Қамаудағы белсенді, блогер Мирболат Мырзатайұлының үстінен қозғалған іс сотқа жіберілді, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
15 қазанда өткен баспасөз мәслихатында Мирболат Мырзатайұлының жақтастары мен туыстары істің сотқа жолданғанын айтты. Соттың әділ өтуін талап етті.
«Прокуратура өзінің қорытындысын шығарыпты, енді сотқа кетті іс. Осы бір-екі күнде сот тыңдау басталады деп жатыр. Біз тек әділ шешім күтеміз. Әділ шешім шықса, тек әділдік орнаса, елдер бүйтіп жан-жаққа жаутаңдамайды», – деді Мирболат Мырзатайұлының әйелі Гүлшат Бишуинова.
Заңгер Асылбек Қараев174-баптың «ұлтаралық алауыздық қоздыру» ауқымы кең дейді. Оның сөзінше, оны кез келген жағдайда пайдалана беруге болады.
«Ұлтаралық алауыздық туғызды дегенге толық түсінік жоқ. Егер Қазақстан азаматы болып тұрып, біреуден қазақша сөйлеуді талап етіп, не болмаса қазақтың салт-дәстүріне қарсы дүниелер жасалып жатыр десе, ол қылмыс болып саналмайды. Конституцияда жазылғандай, өз ой-пікірін жеткізу әркімнің өз құқығы. Оның ішінде журналистің осындай мәселелерді қоғамда көтеруі ол қызметтік міндеті. Сондықтан бұл жердегі 174-баппен өз елімізде жүріп, ұлтараздық тудырды, алауыздық тудырды, қауіп төндіріп жатыр деген нәрсенің барлығы менің ойымша, үлкен жала», – деді ол.
Тағылған айып
Мирболат Мырзатайұлы ұсталған уақытта Алматы қаласының полиция департаменті оның үстінен қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша іс қозғалғанын айтқан. Кейіннен ол сот санкциясымен екі айға қамауға алынған.
«Бишуиновқа қатысты ҚР қылмыстық кодексінің 174-бабымен қылмыстық іс қозғалған. Сол бойынша қылмыстық-процесуалдық кодекстің 128-бабына сәйкес, ұсталды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қорғаушысы бар... Сол бойынша екі күн ішінде сот шешімімен санкциясын қарайды. Сотқа дейін отыра ма, отырмай ма деген сияқты», – деген сол уақытта Аламыт қаласы полиция департаментінің тергеу басқармасы басшысының орынбасары Болат Қасымбаев сол уақытта.
Контекст
2-ші қыркүйекте Мирболат Мырзатайұлының туыстары оның жоғалып кеткенін айтып, әлеуметтік желіде дабыл қаққан. Кейіннен оны полиция ұстағаны белгілі болған.
54 жастағы Мейірболат Мырзатайұлы «Журналистік зерттеулер агенттігі» You Tube арнасының авторы. Бұған дейін ұзақ жыл мемлекеттік телеарналарда қызмет істеген. Қазір арнаның 64 мыңнан астам жазылушысы бар. Негізінен елдегі сот процестері, митинг, пикеттерден ақпарат таратады.