×
439.4
473.54
4.76
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
439.4
473.54
4.76

Ұлттық қор күрт ортайды: мамандар себебін түсіндірді

10.11.2023, 10:03
Коллаж: Ulysmedia.kz

Өткен айда Ұлттық қор қаражаты 57,8 млрд доллардан 56,3 млрд долларға дейін төмендеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ұлттық банк басшысының орынбасары Әлия Молдабекова биыл Ұлттық қорда оң инвестициялық табыс қалыптасқанын хабарлады. Оның көлемі 1,8 миллиард долларды құрады.

Десе де, қазан айында Ұлттық қор активтері 56,3 млрд долларға дейін төмендеді.

"Ұлттық қор көлемінің төмендеуінің негізгі себебі – үкіметтің шешімі бойынша трансферттер бөлу және "ҚазМұнайГаз" акцияларын сатып алу үшін ішкі валюта нарығында сатудың елеулі көлемі", - деп атап өтті Молдабекова.

Акцияларды сатып алу көлемі 500 млрд теңгені құрады. Мемлекет бюджетіне 369,8 млрд теңге көлемінде трансферттер түсті.

Ал Ұлттық қордың шоттарына түсетін валюталық түсімдер қазан айында 367 млн долларды құрады, деп толықтырды Молдабекова.

Айта кетейік, үкіметтің алдына Ұлттық қордағы қаражатты 2030 жылға қарай 100 млрд АҚШ доллларына жеткізу міндеті қойылған.

Жуырда депутаттар Ұлттық қорға қол салуды тоқтатуды талап етті. Ұлттық қордың инвестициялық табысынан балаларға қаражат аударыла бастайтынын айтқан мәжілісмендер енді халықтың Ұлттық қордың қаражатына, Ұлттық қорға деген назары ерекше болатынын атап өтті. Өйткені әр ата-ана өз балаларына Ұлттық қордан қанша ақша түсті деп күтіп отырады.

Бұдан бұрын Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов "Ұлттық қор - балаларға" жобасының қалай іске асырылатынын түсіндірген. Оның айтуынша, бейінді мемлекеттік органдар балалардың жеке шоттарына қаражат аударуға 100% дайын.

"2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап біз зейнетақы аударымдары ретінде аударамыз. Кірістер әр баланың жеке шотына түседі. Ол 18 жасқа толғаннан кейін бұл ақша оған төленеді. Есеп доллармен жүргізіледі, біз балалардың жинақтарын 18 жыл ішінде ықтимал құнсызданудан сақтағымыз келеді. Ол 18 жасқа толғаннан кейін қаражатты теңгемен алады", - деді Сүлейменов.

Серіктес жаңалықтары