×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Еңбек дауы: ҚазМұнайГаз наразы WOS компаниясының жұмысшыларына не ұсынып отыр

27.11.2023, 15:19
Еңбек дауы: ҚазМұнайГаз наразы WOS компаниясының жұмысшыларына не ұсынып отыр
Коллаж: ulysmedia.kz.

Елде нүктесі қойылмай келе жатқан еңбек дауларының бірі – ҚазМұнайГаз бен West Oil Software компаниясы жұмысшыларының арасындағы арбитраж. Жұмысшылардың негізгі талабы – Ойл Транспорт Корпорейшн мекемесіне жұмысшыларды штатқа алу, еңбекақы мөлшерін «ҚМГ ЕСОТ-қа» келтіру, техниканы жаңарту. Осы талаптар жөнінде «ҚазМұнайГаз» мұнай сервистік активтері департаментінің директоры Жасұлан Балуанов ұлттық компанияның позициясын білдіріп, еңбек дауын реттеудің бірнеше жолын атады.

Бұған дейін West Oil Software компаниясының 542 жұмысшысы (оның ішінде 453 жұмысшы 5/50 бағдарламасы бойынша жұмыстан босатылған) «ҚМГ» ҰК АҚ-ның еншілес компаниясы – «Ойл Транспорт Корпорейшн» (ОТК) штатына қалпына келтіруді талап еткен еді.

ҚазМұнайГаз не ұсынып отыр?

Дәл қазір WOS жұмысшыларының талаптары бойынша бір жылдан бері еңбек арбитражы жүріп жатыр. Жұмысшылардың негізгі талабы – ОТК мекемесіне жұмысшыларды қайтадан штатқа алу, еңбекақы деңгейін ҚМГ ЕСОТ-қа келтіру, техниканы жаңарту. Алғашқы екі мәселе бойынша ҚМГ әуел бастан оларды қанағаттандыруға қандай да бір негіз жоқ деген ұстанымын білдірген. Тиісті хаттамалар жасалып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

– Қазіргі уақытта WOS жұмысшыларының жалақысы ЕСОТ-тың 70-80% құрайды және соңғы 5 жылда үш еседен астам өсті. WOS жұмысшылары өкілдерінің Астанаға келген кезде қойған талаптарына бәріміз куә болдық. Сол кезде олар жалақыға қойылатын талаптарының жоқтығын, негізінен техниканы жаңарту мәселесіне басымдық беретінін хабарлады, - деп хабарлайды ұлттық компания өкілі.

Биыл 14 қарашада болған еңбек арбитражында ҚМГ үш жыл ішінде 202 бірлік көлемінде техника жаңарту (2024 жылы – 70 бірлік, 2025 жылы – 70 бірлік, 2026 жылы – 62 бірлік) бағдарламасын ұсынған. 2023 жылы сатып алынған 17 бірлік техниканы есепке алғанда, жалпы саны 219 бірлікті құрайды. ҚазМұнайГаз 2024 жылы қайтарымды қаржыландыруды тарту, соның ішінде жеңілдікпен берілетін лизинг алу жолымен, ОТК еншілес ұйымы арқылы 70 бірлік техниканы жаңартуға дайын екенін мәлімдеген.

Қазір ОТК  мекемесінде 26 бірлік (2024 жылға жоспарланған 70 бірліктен) техниканы лизингке алатын келісімдер бар. Бұл келісім 2023 жылдың жеңілдік бағдарламасы лимитінің шенберінде жүзеге асады. Аталмыш техниканы келесі жылдың бірінші жартысында жеткізу жоспарланған. 2025-2026 жылдарға арналған жаңарту механизмін бірлесіп талқылауды 2024 жылдың шілде айында өткізу ұсынылған. Бұл ұсыныспен 2027- жылға дейін ОТК мекемесімен көлік қызметтерін көрсетуге келісім-шарты бар WOS мекемесі де келіскен.

ҚазМұнайГаз: Техниканы жаңарту міндеттемелері жоқ, бірақ 202 бірлік техниканы жаңарту бағдарламасы ұсынылды 

ҚазМұнайГаз техниканы жаңарту бойынша тікелей міндеттемелері жоқтығын, алайда үш жыл ішінде 202 бірлік техниканы жаңарту бағдарламасын ұсынғанын хабарлайды. Мұндай ұсынысқа  негіз болған – СНПС-мен «жаңа техника – жаңа тариф» қағидаты бойынша инвестициялық тарифті қолдану туралы қол жеткізілген келісім. Негізінде, инвестициялық тариф - көлік құралының қалыпты қызмет ету мерзімін ескере отырып есептелетін техниканын амортизациялық құны. Бұл келісімге жету үшін соңғы төрт-бес айда СНПС компаниясымен ұзақ мерзімді келіссөздер жүргізілген.

– Амортизация түрінде қаражатты қайтару көзіне ие бола отырып, біз жеңілдікпен берілетін лизинг арқылы қаржыландыру нұсқаларын қарастырдық және осы мақсатта ҚМГ отандық техника өндірушілерімен (Камаз Инжиниринг, СемАЗ) және «Индустриялық даму қоры» АҚ-мен (ҚДБ еншілес ұйымы) техниканы жаңарту мақсатында Меморандумға қол қойды.Отандық автоөнеркәсіп жаңартылатын техниканың 80% дейін шығаратынын айтып кеткеніміз абзал, - дейді Жасұлан Балуанов.

«Неліктен ҚМГ 202 бірлік техниканы бірден сатып ала алмайды?» деген сұраққа ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясы өкілі біріншіден, техниканы жаңарту WOS-қа ғана емес, Қаламқастағы екінші кәсіпорынға да қажет екенін, ал техниканын жалпы құны 21 млрд теңгені (397 бірлік) құрайтынын атап өтеді. Мұндай қаражатты бірден жұмсау қазірдің өзінде өңірде 442 миллиард теңгенің әлеуметтік маңызы жоғары инвестициялық жобаларын жүзеге асырып жатқан ҚМГ-ға айтарлықтай салмақ түсіреді. Бұл жобалар – Кендірлідегі су тұщыландыру зауыты, Астрахань-Маңғышлақ магистральды су құбырын қайта жаңғырту, жаңа газ зауыты және Жаңаөзен қаласындағы гибридті жаңартылатын энергия көзі сияқты жобалар. 

– Екіншіден, лизинг түріндегі жеңілдікпен берілетін қаржыландырудың неғұрлым тиімді нұсқасы тұрғанда, мұндай шешім үнемді әрі ақылға қонымды деуге болмайды, - дейді ол.

«Келіспеушілік жалғаса берсе, жұмыс көлемін жоғалту қаупі туындайды»

Неліктен 2025-2026 жылдарға арналған техника жаңарту жоспарын 2024 жылдың шілдесінде қосымша талқылау қажет? Бұл сұраққа берген жауабында Жасұлан Балуанов 2025-2026 жылдарға арналған жаңарту механизмін қосымша талқылау қажеттілігі келесі себептерге байланысты екенін хабарлайды: біріншіден, жеңілдікпен берілетін бағдарламалардың лимиты жыл сайын анықталады және келесі кезеңдерге 2024 жылдың ортасында ғана белгілі болады. Екіншіден, ҚМГ Маңғыстау өңіріндегі мұнай саласын қолдайтын жеңілдетілген бағдарламалар бойынша берілетін лизингтердің лимитын ұлғайту туралы ұсыныс берген (соның ішінде Мәжіліс депутаттарына да). Мұндай ұсыныстарды орталық мемлекеттік органдар деңгейінде қарастыру және шешім қабылдау уақытты талап етеді.

Үшіншіден, келесі жылы Маңғыстаудағы жергілікті техника өндірушілері отандық автомобиль өнеркәсібін қолдаудың жеңілдетілген бағдарламасына қатысады. Олардың өнімдері өңірдегі мұнай компаниялары арасында жақсы сұранысқа ие екені белгілі. Бұл лизинг арқылы сатып алынатын техниканың ең жақсы нұсқаларын кеңінен таңдауға мүмкіндік береді.
Төртіншіден, WOS мекемесі жеңілдікпен берілетін бағдарламалар арқылы жаңа техниканы өз бетінше сатып алғысы келуі мүмкін. Жеке бизнестің өз бетінше шешім қабылдауын шектеуге заңды негіз жоқ. Бесіншіден, техниканы уақытында әрі тиімді шарттармен жеткізу мүмкіндігі бар басқа да компаниялар қызығушылық тудыруы мүмкін. Сонымен қатар бұл компаниялар еңбек ақы төлеу жағынан қазіргімен салыстырғанда тиімді шарттардыда ұсынуы мүмкін.

– Сондықтан, 2023 жылғы 14 қарашадағы еңбек арбитражында біз WOS жұмысшыларының өкілдеріне 2025-2026 жылдарға арналған техниканы жаңартудың ең тиімді және үнемді механизмдерін талқылау мақсатында алдағы жылы  кездесулерді жалғастыруды ұсындық. 16.11.2023 жылы болған арбитражда WOS жұмыс беруші ретінде өз жұмысшыларының өкілдеріне техниканы жаңарту сұрақтары бойынша арбитражды жаппай, 2024 жылдың шілдесіне дейін тоқтата тұруды ұсынған болатын. Алайда бұл ұсыныс жұмысшылардың өкілдерімен белгісіз себептермен қабылданбады. Мұндай келіспеушілік жалғаса беретін болса, жұмыс көлемін жоғалту қаупі туындайды және жаңарту бағдарламасының жүзеге асуына кері әсерін тигізеді, - дейді жауабында ҚазМұнайГаз өкілі.