Сенатор Геннадий Шиповских өзінің депутаттық сауалында «Қазақстан темір жолы» компаниясының қатардағы қызметкерлерінің зейнет жасын 55 жасқа дейін төмендетуді ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Депутат жауапты меморган теміржолшылардың негізгі мәселелерін, оның ішінде жалақының төмендігін, тұрғын үйдің жоқтығын және зейнетке шығу жасын төмендету мәселесін әлі шешпегенін айтты.
Геннадий Шиповскихтың пікірінше, көлік министрлігінің теміржолшылардың еңбекақысы жайлы мәліметі шындыққа сәйкес келмейді. Ведомство ақпаратынша, ең төменгі санаттағы «байланыс және белгі беру» мамандарының жалақысы Ақтөбеде 382 мың теңгені, Қызылордада 354 мың теңгені, ал ең төменгі санаттағы жол жөндеушінің жалақысы Абай және Павлодар облыстарында 280 мың теңгені құрайды.
«Өңірлердегі теміржолшылардан алған мәліметтерге сүйенетін болсақ, ең төменгі санаттағы «байланыс және белгі беру» мамандарының қолға алатын жалақысы Ақтөбеде жобамен 200 мың теңге, Қызылордада 180 мың теңге, дәл солай ең төменгі санаттағы «жол жөндеушінің» жалақысы Абай облысында 160 мың теңге, Павлодар облысында 205 мың теңгені құраған. Министрлік пен өңірлердегі теміржолшылардан алған ақпарат екі түрлі. Біз қайсысына сенеміз? Әрине, халықтың ақпаратына сенеміз», - деді сенатор.
Депутат теміржол саласында140 мыңға жуық адам жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
«Біріншіден, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жылдық табысын, мемлекеттен берілетін субсидияны және инфляцияны ескере отырып, теміржол саласының қарапайым жұмысшыларының жалақысын көтеру керек. Екіншіден, теміржол саласындағы қарапайым жұмысшыларға корпоративтік келісім немесе басқаша тетіктерді қарастыра отырып, 55 немесе 57 жастан зейнетке шығаруды қамтамасыз ету маңызды. Үшіншіден, теміржол қызметкерлеріне арналған тұрғын үй бағдарламасы әзірленуі керек, сондай-ақ бағдарламаның тетіктерін барлық өңірге енгізіп, жергілікті атқарушы органдармен нақты алгоритмі жасалуы тиіс», - деді Шиповских.
Айта кетейік, премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында мәжілісмен Әділ Жұбанов зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін ең төменгі жалақы мөлшерімен теңестіруді ұсынды. Оның пікірінше, мемлекет белгілеген ең төменгі зейнетақы мөлшерi – 57 853 теңгеге өмір сүру мүмкін емес.
Сондай-ақ, бұдан бұрын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қазақстандық кеншілердің 55 жаста зейнетке шығуы үшін қажетті шарттарды атаған.