×
443.44
480.51
4.88
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.44
480.51
4.88

Сала құрдымға кетіп барады – Қожаназаров жылыжай мәселесін көтеріп, Смайыловқа сауал жолдады

16.11.2023, 13:30
Коллаж: ulysmedia.kz.

Қазақстандағы жылыжай иелерінің проблемасына Мәжіліс жіті назар аудара бастады. Бұл жолы Республика партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров премьер-министрге депутаттық сауал жолдап, сала әбден құлдырағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

Депутат екі апта бұрын Түркістан облысына барып, оңтүстік өңірдің шаруаларының құрылтайына қатысқанын айтады. Оның сөзінше, халықта шешімін күтіп отырған мәселе көп. Соның бірегейі – жылыжай мәселесі. “Сала әбден құлдыраған” деп баға береді ол.

– ​Елімізде 1,2 мың гектар жылыжай кешені бар. Олардың 80%-ы Түркістан өңірінде шоғырланған. Осы жылыжайлардың 90%-ы фермерлік жылыжайлар. Олар бүгінде 10 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. ​Соңғы екі жылда жылыжай саласы құрдымға кетіп барады. Шаруалар жылыжайларын бұзып, қаңқасын темір-терсекке өткізіп жатыр. Себебі шоғырланған мәселелерін шешуде Үкімет тек уәде берумен шектеліп отыр, – дейді ол.

Айдарбек Қожаназаровтың айтуынша, аграрлық несиелік корпорация тарапынан фермерлік жылыжайларды арнайы жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы әлі де әзірленбеген. Шаруалар кәсібін жүргізуге микроқаржы ұйымдарынан 45%-бен несие алуға мәжбүр. Осы уақытта шаруалардың жартысы несиесін жаба алмай, банкрот жағдайға жеткен. Мысал ретінде депутат қыста жұмысты жүргізу үшін түркістандық жылыжайшыларға 450 мың тонна көмір керектігін айтады. Облыс әкімдігі мен Энергетика министрлігінің көмір кеншілерімен арзандатылған бағамен көмір алуға келіскен лимиті 150 мың тоннадан аспайды.

– Ол да жеткізу шығындарын, делдалдардың қосатын бағасын есептегенде тоннасына 25 мың теңгеге шығады (былтырғы баға — 17,6 мың теңге.). Шаруаларды тығырыққа тіреп отырған ең басты мәселе — маусымдық импорт. Былтырдан бері шаруалар Түрікменстан мен Өзбекстаннан демпингтік бағамен қызанақ пен қияр кіріп жатқанда дабыл қағып, Үкіметтен шара қолдануды сұрады. Алайда еститін құлақ болмады. Биылдан бастап біздің жылыжайшылар қызанақ өсіруді қойды, себебі шығынын ақтамады. Ал нәтижесін қазір көріп отырмыз. Дәл қазір базарға барсаңыз килограмы 1000 теңгеден төмен қызанақ таппайсыз. Ал жаңа жылда үстелдеріңізге қызанақ пен қиярды еттің бағасымен сатып алып қоюға дайын отырыңыздар. Осы орайда орынды сұрақ туындайды: неге сол импортерларыңыз былтыр 200 тг сатқан қызанақты қазір 800 теңгеден сатады? – деп сұрайды депутат.

​Қалыптасқан жағдайда шаруаларды кешенді қолдау мақсатында Үкімет тарапынан депутат келесі ұсыныстарды қарап, жедел шешімдер қабылдауды сұрайды.

  • ​Жылыжай саласында шаруаларға қаржылық сауықтандыру жүргізу және жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасын әзірлеу қажет. Ол үшін Аграрлық несиелік корпорациясы арқылы «Кең дала» бағдарламасы аясында жылыжай саласына қаражат бөлу маңызды қадам.
  • Импортталатын жылыжай өнімдеріне шекарада бақылауды күшейту, толыққанды фитосанитариялық шараларды қабылдау және маусымдық кезеңдерде кедендік баж салығы көлемін ұлғайту арқылы өз шаруаларымыздың мүддесін қорғау.
  • ​Премьер-Министрдің деңгейінде көмір кенін игерушілерді жинап, жылыжайшыларға қажет көмірді жеңілдетілген бағамен жеткізу сұрағын қарау. Бұл - азық-түлік қауіпсіздігінің мәселесі. Демек, бұл - мемлекеттік, керек десеңіз ұлттық мүдде.
  • ​Былтырдан бері уәде етілген жылыжайларды субсидиялау ережелері мен нормативтерін қабылдауды тездету керек.

"Облыстық бюджеттен субсидиялауға бөлінген қаражат 500 млн. тг, ал жалпы қажеттілік 2,5 млрд. тг асады. Осыған орай, қосымша қаражат көздерін қарастыру қажет,” - дейді депутат.

Серіктес жаңалықтары