×
$
447.94
€
502.32
₽
5.52
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
447.94
€
502.32
₽
5.52

Ұлттық банк жыл соңына дейін базалық мөлшерлемені қайта төмендетпейтінін аңғартты

Бүгін, 13:50
Ұлттық банк жыл соңына дейін базалық мөлшерлемені қайта төмендетпейтінін аңғартты
Ulysmedia коллажы

Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені жылдық 16,25%-дан 15,75%-ға дейін төмендетті. Реттеушінің бағалауынша, 2026 жылдың соңына дейін мөлшерлеменің тағы өзгеру ықтималдығы төмен. Жыл соңында инфляция тіпті сәл жеделдеуі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Базалық мөлшерлеме неге төмендетілді?

Қазақстанда жылдық инфляция қатарынан он екінші ай баяулап келеді. Қыркүйекте бұл көрсеткіш 9,3% болды. Бір жылда азық-түлік бағасы 8,5%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11%, қызметтер 8,9% қымбаттады.

Халықтың алдағы бір жылға арналған инфляциялық күтулері де 12,1%-дан 11,8%-ға дейін төмендеді. Қаржыгерлер енді 2026 жылдың соңында инфляция 9,5%, ал 2027 жылы 8,3% болады деп болжап отыр.

– Жылдық инфляция мен инфляциялық күтулердің одан әрі төмендеуі базалық мөлшерлемені азайтуға мүмкіндік берді, – делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Соған қарамастан, ақша-кредит саясаты біршама қатаң күйінде қалады. Реттеушінің түсіндіруінше, бұл 2028 жылы инфляцияны 5% нысаналы деңгейге қайтару үшін қажет.

Мөлшерлемені одан әрі төмендетуге не кедергі?

Ұлттық банк баға қысымы әлі де жоғары деп есептейді. Бағаның өсуіне мемлекеттік шығындар мен экономиканы ынталандыру шаралары, халықтың инфляциялық күтулерінің жоғарылығы, жанармай бағасы және реттелетін тарифтер әсер етіп отыр.

Сыртқы тәуекелдер де бар. Таяу Шығыстағы қақтығыс әлемдік энергия бағасының жоғары деңгейде сақталуына ықпал етеді. Әлемде азық-түлік бір жылда 5,8% қымбаттады.

Қыркүйекте Еуропалық орталық банк биыл екінші рет мөлшерлемені көтерді. АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі де 2023 жылдан бері алғаш рет мөлшерлемені жоғарылатты. Ал Ресей банкі мөлшерлемені төмендетуді тоқтатты.

Жыл соңына қарай Қазақстанда коммуналдық тарифтердің әсерінен инфляция жеделдеуі мүмкін. 2025 жылғы қазаннан 2026 жылғы наурыздың соңына дейін тарифтерді көтеруге мораторий енгізіліп, 2025 жылдың төртінші тоқсанында коммуналдық қызметтердің тарифтері 14%-ға төмендетілген еді. Осы төмен базаның әсерінен жылдық бағаның өсу қарқыны жоғарылауы мүмкін.

– Қазіргі тәуекелдерді ескере отырып, 2026 жылдың соңына дейін базалық мөлшерлеменің өзгеру ықтималдығы төмен болып қала береді. Оны одан әрі төмендету баға қысымының тұрақты түрде әлсірейтіні расталуына байланысты болады, – делінген хабарламада.

Экономикадағы жағдай қандай?

2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстан экономикасы 4,2% өсті. Өсімге шикізаттық емес салалар, әсіресе құрылыс, өңдеу өнеркәсібі және көлік саласы үлес қосты.

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 7% артты.

Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешімін 2026 жылғы 4 желтоқсанда жариялайды.