×
471.46
555.38
6.18
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
471.46
555.38
6.18

25 трлн теңге: «Қарызсыз қоғам» қоғамды қарыздан неге құтқара алмай отыр?

15.04.2026, 16:00
25 трлн теңге: «Қарызсыз қоғам» қоғамды қарыздан неге құтқара алмай отыр?
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда әрбір екінші азаматтың мойнында несие бар. 2026 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша халық банктерге 24,8 трлн теңге қарыз. 90 күннен астам төленбеген несиелер сомасы 2 трлн теңгеге жетеғабыл. Берешегін төлей алмаған 1,5 млн адамның банк шоты бұғаттаулы.

Бұл проблеманың түйіні қалай тарқатылады? «Халықтың қаржылық сауатын ашамыз, қарыздан құтқарамыз» деп жарнамасы жер жарып тұрған жобалардан неге нәтиже болмай отыр?

«ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ»  ҚАНДАЙ ЖОБА?

Соңғы уақытта ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде «Қарызсыз қоғам»  жобасы белсенді насихатталуда. Қарызға батқандарға көмектесуді көздейтін жобаны 2023 жылдан бері «Amanat» партиясы жүзеге асырып отыр. Жалғыз емес. Үкімет пен Ұлттық банк қолдау көрсетеді.  

Жобаның ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, оның негізгі мақсаты – азаматтарға қаржылық және құқықтық  көмек көрсету, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша проблемалық берешекті реттеуге жәрдемдесу. Қаржы ұйымдары алдында 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кез келген қазақстандық жоба заңгерлеріне жүгіне алатыны жазылған.

«Қарызсыз қоғамның» үш жылдық есебіне сүйенсек, 1,4 млн адам тегін оқытылып, 1 млн-нан астам азамат заңгерлік және қаржылық кеңес алған. Жоба аясында 703 мың қарыз алушының 754 млрд теңгелік берешегі реттеліпті. Қаржы ұйымдары өз қаражаты есебінен 89 мың адамның қарызын толық, 470 мың адамның қарызын ішінара есептен шығарған.

ХАЛЫҚ ШЫНЫМЕН ШАПАҒАТЫН КӨРІП ОТЫР МА?

Жобаға Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев жетекшілік етеді. Мәжілісмен де, бағдарламаның бас заңгері Самал Абаева да әлеуметтік желілерде «Қарызсыз қоғамды» белсенді насихаттайды. Өз подкасттарын түсірумен шектелмей,  танымал YouTube-арналарға жиі сұхбат береді. Жобаның талай адамды тығырықтан шығарғанын, бұғатталған қаншама шотты ашып бергенін айтады.

«Қарызсыз қоғам» шын мәнінде қоғамды қарыздан құтқарып отыр ма? Желідегі пікірлерге қарасаң, жобаның игілігін мыңның бірі ғана көре ме деген ойға қаласың

«Тегін көмектеседі дегені өтірік. Екі жылдан бері бітіріп бермей отыр. Хабар өзімізден болады, кезекте кісі көп дейді. Және әр юристке ақша төлетті. Ертегіні қойыңыздар»,  – дейді  желі қолданушыларының бірі.

«Шындап келгенде ешқандай көмек көрсете алған жоқ. Ғажайып болып қалар деген үмітпен уақытты босқа зая кетірдім. Қазақстандағы банктер бұрын да, қазір де мемлекеттен биік тұр. Мен сияқтыларға өлімнен басқа жол қалған жоқ. Бәрі бұғаттаулы, елден шығуға рұқсат жоқ.  Аяқ-қолымыз байлаулы. Тиын-тебен беріп, миллиондарды талап етіп отыр! Қалай қайтарам? Өлу ғана қалды!» деп күйінеді тағы бір отандасымыз.

«Бір жыл болды жауап жоқ, екі жылдан асты сеніп отырғанымызға», «Адамдарды босқа үміттендіресіздер. Ештеңе шешкен жоқ, басын бастап,  шеше алмай аяқсыз тастады» деп күдер үзгендер де көп.

ЖОБА ӨКІЛДЕРІ НЕ ДЕЙДІ?

Жоба өкілдерінен сұрасақ, тегін көмекке күн сайын 5000-6000 адам жүгінетінін, жәрдем сұраушылардың бәріне бірдей көмектесу мүмкін еместігін айтады.

«Астана тұрғындары офлайн қабылданады. Ал басқа қала, аудан, ауыл тұрғындары онлайн жүгіне алады. Бізге бір-екі рет қоңырау шалып, көмек бермейді деу – үлкен қателік. Бізге түскен өтініштер осында отырған заңгерлер мен кеңесшілерге бөлінеді. Call-орталықта отыратын 180 заңгер әр өтінішті жеке қарастырады. Күнде мыңдаған адам көмек сұрайтындықтан және көбінің мәселесі күрделі болғандықтан бірден шешілмеуі мүмкін. Бірақ ешкімді алаламаймыз. Мамандар үлгергендерінше барлық көмек сұраушыға жәрдемдесуга тырысады. Өтініш беру тетігін жай әншейін баса салатын адамдар да болады. Хабарлассаң жауап бермейді. Олар да уақытты алып, өзгелердің мәселесі дер кезінде шешілуіне кедергі келтіреді», – деп түсіндірді өзін Айгерім деп таныстырған жоба өкілі.

БАНКТЕР ҚАЛАЙ БАЙЫДЫ?

Расында да, қарызға батқандардың көп екенін көзбен көріп, құлақпен естіп отырған соң жобаның басы-қасында жүрген жүздеген адамның еңбегін құнсыздандыра алмайсың. Несиені оңды-солды алып несі бар деп халықтың өзін кінәлау оңай, әрине. Мәселенің түбін қазсаң, бас пайдасын ғана ойлайтын банктерге барып тірелесің.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтің айтуынша, халық кінәлі емес. Ол халықты қарызға батыру үшін лоббистік заңдар шығарған банктердің әрекетіне бақылау орнату керегін айтады.

«Аңқау ел өмір бойы банкті айналшықтап жүретіндей, бүкіл табысын банкке әкеліп беретіндей жүйе жасаған. Онымен қоймай, халықтың санасына «сені кінәлісің» дегенді құйып тастаған. Өзің алдандың, алаяққа беріп қойдың деп адамдардың өзін айыптайды. Шын мәнінде, банк берем демесе, ешкім несие ала алмайды. Банктікіндей мықты қорғаныс жүйесі еш жерде жоқ. Банктердің табысы мұнайдың, басқа да ірі салалардың табысынан бірнеше есе артық. Өткен жылы 3,5 трлн теңге табыс тапқан», дейді депутат.

Басқа елдерде банк бизнесті қолдаудың арқасында табыс тапса, қазақстандық банктерді тұтынушылық несиелер байытып отырғаны жасырын емес. 500 мың теңге алып, 2-3 млн теңге етіп қайтару өзге мемлекеттер үшін нонсенс болса, қазақстандықтар үшін қалыпты нәрсе. Тіпті, онлайн несиені заңдастырудың өзі  түптеп келгенде халықты қарыз қақпанынан босатпаудың амалы болғанын уақыт көрсетіп отыр.

«3 сәуірден бастап телефонмен қарыз беру, онлайн несие дегеннің бәрін тоқтаттық. 2020 жылы коронавирус пандемиясы кезінде Бағдат Мусин банктерге азаматтардың атынан қол қоюға рұқсат беріп қойған. Құжаттың бәрін көтердім. Бірде-бір заңда мұндайға рұқсат берілмеген. Алайда министр сол уақытта жұмыссыз қалғандарға берілген жәрдемақыны рәсімдеуді оңайлатам деген желеумен банктерге бар билікті беріп қойған», – дейді Мұрат Әбенов.

Күзде заңға енгізілген өзгерістер осы айдан бастап күшіне енді. Демек, бұдан былай банктер азаматтардың орнына қол қою үшін Ұлттық банктен рұқсат алуға міндетті.

НОТАРИУСТАРҒА ШОТ БҰҒАТТАУ ҚҰҚЫҒЫН БЕРГЕН КІМ?

Қазақстанда шоты бұғатталған 1,5 млн адамның мәселесі де талай мінберде көтерілді. Мұрат Әбеновтің сөзінше, бұл да – лоббистік норма.

«Кез келген құқықтық мемлекетте құқықты шектеу сот шешімі арқылы жүзеге асады. Шотын жабуды, шетелге жібермеуді сот шешуі қажет. Әлемдік тәжірибеде солай. Бізде ше? 2019 жылдан бастап банктер клиенттерінің шотын бұғаттауды жеке нотаруистар арқылы жасап отыр. Нотаруистар мемлекеттің орнына шешім шығарып, мынау банктің алдында айыпты деп азаматтардың шотын жауып тастайды, – деп түсіндірді депутат.

Сонда депутаттар қайда қараған деген заңды сұрақ туады. 2019 жылы тиісті өзгерісті енгізу мәселесі көтерілгенде Жоғарғы сот нотариустарға мемлекет атынан шешім қабылдау құқығын беруді қолдаған. Халықтың шотын бұғаттауды ұсақ-түйек шаруа көрген судьялар өз жұмыстарын жеңілдетуді көздеген.

«Салдарынан банктер өздерінің қасынан жеке нотариус ашып қойып, жеке сот орындаушысын сайлап алып, үш жақтап адамдарды қарызға батырып отыр.Жақында мен нотариустардың мемлекет атынан шешім шығару құқығын алып тастау туралы ұсыныс бердім. Әділет министрлігі қолдады. Десе, шенеуніктердің көбі бұл Кәсіпкерлік кодекске қайшы, бизнеске кедергі жасауға болмайды деген уәж айтты. Бір түсінгенім, кәсіпкерлік кодекс деген тоталитарлық мемлекеттің, олигархтық мемлекеттің заңы», – деп түйіндеді мәжілісмен.

Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін депутат Кәсіпкерлік кодексті түп-тамырымен алып тастауға күш салмақ. Ол халыққа қарсы шығарылған құжаттың бәрі қолданыстан шығарылуы керегін айтады.

Серіктес жаңалықтары