Сенатор Нұртөре Жүсіп Үкімет депутаттардың ұлттық құндылықтарды ілгерілетуге бағытталған ұсынымдарын құлаққа ілмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдаған сенатордың айтуынша, парламенттің жоғары палатасы ұлттық құндылықтарды ілгерілету бағытында көп жұмыс атқарылған. Атап айтқанда, Сенатта кейінгі екі жылда осы тақырыпта 2 парламенттік тыңдау, 3 дөңгелек үстел, 3 кездесу, 3 комитеттің кеңейтілген отырыс өтіпті.
Нұртөре Жүсіп дәстүрлі мәдениетке, төл тарихымызға, отбасы институтын нығайтуға, бұқаралық ақпарат құралдарындағы идеологиялық ағартушылықты күшейтуге қатысты 10 депутаттық сауал жолданғанын атап өтті.
«Алайда, Үкімет Сенаттың ұсынымдарына тек бірыңғай сырғытпа жауап беріп келеді. Берілген ұсынымдар ескеріле бермейді. Сонда біз бұл мәселелерді қашанғы сөз ете береміз? Мәселен, «Интернет желілерде және еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарында ұлттық руханиятқа жат, теріс құндылықтарды дәріптейтін ақпараттарға тұрақты түрде талдамалық шолу жасап, Ұлттық баяндама әзірлеу және оны мемлекеттік басқару институттарына жолдау» жөніндегі ұсыным назардан мүлдем тыс қалды», - дейді ол.
Депутат «Қазақстан халқына» қоры мен мемлекетке қайтарылатын активтерден түскен қаржы әлеуметтік жобаларды ғана емес, ұлттық құндылықтарды ілгерілетуге бағытталған жобаларды да қаржыландыруы тиіс деп есептейді.