Қостанай көлік прокуратурасының ұсынуы бойынша «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС филиалы -ЖТ Қостанай бөлімшесінің құқықтық актісіне өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл акт прокуратураның араласуына дейін жүк тасымалдаушы тарапынан «Қостанай» станциясының ішінде вагондарды жылжыту үшін кәсіпкерлерден қаражат алуға мүмкіндік берген.
«Станция шекарасы шегінде вагондарды әрбір беру-жинау үшін алымдар көзделген, бұл өз кезегінде түпкі тұтынушы (қарапайым азаматтар) үшін олардың өнімдерінің қымбаттауына алып келген. Нәтижесінде кәсіпкерлерден 7 млн теңгеден астам алымдар негізсіз өндірілген», - деп атап өтті прокуратура өкілдері.
Жоғарыда көрсетілген ұсынуды қарау нәтижесі бойынша қосымша алымдарды өндіріп алудың заңсыз тәжірибесі тоқтатылды.
«Бүгінде кәсіпкерлерге ақшалай қаражатты қайтару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ұлттық тасымалдаушының осыған ұқсас құқықтық актілерін зерделеу жөніндегі жұмыс басқа өңірлерде де жалғасын табады», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұдан бұрын көлік прокурорлары «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-нің филиалдарында қаржыландыруға жатпайтын 742 адамға 10 млн теңгеден астам сомаға сыйақылар мен төлемдерді заңсыз есептеу фактілерін анықтаған.
Кәсіпорынның Ақмола филиалы өмірден жеті жыл бұрын өткен зейнеткер атына ақшалай қаражат аударып отырған. Бұдан бөлек, Қарағандыда кадр бөлімінің басшысы ата-анасын теміржолшы зейнеткері ретінде заңсыз тізімге қосып, оларға бес жыл бойы 1 млн теңгеден астам сомаға жеңілдіктер, өтемақы төлемдері мен сыйлықақыларды беріп отырған.