Кешенді жоспарға енген жобалар құнының 30 пайызын мемлекет қаржыландырады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Алдағы бес жылда жатақханалардағы орын саны 55,5 мыңға артады. Премьер-министр Әлихан Смайылов әлеуметтік саладағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы қаулыға қол қойды.
Жоспарда жоғары білім, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, спорт және білім беру салалары бойынша 43 нысан қамтылған. Мұның ішінде жаңа 3 емхана мен 3 оңалту орталығын ашу көзделіп отыр. Спорт саласында жаңа 8 спорт залын іске қосу жоспарланған. Барлық бағыттар бойынша жаңа нысандардың жалпы құны 261 млрд теңгеден асады.
«Кешенді жоспарға сәйкес, 8 мыңға жуық орынға арналған 9 студенттік жатақхана салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауын іске асыру аясында жаңа жатақханалар ашылмақ», - дейді премьер-министрдің баспасөз хатшысы Динара Әлімова.