×
444.14
477.05
4.85
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
444.14
477.05
4.85

Жұмысынан айырылған қазақстандықтар жәрдемақы алу үшін не істеуі қажет

27.09.2021, 15:00
фото: Ашық дереккөзден

2021 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылар саны 82,6 мың адамды құрады. Бұл ретте биылғы жылы 58,8 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 40%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады, дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. 

Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге:

- eGov.kz порталында авторизациялану;

- «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;

- онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;

- бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі халықты жұмыспен қамту орталығы (бұдан әрі – ХЖҚО) бос жұмыс орындарын ұсынады;

- егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге ХЖҚО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады);

Бұл қызметті онлайн режимінде электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.

Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде еңбекминнің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.

Атап өтсек, МӘСҚ қаражаты есебінен жұмыстан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адамды ол жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған.

Бұдан бұрын хабарланғандай, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанның 40 қаласының тұрғындары үшін электрондық еңбек биржасы арқылы халықты жұмыспен қамту орталықтарының қашықтықтан қызмет көрсету функционалын іске қосты.

Пилоттық жоба жұмыссыздарды тіркеу рәсімдерін жеңілдету және жұмыспен қамтуды қолдау бойынша мемлекеттік қызметтерді, оның ішінде жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді алуды жеңілдету үшін іске қосылды. Енді барлығын тек интернет, компьютер және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы ғана жасауға болады.

Серіктес жаңалықтары