×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

Бар-жоғы 60 млрд доллар қалды: депутаттар Ұлттық қорға қол сұғуды тоқтатуды талап етті

01.11.2023, 16:22
Коллаж: Ulysmedia.kz

Депутат Нұртай Сабильянов Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық қордан қаражат алуды тоқтатуды ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мәжілісмен үкіметтің алдына Ұлттық қордағы қаражатты 2030 жылға қарай 100 млрд АҚШ доллларына жеткізу міндеті қойылғанын еске салды.

«2021 жылдың басында Ұлттық қордағы қаражат 67 млрд доллар болса, қазір қорда бар-жоғы 60 млрд доллар қалып отыр. Қордың қаражаты азайған. Енді 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысынан балаларға қаражат аударыла бастайды. Парламент тиісті заңды қабылдады. Енді халықтың Ұлттық қордың қаражатына, Ұлттық қорға деген назары ерекше болады. Өйткені әр ата-ана өз балаларына Ұлттық қордан қанша ақша түсті деп күтіп отырады. Сондықтан, менің ойымша, Ұлттық қордан болашақта қаражат алуды тоқтатып, оның тиімділігін арттырумыз керек», - деді Сабильянов.

Ұлттық қорды пайдалану тиімсіз екенін айтқан депутат республикалық бюджеттің тапшылығы экономиканы дамыту арқылы жабылуы керек деп есептейді.

«Осы мәселені түпкілікті шешу үшін қандай шешім қабылданады?», – деп сұрады Нұртай Сабильянов Әлихан Смайыловтан.

Премьер-министр 2024 жылы Ұлттық қордан тартылатын нысаналы трансферттің көлемі 1,6 трлн теңгені құрайтынын айтты.

«Бұл қаржы әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық инфрақұрылымдағы жобаларды қаржыландыруға бағытталған. Сонымен қатар, Ұлттық қордан тартылатын қаражат, нысаналы трансферттер жыл сайын азаяды. Оның орнын республикалық кірістер толтырады. Ол үшін тиісті инвестицияларды тартып, нақты секторды қаржыландыру мәселелерін шешеміз. Бұл қадамдар мемлекеттік қолдау іс-шаралары арқылы, яғни шағын және орта бизнесті қолдау, агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру аясында іске асырылады. Қазір 32 трлн теңгені құрайтын 970 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатырмыз», - деді Смайылов.

Еске сала кетейік, жуырда  Ұлттық қордан балаларға ақша бөлуді көздейтін заң жобасын сенаторлар Мәжіліске қайта жолдаған еді. Мәжіліс депутаттары құжатқа сенаторлар енгізген түзетулермен келісті.

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов "Ұлттық қор - балаларға" жобасының қалай іске асырылатынын түсіндірген. Оның айтуынша, бейінді мемлекеттік органдар балалардың жеке шоттарына қаражат аударуға 100% дайын.

"2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап біз зейнетақы аударымдары ретінде аударамыз. Кірістер әр баланың жеке шотына түседі. Ол 18 жасқа толғаннан кейін бұл ақша оған төленеді. Есеп доллармен жүргізіледі, біз балалардың жинақтарын 18 жыл ішінде ықтимал құнсызданудан сақтағымыз келеді. Ол 18 жасқа толғаннан кейін қаражатты теңгемен алады", - деді Сүлейменов.

 

Серіктес жаңалықтары