоқсанда Бибісара Асаубаева жылдам шахматтан (рапид) екінші орын алған. Шешуші партияда Бибісара грузиялық Нану Дзагнидзе мен отандасы Әсел Серікбайды жеңіп, Александра Костенюкпен тең түскен.

Бибісара Асаубаева 2004 жылдың 26 ақпанында Тараз қаласында дүниеге келген. Шахматты 4 жасынан бері ойнайды. Оның алғашқы тәлімгері халықаралық шебер, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы – Олег Дзюбан.

7 жасында (2011 жылы) екі рет әлем чемпионатында жеңіске жеткен Бибісара шахмат тарихындағы ең жас Fide Master атағын иеленген. Сонымен қатар «Дубай шейх кубогы - 2014» иегері атанды. 2016-2018 жылдары Ресей шахмат федерациясының атынан шығып, кейін Қазақстанға оралды. 2020 жылы үшінші норманы орындап, халықаралық шебер атанды. 2019 жылы әйелдер арасында гроссмейстер, 2020 жылы ерлер арасында халықаралық шебер атағын жеңіп алды. 2021 жылдың 28 желтоқсанында ол блиц бойынша әлем чемпионы атағын жеңіп алды.

Ulysmedia.kz порталы 2021 жылдың қорытындысын жасап, Бибісараның жетістігін «Тәуелсіздік жетістігі» номинациясы ретінде атап өтті.

 

Серіктес жаңалықтары