Жамбыл облысы Байзақ ауданында балалар мен ересектер мектеп асханасындағы тамақтан уланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті.
Ауданның орталық аудандық ауруханасына мектеп асханасында түскі ас ішкен 48 адам келіп түскен. Оның 35-і ауруханаға жатқызылды. Екеуі ересек, қалғаны — балалар. Балалардың көбі – 7-10 жас аралығындағы оқушылар.
— Бәрі — Байзақтағы Н. Киікбаев атындағы орта мектептің оқушылары. Зардап шеккендерге «жіті тамақ токсикоинфекциясы» диагнозы қойылды, — дейді дәрігерлер.
Ауруханаға жатқызылғандардың жағдайын орташа ауыр және бірқалыпты деп бағаланып отыр. Облыстың денсаулық сақтау басқармасы уланған балалардың жағдайы бақылауда екеніне сендірді.
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, арнайы комиссия құрылып, мектеп толығымен оқшауланған. Онда бактериологиялық зерттеулер жүргізіледі. Сонымен қатар, мектепте тамақтануға жауапты "Токсеитов" ЖК жұмысы толығымен тоқтатылды.
Еске салайық, жуырда Алматы облысы Қарасай ауданындағы ауыл мектептерінің бірінде бастауыш сынып оқушыларына жарамдылық мерзімі 2 жыл бұрын өтіп кеткен йогурт берілгені анықталды. Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сүйенсек, балаларға тегін ыстық тамақтан бөлек, 2021 жылы жарамдылық мерзімі өтіп кеткен "Растишка" йогурты берілген.
Мектеп басшылығы өнім жеткізушіні өзгерту және келісімшартты бұзу туралы шешім қабылданғанын, іс сотқа жіберілетінін хабарлады. Жеткізушінің өзі көтерме базардан өнім алған кезде жарамдылығы өтіп кеткен өнімдерді байқамай қалғанын айтып ақталды. Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше, осы дерекке қатысты ҚР ҚК 306-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сондай-ақ, жуырда Павлодардағы мектептің асханасында балаларға берілген ботқадан құрт шыққаны жайлы ақпарат тарады. Тағам ішіндегі жәндіктің фотосы таратқан желі қолданушылары оқушылардың денсаулығына немқұрайлы қарағандарды қатаң жазалауды талап етті. Алайда М.Әуезов атындағы орта мектептің директоры сөгіспен құтылғаны белгілі болды.
Осындай оқиғалардан кейін Оқу-ағарт министрі Ғани Бейсембаев ата-аналарды мектептегі тамақ сапасын бақылайтын комиссия құрамына қосылуға шақырған болатын.