Орталық Азиядағы екі ықпалды әулетті құдандалы еткен дүбірлі той 30 тамызда өтті. Ташкенттегі JW Marriott қонақүйінде Қырғызстанның бұрынғы кеден қызметі басшысының орынбасары Райымбек Матраимовтың ұлы Аймен мен қазақстандық мұнай магнаты Жақып Марабаевтың немересі Самира некесін қиды.
Ресейлік эстрада жұлдыздары ән шырқаған, ығайлар мен сығайлар бас қосқан той аты дүркіреп тұрған екі әулетті туыс етті. Бірі – контрабандаға қатысты ауқымды зерттеулерден, АҚШ-тың «Магнитский тізімі» бойынша санкцияларынан және Бішкектегі активтерінің тәркіленуінен өткен Матраимовтар әулеті. Екіншісі – Қазақстанның мұнай-газ саласының қалыптасуының бастауында тұрған Марабаевтар әулеті.
2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстандағы ескі элитаға қысым күшейді. Деолигархияландыру, активтерді қайтару және монополияларды жою науқаны басталды. Алайда бұл дауыл Марабаевтар әулетін айналып өткендей. Атышулы отбасы уақыт талабына сай бағыт-бағдарын өзгерте білді: мұнай ұңғымалары порттарға, мұнай саласындағы лауазымдар халықаралық консалтингке ұласты, ал бұрыннан бар активтері мен байланыстары логистика және инфрақұрылым саласында жаңа тыныс алды.
Ulysmedia.kz Марабаевтардың кім екенін, мұндай ықпалға қалай ие болғанын, Жақып Марабаев туралы америкалық дипломаттар жабық жеделхаттарында не жазғанын анықтауға тырысты. Біз оның «ҚазМұнайГаздан» не себепті кеткенін және неге дәл қазір бұл әулеттің Матраимовтармен құдандалы болғанын зерттедік.
МҰНАЙ ВЕРТИКАЛІ
Марабаевтар әулетінің салмағын түсіну үшін Қазақстан мұнайының бастауына көз жүгірту керек. Әулеттің негізін қалаған Нәсіпқали Марабаев еңбек жолын қарапайым бұрғылаушы болып бастады. Кейін облыстық атқару комитетін басқарды, ал еңбек жолын «Маңғышлақмұнай» кәсіпорнының басшысы қызметінде аяқтады.
Оның ұлдары Ермек пен Жақып тек әке кәсібін жалғастырып қана қойған жоқ. Тәуелсіз Қазақстандағы жер қойнауын игеру мен мұнай ресурстарын бөлуге тікелей ықпал ететін ортаға жол ашты. Олардың ішінде Жақып Марабаевтың мансаптық өсімі ерекше қарқынды болды.

Жас Жақып Марабаев пен Нұртай Әбіқаев. 2003 жылғы гольфта өткен олигархтардың кездесуі.
Үш онжылдық бойы оның есімі елдің стратегиялық маңызы бар құрылымдарының топ-менеджменті қатарынан түскен емес. «Қазақойл», «ҚазТрансОйл», ұлттық «ҚазМұнайГаз» компаниясы және алып Қашаған кен орнын игеріп жатқан NCOC консорциумы – оның еңбек жолындағы негізгі кәсіпорындар.
«ҚазМұнайГаз» басқармасы төрағасының барлау және өндіру жөніндегі орынбасары қызметін атқарған кезде Марабаев жай ғана жалдамалы менеджер деңгейінен әлдеқашан асып кеткен еді. Ол мұнай ресурстары, келісімшарттар мен ықпал бөлінетін жүйенің дәл ортасында отырды. Сондықтан оның тұлғасына Қазақстаннан тыс жерлерде де назар аударылғаны таңғаларлық емес.
Біз WikiLeaks жариялаған құжаттардың арасынан АҚШ-тың Астанадағы елшілігінің дипломатиялық жеделхаттарын таптық. Онда Жақып Марабаев қосалқы деңгейдегі менеджер ретінде емес, ықпалы, байланыстары және сыбайлас жемқорлыққа қатысты күдік-күмән тұрғысынан сөз болатын тұлға ретінде көрінеді.
АМЕРИКАЛЫҚ ЖЕДЕЛХАТТАРДА НЕ ЖАЗЫЛДЫ?

Жақып Марабаев 2000 және 2023 жылдары.
2006 жылғы 16 қазанда АҚШ-тың Астанадағы елшілігі Вашингтонға «Confidential/NOFORN» («Құпия. Шетел азаматтарына беруге болмайды») деген белгісі бар жеделхат жолдаған.
Құжатта канадалық Nations Energy мұнай компаниясы мен «Қаражанбасмұнай» төңірегіндегі дау сөз болады. Бұл жеделхатта америкалық дипломаттар Nations Energy компаниясының вице-президенті Патрик О'Марамен болған әңгіменің мазмұнын келтіреді. Оның айтуынша, компанияға қарсы басталған сот шабуылының артында Қазақстанның ықпалды тұлғаларынан құралған топ тұрған. Олардың қатарында Асқар Балжанов, Жақып Марабаев және Әділбек Жақсыбековтің есімі аталады.
О'Мараның нұсқасы бойынша, бұл топтың мақсаты алдымен «Қаражанбасмұнайдың» елеулі үлесін иеленуге тырысу болған. Егер бұл жүзеге аспаса, Nations Energy компаниясына қиындық туғызып, кейін сатып алуы мүмкін компанияның құнын төмендету көзделген.
Жеделхатта бұдан да нақты бір эпизод келтіріледі. О'Мараның айтуынша, 2005 жылдың қарашасында Nations Energy компаниясы қытайлық CNPC корпорациясымен шамамен 2 млрд долларға сату жөнінде келіссөз жүргізіп жатқан кезде қытайлық өкілдер оған Марабаев пен Балжановтан келген мәтіндік хабарламаларды көрсеткен.
О'Мараның сөзінше, бұл хабарламалардың мәні қытайлықтарды сатып алу мәмілесін кейінге шегеруге көндіру болған. Себебі аталған топқа айыппұлдар мен сот процестері арқылы компания құнын 700–800 млн долларға дейін төмендетуге уақыт қажет болған-мыс.
Құжаттың соңында АҚШ елшілігі О'Мараның айыптауларының шынайылығын растай алмайтынын және оның өз сөздерін дәлелдейтін айғақ ұсынуы қиын екенін атап өткен. Соған қарамастан дипломаттар оны жалпы алғанда сенім артуға болатын әңгімелесуші ретінде сипаттайды.
Араға жарты жыл салып, 2007 жылдың сәуірінде Марабаевтың тегі америкалық дипломатиялық хат-хабарларда тағы да аталды. Бұл жолы Baker Hughes мұнай сервистік компаниясының айналасындағы сыбайлас жемқорлық тергеуі және Қарашығанақ жобасы бойынша делдалдың Лондондағы шотына аударылған 4,1 млн доллар төлемге байланысты. Америкалық тергеу бұл қаражаттың Қазақстан шенеуніктеріне жеткенін анықтаған жоқ. Алайда 2007 жылғы 11 сәуірдегі жеделхатта дипломаттар Жақып Марабаевтың осы схемадан пайда көруі мүмкін деген қауесетті тіркеген. Бірақ америкалық тарап бұған дәлел таппаған.

Тағы бір жайт екі жылдан кейін белгілі болды. 2009 жылғы 11 наурыздағы жеделхатта ConocoPhillips компаниясының өкілі Ник Олдс Марабаевты «өте қабілетті, өте ақылды және байланысы өте көп» адам деп сипаттаған.
Сол жеделхаттағы мәліметке сәйкес, ExxonMobil өкілі Марабаевтың «шкафта жасырынған қаңқалары» бар екенін, яғни жұртшылыққа беймәлім күмәнді тұстары болуы мүмкін екенін меңзеген. Алайда америкалық дипломаттар бұл айыптауларды растай алмағанын жеке атап көрсеткен.
ҚАҢТАРДАҒЫ БЕТБҰРЫС ЖӘНЕ ГРУЗИЯЛЫҚ БАҒЫТ
Жылдар бойы қалыптасқан жүйе 2022 жылдың басында шайқалды. Қаңтар оқиғасы Қазақстанның бүкіл саяси элитасы үшін бетбұрысты кезең болды. Арада көп өтпей, 25 қаңтарда «ҚазМұнайГаз» Жақып Марабаевтың басқарма төрағасының орынбасары қызметінен кеткенін қысқа ғана хабарлады.
Ресми себеп ретінде еңбек келісімшарты мерзімінің аяқталуы көрсетілді. Алайда оқиғалардың уақыт жағынан дәлме-дәл келуі көп нәрсені аңғартқандай еді: Марабаевтың Қазақстанның мемлекеттік секторындағы тікелей ықпалына негізделген дәуір аяқталды.
Дегенмен қызметтен кету тасада қалуды білдірген жоқ. Астанадан кеткен бұрынғы «ҚазМұнайГаз» топ-менеджері жұмыс бағытын ғана емес, юрисдикциясын да өзгертті. 2023 жылдың басында Марабаев Грузияның Экономика және тұрақты даму министрлігімен келісімшартқа отырып, осы ел үкіметінің мұнай стратегиясы жөніндегі ресми кеңесшісі болды.

Сонымен қатар біз оның Одессадағы цифрлық ізін де байқадық. Golf Club Odesa әлеуметтік желілеріндегі халықаралық турнирлер мен клуб іс-шараларынан түсірілген фотосуреттерде Марабаевтың аты аталады. Ол Одессадағы клубта қандай мәртебеде жүргені – ойыншы, клуб мүшесі, инвестор немесе жай ғана қонақ па – бұл жөнінде ашық дереккөздерде түсініктеме жоқ.

Алайда Қазақстанның мұнай-газ алыбының бұрынғы топ-менеджерінің ауқымды соғыс жүріп жатқан аймақта орналасқан украин қаласының клубтық ортасында көрінуінің өзі назар аударарлық жайт.
БОДРУМ ЖӘНЕ ВИЛЛАЛАР
Одесса – Марабаевтар әулетінің шетелдегі жалғыз нүктесі емес.
Тағы бір із Түркияның Бодрум қаласына, Kempinski Barbaros Bay элиталық кешеніне апарады. Бес жұлдызды қонақүйдің маңында жеке бассейндері, айлағы және Kempinski қызмет көрсету жүйесі бар жеке резиденциялар орналасқан. Саясаттанушы Ербол Еділов бұған дейін Марабаевтың осы кешенде апартаменті бар екенін мәлімдеген. Алайда негізгі бетбұрыс шетелде емес, Қазақстанның өзінде болды. Марабаевтар отбасының бизнесі инфрақұрылым саласына қарай бет бұрды.

Жақып Марабаевтың үлкен ұлы Нұржан Марабаев 2019 жылдан бері Semurg Invest компаниясын басқарады. Компания 2008 жылдан бері жұмыс істейді. Оның бүгінгі ең ірі әрі көзге көрінетін жобасы – Құрық портындағы «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалы.
Жоба аясында астық, әмбебап, құйылмалы және бас жүк терминалдарын салу көзделген. Жобаның мәлімделген қуаты жылына 10 млн тоннаға дейін жүк өткізуге мүмкіндік береді. Бұл жобаның басты артықшылығы – орналасқан жерінде.
Құрық Каспий теңізінің жағасында орналасқан және Қазақстан Қытай мен Еуропаны жалғайтын балама бағыт ретінде белсенді түрде дамытып жатқан Транскаспий халықаралық көлік бағытының, яғни Орта дәліздің маңызды буындарының біріне айналып келеді. Яғни отбасының бизнесі дәл қазіргі кезде мемлекет елдің басты көлік мүдделерінің бірі деп санайтын салаға ойысып отыр.
ТЕРМИНАЛДАН ЖЕКЕ ФЛОТҚА ДЕЙІН
2025 жылы Каспий теңізінде жүк көтергіштігі 7 мың тоннадан асатын құрғақ жүк кемесі пайда болды. Оған әулеттің негізін қалаушының құрметіне Nasipkali Marabayev деген атау берілді.

Мұның астарында нақты экономикалық есеп те бар. Отбасы біртіндеп порт инфрақұрылымының маңында ғана емес, Каспий арқылы жүк тасымалдау ісінде де өз орнын бекітіп келеді. Яғни олар бір логистикалық тізбектің тағы бір маңызды буынына кіріп жатыр. Егер мұнай Марабаевтарды ескі экономикалық элитаның бір бөлігіне айналдырса, Орта дәліз келесі буынға Қазақстанның жаңа стратегиялық инфрақұрылымына енуге мүмкіндік беріп отыр.
Бірақ порт – олардың жалғыз бизнес алаңы емес. Нұржан Марабаевтың төңірегінде Dara Group-қа біріктірілген компаниялар тобы да қалыптасқан. Ашық реестрлерде бұл топ компанияларды басқару және консалтинг қызметімен айналысатын құрылым ретінде тіркелген.
Dara Group құрылтайшыларының қатарында KazNIGRI компаниясы бар. Бұл компанияның серіктестерінің бірі – бұрынғы Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалиннің жұбайы Бақтыгүл Айдарова. Осылайша Қазақстанға бұрыннан таныс құрылым көрініс береді: бір отбасының капиталы елге есімі жақсы таныс басқа әулеттердің капиталымен қатар өріліп жатыр.
ОТБАСЫ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ
Нұржан Марабаев – отбасы мүшелерінің ішінде әлеуметтік желіде ең белсендісі. Ол жұбайымен бірге Instagram желісінде өз өмірлерінен фото және видеоларды жиі жариялап тұрады.
Мәселен, видеолардың бірінен Париждегі Эйфель мұнарасының алдында Нұржанның домбырамен күй тартып тұрғанын, ал жұбайының ұлттық киіммен би билегенін көруге болады.

Бұл оқиғада тағы бір маңызды тұлға бар. Ол – Жақып Марабаевтың қызы, Самираның анасы Лейла Солтанбаева. Лейла да отбасының бизнесінен шет қалмаған: оның есімін Құрық портындағы «Саржа» жобасын дамытып жатқан Semurg Invest компаниясына қатысы бар құрылымдардан кездестіруге болады. Демек, ол бүгінгі күні Марабаевтар әулеті бизнесінің негізгі бағыттарының біріне айналған салада жүр.

Лейла Солтанбаева (сол жақта) қызының тойында.
Ал отбасындағы жас буын тіпті тосын жобалардың айналасында жүр. Мәселен, Жәңгір Марабаевтың есімі Қазақстанда зәйтүн өсіру жөніндегі тәжірибелік жобаға қатысып жатқан Q.V.M. Technology Kazakhstan компаниясымен байланысты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы Маңғыстау облысында 6 мыңнан астам зәйтүн көшеті отырғызылған.
ТАШКЕНТТЕ ТОҒЫСҚАН ЕКІ ЭЛИТА
Ерекше қызығушылық туғазытаны жайттың бірі – бұл отбасының аймақтағы өзге де ықпалды әулеттермен қалай жақындасқаны. Самира Солтанбаева мен Аймен Матраимовтың Ташкенттегі тойы енді жай ғана бай-бағландардың кезекті бас-қосуы болып көрінбейді. Бұл неке мұнай саласынан логистикаға ауысқан қазақстандық капитал мен Қырғызстандағы кеден ағындары арқылы жинақталған капиталды өзара байланыстырып отыр.
Тойдан жарияланған фото және видеолардан аңғарғанымыз, қонақтардың арасында Қазақстанның қазіргі билігінің көрнекті өкілдері көрінбейді. Соңғы жылдары деолигархияландыру және активтерді қайтару туралы жиі айтып жүрген Астана үшін Райымбек Матраимовтың отбасымен ашық түрде қатар көріну ақылға қонбайтын көрініс болар еді.
РАЙЫМБЕК МАТРАИМОВ КІМ?
Қырғызстан Мемлекеттік кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов «Райым-миллион» деген лақап атпен белгілі.
OCCRP, «Азаттық», Kloop және Bellingcat жүргізген бірқатар зерттеулерден кейін оның есімі Қырғызстан кеденіндегі ауқымды сыбайлас жемқорлық схемаларымен және елден шығарылған 700 млн доллармен байланыстырылады. Бұл зерттеулер жаппай наразылықтарға себеп болып, Матраимовты Қырғызстандағы сыбайлас жемқорлықтың басты символдарының біріне айналдырды.

2020 жылы ол ұсталды, ал 2021 жылы сот оны сыбайлас жемқорлыққа кінәлі деп таныды. Матраимов кінәсін мойындап, мемлекетке шамамен 2 млрд сом төлеген. Осылайша айыппұлмен құтылды.
Сол 2020 жылы АҚШ оны «Магнитский тізімі» бойынша санкцияға енгізді. Америкалық билік Матраимовты мемлекеттік активтерді иемдену, пара алу және мемлекеттік сатып алу саласындағы заңбұзушылықтарды қоса алғанда, сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп айыптады.
Алайда мұнымен оқиға аяқталған жоқ. 2024 жылы Матраимов Әзербайжанда ұсталып, кейін Қырғызстанға экстрадицияланды. Оған қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруды қоса алғанда, жаңа айыптар тағылды. Кейін кейбір жекелеген эпизодтар бойынша оған айыппұл салынды. Қырғыз билігі Матраимов мемлекетке шамамен 200 млн доллар тұратын активтерін бергенін де мәлімдеді.

Райымбек Матраимовтың ұсталған сәті.
ТЕҢ –ТЕҢІМЕН
Бір қарағанда, Астанада қалыптасқан мұнай әулеті мен Қырғызстанның қызметтен кеткен кеденшісінің арасында ортақ ештеңе жоқ сияқты. Алайда олардың капиталының құрылымына және жас буынның әрекетіне назар аударсақ, ортақ тұстар бірден байқалады.
Бұл жерде негізгі экономикалық фактор – транзиттік дәліздер. Матраимовтар отбасы жылдар бойы Қытай мен Орталық Азияны жалғаған кедендік артерияларды бақылап келді. Ал Марабаевтар өз кезегінде Каспийдегі порт инфрақұрылымын дамытып жатыр. Сол арқылы дәл осы жүк ағындары өтеді. Екі әулеттің де мүддесі аймақтағы логистикалық тораптарға келіп тоғысып отыр.
«Ескі Қазақстан» мен Қырғызстан элитасы өкілдерінің балалары мен немерелері бір-бірімен тығыз араласатын шағын орта қалыптастырған. Олар Еуропа мен Дубайдағы бірдей мектептерде оқиды, бірдей демалыс орындарына барады, әлеуметтік желілерде бір-біріне жазылған және тұрақты байланыста.

Цифрлық кеңістіктен бұл буынның бір-біріне жақын жүріп, өзара байланыстардың жеке жүйесін қалыптастырып отырғанын анық көруге болады. Аймен Матраимов пен Самира Солтанбаеваның некесі – осы үдерістің табиғи жалғасы. Бұл жай ғана ауқатты жастардың үйленуі емес. Бұл – ірі өңірлік капиталдың отбасылық байланыстар арқылы өз позициясын нығайтуының классикалық көрінісі.