×
441.44
473.09
4.75
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.44
473.09
4.75

"57 мың теңгеге өмір сүру мүмкін емес": мәжілісмен елдегі ең төменгі зейнетақы мөлшері жайлы

18.10.2023, 17:21
Коллаж: Ulysmedia.kz

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында мәжілісмен Әділ Жұбанов зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін ең төменгі жалақы мөлшерімен теңестіруді ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Депутаттың айтуынша, Қазақстанда 30 жыл ішінде әлеуметтік сала бойынша шешімін таппаған ең басты мәселе  – халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігі. Ол еліміз бай болса да, әлеуметтік қолдауды қажет ететін аз қамтылған халық саны жыл сайын артып бара жатқанын атап өтті.

“30 жылда ең төменгі жалақы мен зейнетақыны місе тұтып келеміз. Бұл халықтың қарызға кіріп, несиенің құрығына түсуге итермелейді. Мемлекет белгілеген ең төменгі зейнетақы мөлшерi – 57 853 теңгеге өмір сүру мүмкін емес. Өздеріңіз көріп отырғандай, Қазақстанға зейнетақы жүйесін қайта жаңғырту керек. Бұл ретте ең аз зейнетақы алатын зейнеткерлердің зейнетақысын көбейтудің маңызы зор. Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін ең төменгі жалақы мөлшерімен теңестіру қажет. Зейнетақы жүйесіндегі тиімді өзгерістер – зейнеткерлердің әлеуметтік жағдайының, өмір сүру сапасының азда болса артуының бірден-бір көрсеткіші. Біздің елде зейнеткердің ең төменгі зейнетақысы дәрі-дәрмек пен дұрыс демалуды айтпағанда, тамағына әрең жетеді”, – деді Әділ Жұбанов. 

Мәжілісмен келесі жылы үкіметке ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге дейін көтеру тапсырылғанын еске алды. Ол зейнетақының ең төменгі мөлшерлемесін ең төменгі жалақымен теңестіру – Үкімет алдындағы кезек күттірмейтін өзекті мәселелердің бірі болуы қажет деп есептейді.

“Мемлекет азаматтардың ең төменгі жалақы деңгейінен төмен емес зейнетақы алуына кепілдік беруі қажет. Әлемнің кейбір елдерінде адамның зейнетақысы белгіленген ең төменгі мөлшерден төмен болса, онда мұндай зейнеткерге әлеуметтік үстемеақы төлеу тәжірибесі бар. Ең төменгі зейнетақыны алатын кім деген сұрақ туындайды? Ол, еңбеқ өтілімі жоқ, зейнетақы қорына ақшасы салынбаған адам. Ондай адамдар көбіне ауылдық жердің тұрғындары. Ауыл тұрғынында еңбек өтілімі қайдан болады, егер сол кездегі мемлекет басшысы жасап тұрған совхоздар мен колхоздарды күшпен таратып, енді біз етті Бразилия, Аргентинадан аламыз десе?”- деді Жұбанов.

Айта кетейік, бұдан бұрын елімізде орташа зейнетақы мөлшері 51 теңгеге өскені хабарланды. Естеріңізде болса, 1 қыркүйекте жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 937 теңгені құраған еді. Ал 2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша оның мөлшері 120 988 теңге болды.

Серіктес жаңалықтары