×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

30 жылдық белес: Maqsut Narikbayev University ғаламат шоу ұйымдастырды

25.11.2023, 12:00
Фото: Ulysmedia.kz

Елордадағы жекпе-жек сарайында Maqsut Narikbayev University бірінші курс тәлімгерлерін студент қатарына қабылдау рәсімі өтті. Жылдағы дәстүр бойынша университетке қарасты жоғары мектеп тәлімгерлері зияткерлік, әлеуметтік және шығармашылық байқауда бақ сынады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Университетімді мақтан тұтамын!»

Іс-шараға 5 мыңнан астам адам қатысып, жекпе-жек сарайының сәнін келтірді. Қала берді, университет түлектері мен ата-аналар да төбе көрсетіп, ғаламат шоудың куәсі болды.

Іс-шара барысында бірінші курстың студенттері ант беріп, білім ордасының дамуына өз үлестерін қосатынына сенім білдірді. Салтанатты кешке жиналған барлық студенттер білім ордасын мақтан ететінін жеткізіп, кешті ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Университет басшылығы қатарға енді қосылған тәлімгерлерге сәттілік тілеп, келесі жылы 30 жыл толатын білім ордасында білім алу бақыт әрі жауапкершілігі мол кезең екенін айтты.

– Университеттің миссиясы – халыққа сапалы әрі қолжетімді білім беру арқылы қызмет ету. Құрметті әділет құдіретіне бас иген студенттер! Сіздер өте күрделі, талабы жоғары, сонымен қатар беделді мамандықты таңдадыңыз! Бұл – әділет, құқық және заң қызметі. Қазақстандағы қоғамның саяси және күнделікті өміріндегі өзгерістер құқыққа деген көзқарастардың қалыптасуына, құқықтық мемлекеттің, оның институттарының қалыптасуына, азаматтардың мінез-құлқына жаңа талаптар туғызуда. Осы ретте, біздің университет бағдарламасы заманауи талаптарға жауап беретін, жұмыс берушілердің үмітін ақтайтын, халықаралық және отандық құқықтық жүйелерде өз орнын ала алатын жоғары білікті, құзыретті заңгерлерді даярлауды мақсат етеді. Білім алу жолында қанаттарыңыз талмасын! – деді университет Провосты Сергей Пен.

Көк тудың желбірегені!

Жыл сайын дүркіреп өтетін салтанатты кештің құрметті қонағы болу бақыты биыл Асхат Аймағамбетов, Айдарбек Ходжаназаров, Ләйлә Сұлтанқызы, Елнұр Бейсембаев және тағы да басқа елімізге танымал тұлғаларға бұйырды.

Кеш барысында студенттер Қазақстанның ең үлкен туын алып шығып, университет тіркеген бұрынғы рекордты қайталады. Жібектен тоқылған тудың ауданы 80 шаршы метрді құраса, салмағы 60 келіге тең.

«30 жыл - бұл тек басы ғана...»

Бұл университетте студенттерді қабылдау жоғары мектеп тәлімгерлері арасында сайыс түрінде өтеді. 1994 жылдан бері үздіксіз өткізіліп келе жатқан рәсім биыл «30 жыл - бұл тек басы ғана...» деген атаумен ұйымдастырылды. Жоғарыда жазғанымыздай, келесі жылы университет өзінің 30 жылдығын атап өтпек.

Студенттер 3 ай бойы әзірлеген жобаларын таныстырып, би және театр қойылымдарын көрсетті. Әділ қазылар алқасының құрамында Арай Әлімхан, Әсел Ақпар, Amre, Дина Тәженова, Дина Сансызбаева сияқты танымал тұлғалар болды.

Тартысты өткен сайыста халықаралық экономика мектебінің студенттері жеңімпаз болып, ауыспалы кубок иегері атанды.

 Аталған кештің хедлайндері ретінде эстрада жұлдыздары Қайрат Нұртас пен Дастан Оразбеков әннен шашу шашып, жиналғандардың ыстық ықыласына бөленді.

Maqsut Narikbayev University «Атамекен»  ҚР ҰКП рейтингі бойынша Қазақстандағы ең үздік жоғары оқу орны екенін атап өткен жөн.

Оралхан ҚОЖАНОВ        

 

 

Серіктес жаңалықтары