×
441.66
475.14
4.86
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.66
475.14
4.86

Қазыбек Иса Үкіметтен Желтоқсан көтерілісін ұлт азаттық көтеріліс ретінде тануды талап етті

08.09.2021, 10:23
Желтоқсан

Мәжіліс депутатының айтуынша, Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығы ресми деңгейде аталып өтуі керек, деп хабарлайды ulysmedia.kz тілшісі.

«Ұлттық тарихымызда Желтоқсан көтерілісінің орны ерекше! 1986 жылы әлемдік алпауытқа айналып тұрған қаһарлы Кеңес империясынан теңдік сұрап, Азаттық үшін алаңға шыққан көтеріліске биыл 35 жыл. Жетпіс жылдық тас бұғау да жігерін жасыта алмаған, ұлттық намысын тұншықтыра алмаған Қазақ жастары алаңға шыққан күн - Тәуелсіз ел үшін ең қастерлі күндердің бірі болуы тиіс!» - дейді Мәжіліс депутаты.

Оның айтуынша, қазақ жастары қылышынан қан тамған кеңес империясы кезінде алаңға нан үшін емес, намыс үшін шыққан. Пұл емес, тіл сұрап шыққан.

«Ең бастысы - сол Тәуелсіздік жолында құрбан болып, ауыр зардап шеккен Желтоқсан қаһармандарының қазіргі жағдайы қалай?  Желтоқсан көтерілісінің Тәуелсіз ел тарихындағы зор маңызын  Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айқын көрсетіп берді. Ұлт мүддесін қорғап алаңға шыққан желтоқсандықтардың басты мақсаты -«Әр халыққа өз басшысы» деген ұран  болды. Бұл 70 жылдық кеңес империясына қарсы алғашқы ашық айтылған Тәуелсіздік идеясы, алғашқы айқас еді.   Мыңдаған жастардың аяусыз жазаланып, қудалануы да, бұл жай оқиға емес, нағыз көтеріліс болғандығының айқын белгісі!» - дейді депутат.

Қазыбек Иса сол қозғалыста опат болған Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджановаларға  «Халық Қаһарманы» атағын беру керектігін атап өтті.

«Президент арнайы атап өткен Желтоқсанның 35 жылдығын біздің үкімет қалай ұлықтамақ? Әзірге біз білетін алғашқы  «сыйлық» - Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Желтоқсан атындағы жалғыз көшенің атын алып тастау болды!?» - дейді ол.

«Ақ жол» партиясы атынан Қазыбек Иса мынадай ұсыныстарды білдірді:

  1. 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы  Кеңестік қызыл империяға  қарсы шыққан Желтоқсан көтерілісі – ұлт азаттық көтеріліс ретінде танылып, бағалануы қажет. Желтоқсандықтарға «Желтоқсан көтерілісіне қатысушы» құқықтық мәртебесі берілуі керек.
  2. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев еліміздегі айрықша атаулы күндер қатарында  атаған  Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығы ресми деңгейде атап өтілуі керек.
  3. Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы заңға Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларды қолдап, көтермелейтін арнайы өзгеріс енгізілуі керек.
  4. Желтоқсан көтерілісіне қатысып, оқудан, жұмыстан шығып қалғанын әлі растай алмай жүрген  азаматтарды «Желтоқсан көтерілісіне қатысушы»  ретінде тануда қолдан жасалған қаптаған кедергілерді жойып, анықтама алуды жеңілдету керек.
  5. Азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы тиіс. Жастарымызға патриоттық тәрбие беру үшін оқулықтарда жеткілікті жазылуы қажет.
  6. Қазақстан қалаларында Желтоқсан қаһармандарына арналған алаңдар ашылып, монументтер  орнатылуы тиіс.
Серіктес жаңалықтары