×
$
448.45
€
501.59
₽
5.36
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
448.45
€
501.59
₽
5.36

"Бәйтерек" бір триллион теңгені игеріп үлгермей жатыр, бірақ оған тағы 648 миллиард теңге бөлінбек

Бүгін, 14:40
"Бәйтерек" бір триллион теңгені игеріп үлгермей жатыр, бірақ оған тағы 648 миллиард теңге бөлінбек
ашық дереккөз

«Бәйтерек» ұлттық холдингіне бюджеттен бір триллион теңге бөлінгенімен, тамыз айына дейін оның аз ғана бөлігі игерілген. Соған қарамастан, келесі жылы холдингке тағы 648 миллиард теңгеге жуық қаражат беру жоспарланып отыр. Құрылтай отырысында депутаттар «Бәйтеректің» бөлінген қаржыны уақытында игеріп, берген уәдесін орындай алатынына күмән келтірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Тағы қанша қаржы қажет?

Құрылтай отырысында Бақтыбек Бибаев «Бәйтерек» холдингінің өкіліне бюджет қаражатының қалай жұмсалып жатқаны туралы сұрақ қойды.

Биыл мемлекет холдингтің капиталын ұлғайтуға бір триллион теңге бөлген. 1 тамызға дейін бюджеттен 397 миллиард теңге аударылғанымен, оның тек 147,6 миллиард теңгесі ғана игерілген. Бұл – жылдық жоспардың шамамен 14 пайызы.

Мемлекет бөлген әрбір теңге қосымша жеті теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді деп жоспарланған. Осылайша, бюджеттен бөлінген бір триллион теңге арқылы 7 триллион теңге қаржы тарту көзделген. Алайда тамыз айына дейін небәрі 1 триллион 189 миллиард теңге тартылған. Бұл – жоспарланған көлемнің шамамен 17 пайызы.

– Былтыр Жоғары аудиторлық палата жобалар қорының жеткіліксіздігіне байланысты холдингті қаржыландыруды қысқартуды ұсынған еді. Сол кезде сіздер депутаттарға бөлінген қаражат толық игерілетінін айттыңыздар, – деп еске салды Бибаев.

Қаржының игерілу көрсеткішіне қарамастан, 2027 жылғы бюджет жобасында «Бәйтерек» холдингінің капиталын ұлғайтуға тағы 647,8 миллиард теңге қарастырылған.

Депутат Жоғары аудиторлық палатаның бұған дейін холдингке жыл сайын қомақты қаражат бөлудің тәуекелдері туралы ескерткенін де атап өтті.

– Қазір қазан айының ортасы болды. 2026 жылға жоспарланған қаражаттың толық игерілуін қалай қамтамасыз етесіздер? Ал 2027 жылға бюджеттен бөлінетін қаражатты игеруге арналған жобалар қоры қаншалықты дайын? – деп сұрады депутат.

«Жыл соңына дейін игереміз»

«Бәйтерек» ұлттық холдингі төрағасының орынбасары Нұрболат Айдапкелов кейінгі айларда қаржыландыру жағдайы өзгергенін айтты.

Оның сөзінше, 8 қазандағы жағдай бойынша холдинг құралдары арқылы қаржыландыру көлемі 6 триллион 523 миллиард теңгеге жеткен. Ал жылдық жоспар – 8 триллион теңге. Бұл жоспардың 81,5 пайызына тең.

– Сонымен қатар бюджеттен 575 миллиард теңге алдық. Қаражат кезең-кезеңімен аударылатыны түсінікті, сондықтан ақша түскен сайын оны игеріп жатырмыз. Бұл алты триллион теңгеге холдингтің қаржылық және қаржылық емес құралдарын қоса алғанда, барлық тетігі кіреді, – деп түсіндірді Айдапкелов.

2027 жылға холдингке жалпы сомасы шамамен 4 триллион теңге болатын жобаларды қаржыландыруға өтініштер түскен. Алайда бұл олардың барлығына қаржы бөлінеді дегенді білдірмейді.

Әрбір жоба банктік және салалық сараптамадан өтуі керек. Осыдан кейін «Бәйтерек» қай жобаларды бірінші кезекте қаржыландыратынын анықтайды.

– Басымдықтарды ескеруіміз керек. 2027 жылға қарастырылған қаражат игеріледі. Ал 2026 жылғы қаражатты жыл соңына дейін игеруді қамтамасыз етеміз, – деп сендірді холдинг өкілі.

Анықтама

«Бәйтерек» – мемлекет бизнес, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және экономиканың басқа да салаларын қаржыландыру үшін пайдаланатын ұлттық холдинг. Бұл мақсатта республикалық бюджет қаражаты да жұмсалады.