×
448.15
483.46
4.86
#қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
448.15
483.46
4.86

Қазақстан Оңтүстік Кореяның қасіретті тарихынан сабақ ала ма

17.01.2022, 13:56
Фото: Ашық дереккөзден

Қазақстандағы «Қасіретті қаңтардың» кейбір элементтері Оңтүстік Кореяда 1980 жылдың мамырында болған «Куанджудағы көтеріліске» ұқсайды. Бұл күнде экономикасы дамыған, әлемнің жетекші индустриалды елдерінің біріне айналған Оңтүстік Кореяның сол кезеңдегі тарихын оқырманға ықшамдап беріп отырмыз.

ПРЕЗИДЕНТ БОЛҒАН ӘСКЕРБАСЫ

1979 жылы Оңтүстік Кореяда президент Пак Чжон Хи өлтірілгеннен кейін кореялық армияның генералдары билікке таласты бастап кетеді. Чон Ду Хван атты генерал-майор (әскербасы) өзінің басты қарсыласы – штаб бастығы Чон Сын Хваны тұтқындайды. Оған жауап ретінде Сын Хваның жақтастары Сеулдің орталық алаңына шығып, әскери қақтығыс басталады. Алайда бір түннен кейін-ақ Чон Ду Хванның жеңісі айқындалған-тын. Арада бір жыл өткеннен кейін генерал-майор ел президенті болды.

Ол тұста елдің ірі қалаларындағы университеттерде студенттік одақтар құрыла бастаған. Шынтуайтында, дәл осы одақтар демократиялық қозғалыстың қозғаушы күші болды. Сексенінші жылдан кейін бүкіл елде демократиялық реформаларды, БАҚ-тың еркіндігі мен ең төменгі айлықты көтеруді, оның ішінде ең бастысы – әскери тәртіптің алынып тасталуын талап еткен кореялықтардың демонстрациясы басталады.

Елдегі наразылыққа қарамастан Чон Ду Хван 1980 жылдың 17 мамырында әскери тәртіпті күшейтеді. Яғни сол күннен бастап университеттердің бәрі жабылып, саяси іс-шараларға тыйым салынады. Ал БАҚ-қа қатаң цензура қойылады. Корея орталық барлау басқармасы (КОББ) студенттік одақтардың ұлттық конференцияларына баса көктеп кіріп, 2,7 мыңға тарта адамды тұтқындайды. Бұл қатаң шара келесі күні-ақ көтерілістің бұрқ ете түсуіне себепкер болды.

КӨТЕРІЛІС БАСТАҒАН ҚАЛА

18 мамыр күні таңертең Куанджудағы Чоннам университетінің 200-ден астам студенті оқу орнының есік алдына келіп, оның жабылуына қарсы шығады. Салдарынан студенттер десант әскерінің 30 әскери қызметшісімен қақтығысып қалады.

Десанттар қуып жіберген студенттер қаланың орталығына беттейді. Жол ортада олардың саны бірден 2 мыңға адамға көбейеді. Наразылық білдіргендер «Чон Ду Хван, кет!» деп ұран көтереді. Адам саны көбейгеннен кейін қалалық полицияға 688 десант қосылады. Келген әскерилер көшеде жүргендерді наразылыққа шыққаны, жай жүргені бар – ара жігін ажыратпай соққыға жығады.

Дәл осы кезде көшеде өтіп бара жатқан (наразыларға қосылмай) 29 жастағы Ким Кен Чхольды десант дубинкамен өлгенше сабайды. Ол Куанджуда қаза тапқан бейбіт тұрғындардың алғашқысы емес-тін.

Бірінші күні полицияға 405 адам жеткізіледі. Көбі жараланған. Әскерилердің бейберет қимылы бүкіл қалаға тарап, келесі күні студенттерге қаланың бейбіт тұрғындары қосылады.

Ал билік тарапы Куанджуға баратын жолды жауып, қаламен байланысатын телефон сымын үзеді.

20 мамырда таңертең шеруге шыққандардың саны 10 мың, ал кешке қарай 50 мыңнан асты.

Наразылардың қатарына автобустар мен жүк көліктері, такси жүргізушілері қосылады. Олар Куанджу астанасы болған Оңтүстік Чолла провинциясының ғимаратына апаратын орталық көшелерді жауып тастайды. Ал ғимараттың алдында мыңдаған адам шеруге шығады.

Десанттар көліктен жүргізушілерді алып шығып, сабаған. Ауруханаға жараланған адамдарды жеткізуге кедергі келтірген. Дубинкамен қатар, өткір қару қолданып, кісілерді үйлердің шатырынан лақтырған, әйел, бала демей, бәріне оқ атқан, қырған.

Әскерилер алдымен көзді жасаурататын газды пайдаланып, кейін қарудан оқ атады. Өлгендер мен жарақат алғандардың саны күніне жүздеп тіркеледі. Жеткілікті үкіметтің ғимаратына көлік басып кірген кезде полицияның 4 қызметкері қаза тапқан.  

Қаладағы шайқас 21 мамырда шарықтау шегіне жетті. Бұл кезде қала тұрғындарының өзі де қаруланып, әскерилерге қарсы әрекетке көшкен. Наразылыққа қатысқандар полиция бөлімшелері мен әскери бөлімдерге баса көктеп кіріп, қару мен оқ дәріні басып алған. Винтовкамен бірге екі пулеметті алып, оның бірін наразылар Чоннам университетінің медицина факультетінің шатырына қояды. Жергілікті полиция бұл кезде армияға көмектесуден бас тартқан. Кешке қарай қарымды қарсылықпен бетпе-бет келген әскерилер қаланың орталығын тастай қашқанымен, келесі күні шаһарды айнала қоршауға алады.

Куанджу бірнеше күн бойы көтерілісшілердің бақылауында болады. Студенттер мен қала тұрғындарының комитеті құрылып, жараланған адамдарға көмек көрсетіп, қайтыс болғандарды жерлеу рәсімін ұйымдастырады. Қаза шыққан отбасыларға көмектеседі. Халық милициясы құрылады. Комитет өкілдері армиямен келіссөз жүргізіп, тұтқындалған азаматтарды босатуды, зардап шеккендерге өтемақы төлеп, көтеріліске қатысқандарды қудалауды тоқтатуды талап етеді. Ал әскерилер ең бірінші кезекте көтерілісшілердің қаруын тастау керектігі турасында талап қояды. Ал көтеріліске қатысқандардың көбі күресті жалғастыруды жақтайды.

23 мамырда жергілікті тұрғындардың бір тобы Куанджудан автобус арқылы шықпақ болған кезде оларға әскерилер оқ жаудырып, 17 адам қаза табады. Ал қала шетінде десанттар қателікпен өз қатарындағы қызметкерлерге оқ жаудырып, 13 әскериді жер жастандырады. Одан тыс әскерилер суда жүзіп, ойнап жүрген балаларға оқ атып, біреуін өлтіреді.

«ҮЛКЕН АҒА»

Кейінгі жылдары құпиясы ашылған ОБҚ (ЦРУ) құжаттары 1980 жылғы көтерілісте шешуші рөлді АҚШ-тың атқарғанын растап отыр.

Жалпы 1953 жылғы Кореяның екіге бөлінген соғысы аяқталғаннан кейін оңтүстікте америкалық әскер бекіген еді. 1980 жылдың 22 мамырында Оңтүстік Кореядағы АҚШ елшісі Уильям Глейстин Оңтүстік Кореяның сыртқы істер министріне «америкалық армия Куанджудағы тәртіпті ретке келтіруге және басқа өңірлерде проблемалардың туындамауы» үшін кореялық армияға қол ұшын созатынын жеткізген. Ол сонымен бірге АҚШ Куанджуда антиамерикалық көңіл-күй қалыптаспауы үшін өз әрекетінің ашық жариялануын қаламайтынын мәлім еткен.

Дәл сол күні Ақ үйде Оңтүстік Кореядағы жағдайға байланысты жиын өтеді. Оған мемлекеттік хатшы Эдмунд Маски, оның орынбасар Уоррен Кристофер, Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Дональд Грег (ЦРУ-дың Сеулдегі бұрынғы резиденті) және Збигнев Бжезински, Қорғаныс министрі Гарольд Браун, Біріккен штабтар бастықтарының төрағасы Дэвид Джонс және ЦРУ директоры Стэнсфилд Тернер қатысқан.

Отырысқа қатысушылар келісімге келіп, «басты басымдық ретінде келешекте одан да ауқымды көтеріліске жол бермес үшін күшті барынша аз жұмсап, Куанджуда кореялық билікті қалпына келтіруді» жөн деп шешеді. АҚШ билігі бұл ретте тәртіп орнағаннан кейін «кореялық билікті саяси еркіндік аясын кеңейтуге жол ашуға мәжбүрлеуді» мақсат еткен.

Сеулде америкалық әскерді басқаратын Джон Уик пен елші Уильям Глейстин «америкалық үкімет кореялық армияға Куанджуды алғаны» дұрыс деген шешімге келеді.

Куанджудағы көтеріліске басып-жаншу операциясының өзінің аты – «Керемет демалыс».

27 мамырда армияның бес дивизиясы қалаға басып кіріп, танктер мен тікұшақтарды пайдаланады. Толық жеңіске жету үшін әскерилер бар-жоғы бір жарым сағат жұмсаған. Шайқас барысында ондаған адам қаза табады.

Куанджудағы көтеріліс кезінде 1394 адам ұсталып, 427 адам соталып, жетеуі өлім жазасына кесіледі. 12 адам өмір бойы түрмеге қамалады.

ЕСКЕ АЛУ

Оңтүстік Кореядағы көтеріліс күшпен басылғаннан кейінгі алғашқы жылдары ол туралы ашық айтудың өзі қауіпті болған. Осы оқиға туралы кез келген мақаланың өзі қатаң цензураға ұшырап отырған. 1985 жылы сол көтеріліске қатысқан Ли Чжэ Ыидың «Куанджу күнделігі» атты кітабы жарыққа шығады. Өзін қорғау үшін автор кітапты лақап атымен жазып, таратқан. Кітаптың таралуына билік тарапы тыйым салғанымен, көшірмесі бүкіл елге мыңдап таралған. Кітапқа қойылған тыйым 1988 жылы Чон Ду Хван биліктен кеткеннен кейін ғана алынады.

1988 жылы ел парламентке тыңдау өткізіліп, оның қорытындысы бойынша 1980 жылғы оқиғаға ресми түрде «Куанджудағы көтеріліс» деген атау берілді.

Мемлекет кейін көтерілісті қатігездікпен басып жаныштағаны үшін кешірім сұрап, қанды оқиғаның құрбандарына үшін арнайы зират тұрғызады.

1995 жылы Ұлттық кеңес Куанджудағы көтеріліске кінәлі адамдарды жазалауға жол ашатын арнайы заң қабылдайды.

1996 жылы 26 тамызда әскери төңкеріске қатысқаны үшін экс-президент Чон Ду Хван (өлім жазасына) мен оның саяси серіктесі Ро Дэ У (22 жылға) сотталады.

2007 жылғы тыңдаудан кейін үкім өзгертіліп, Чон Ду Хван жазасы өмір бойы түрмеде жазасын өтеуге міндеттелсе, Ро Дэ Удың жазасы 17 жылға қысқартылады. Сол жылдың 22 желтоқсанында президент Ким Ён Сам «ұлттық достасуға» орай екеуіне рақымшылық жасайды.

1997 жылы 18 мамырда көтеріліске байланысты ресми еске алу күні бекітіледі. Сол тұста қайтыс болғандардың зираттарына Корея Республикасының президенттеріне жиі барып, құрбан болғандарға құрмет көрсетеді.

Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Ин мен оның жұбайы Кванджудағы халық көтерілісінің 40 жылдығына арналған жерлеу рәсімінде

Оңтүстік Корея тарихының осы бір қасіретті кезеңін «Таксист» фильмінде суреттелген. Туынды ақша табу үшін ғана жүрген қарапайым таксишінің көтеріліске қалайша шын кірісіп кетуге мәжбүр болғанын сипаттайды.

Қазақстандағы «Қасіретті қаңтардың» кейбір элементтері «Куанджудағы көтеріліске» ұқсайтынын жаздық жоғарыда. Оңтүстік Корея тарихтың сол парағынан сабақ алып, бүгін де қоғамдық институттары мен экономикасы дамыған, жалпы ішкі өнімі (2021 жыл) жан басына шаққанда 47 мың долларға жеткен (Қазақстанның ЖІӨ жан басына шаққанда 10 мың доллар) мемлекетке айналды. Ол елде экономикалық және саяси реформа қарқынды жүргізілді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «мемлекеттік төңкеріс» деп баға берген Қазақстандағы «Қасіретті қаңтардың» шындығы қандай? Ол шындық толық ашыла ма? Осы оқиға саяси және экономикалық институттардың дамуына жол аша ма? Көпшілікті алаңдататын сұрақ осы. Бұл сұрақтың жауабын табуда біздіңше, президентке де, халыққа да тең жауапкершілік жүктеліп отыр.

Серіктес жаңалықтары