×
443.37
474.49
4.83
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.37
474.49
4.83

Әкім Түркістандағы ірі жобалардың соңы дауға айналуын «қаржыландырудың тоқтап қалуымен» байланыстырды

29.11.2023, 13:35
Коллаж: ulysmedia.kz.

Түркістан облысында кейінгі жылдары ірі құрылыс жобаларына байланысты даулар жиілеп кетті. Аяқталмай қалған нысандар, жағажай, визит-орталық, спорт кешені... Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды осының бәрін облысқа қаржыландырудың тоқтап қалуымен байланыстырады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

– Мемлекет бюджетінен миллиардтаған қаражат Түркістан облысының дамуына, құрылыс жұмыстарына бөлінді. Алайда бағанадан бері әріптестерім көп жобаның, нысандардың құрылыс неге созылып кеткенін сізден сұрап жатыр. Аяқталмай қалған жағажай, Қожа Ахмет Яссауи музейі, визит-орталық, спорт кешені... Әсіресе, инфрақұрылым жағынан өңірден осындай кемшілік неліктен көп шығып жатыр? Не себепті деп, анализ жүргізіп көрдіңіздер ме? Жалпы әлеуметтік және экономикалық тұрғыда облыс орталығын Түркістанға көшіру ісі қаншалықты өзін-өзі ақтады? – деп сұрады Ulysmedia.kz тілшісі әкімнен.

Бұл сұраққа жауап берген Дархан Сатыбалды орталық көшкеннен кейін оны қалыптастыруға жай-жай ақша шығын болмай, «ешқашан еш нәрсе болмайтынын» айтады. 

– Көп жоба іске асырылған. Былайша айтқанда, солардың көбі 2022 жылы қаржыландырудан тоқтап қалғаннан деп айтсақ болады. Оған өзіміздің жергілікті бюджеттің қаражаты жетпейді. 90 пайызға жуық республикалық бюджетке тәуелдіміз. Сондықтан біз қазір рет-ретімен шешіп отырмыз. Көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілсе де, оның жер астындағы инфрақұрылымы әлі бітпеген. Бірінші кезекте біз солардың бәрін бітіруіміз керек. Қазіргі таңда каналда құрылыс жұмыстары жартылай тоқтап қалған. Көл жайлы да сұрақ қойылды. Ол да тоқтап қалды. Ол да қаржының тапшылығына байланысты. Егер беріп жатса, оның бәрін жалғастырамыз. Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттамаларын қайта қарауға байланысты созылды. Қайтадан қаралғаннан кейін оған қайтадан сараптама жасалуы керек. Бірақ оған биыл 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлдік. Оны бітіреміз, – дейді әкім.

Дархан Сатыбалды облыс орталығының Түркістанға көшірілуін дұрыс шешім деп есептейді. Өйткені назар ауылдарға бөлініп жатқанын атап өтеді. 

– Бізде 2,2 млн-ға жуық халық болса, соның 2 млн-ға жуығы ауылды жерде тұрады. Ендігі кезекте, жақсы бағдарламалар іске асырылып жатыр. Президент тапсырмасына сәйкес, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ауылды елді мекендерге жетіспейтін инфрақұрылымдармен қамтамасыз етіліп жатыр. Соның арқасында біз мектептерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Жоқ жерде жол салып отырмыз. Соның арқасында халықтың газын, суын, жарығын тартып бердік. Әрбір елді мекенде. Оған қыруар қаржы жұмсалды. Одан бөлек «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылды жерлерге фокусты бұрып, ауылдағы жастарға өздерінің табысын арттыруға мүмкіндік берудеміз, – дейді ол.

Әкімнің сөзінше, егер Шымкент пен Түркістан облысы бірге болса, онда Шымкентке де, облысқа да қарайтын едік дейді. «Қазіргі таңда тек бағытымыз – ауылды жер» деп атап өтеді.

«Республикалық бюджетке 90 пайыз тәуелдіміз» деген әкімнен 2023 жылғы есепті сұрағанбыз. Түркістан облысы республикалық ортақ қазынаға қанша қаражат аударып, қанша қаражатты республикалық бюджеттен трансферт ретінде алып отыр? Бұл сұраққа жауап берген әкім «ортақ қазынаға айта алмайтынын, бірақ Қазатомөнеркәсіп кәсіпорнының Түркістан облысындағы бір ғана зауыты республикалық бюджетке 180 млрд теңгеден астам салық төлеп отырғанын» жеткізді.

– Бізге 12 млрд теңгедей төлейді. Жергілікті бюджетке. Ал жергілікті бюджеттің салықтан түскен табысы 150 млрд теңгеге жуық. Біз соны биылдың өзінде 20 млрд теңгеге жуық өсіріп отырмыз. Ендігі жылға тағы да меже қойып отырмын. Әрбір аудан салық басқармасына кемінде тағы да 20 млрд теңгеге көтеруіміз керек. Ол тек салық базасынан. Одан бөлек әрбір әкім алдымда табысты арттыру бағытында жобасын қорғайды. Жаңа жұмыс орындарын, өндіріс орындарын ашады. Қанша салық төлейді? Соның бәрін назарға алып отырмыз, – деп түйді Дархан Сатыбалды.

Серіктес жаңалықтары