×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Қаулыны Байбек шығарған, жер – Құлыбаевтарда»: Базарбек ҚазҰУ-дың қайтпай жатқан жері жайлы

06.12.2023, 13:03
«Қаулыны Байбек шығарған, жер – Құлыбаевтарда»: Базарбек ҚазҰУ-дың қайтпай жатқан жері жайлы
Коллаж: ulysmedia.kz.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбекке мәжіліс кулуарында бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі жер дауына байланысты сұрақ қойылды. Мәжілісмен әлі күнге дейін жер қайтарылмағанын айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

– 2021 жылдан бастап ҚазҰУ жері, Алматының Іле-Алатау саябағының жері, таулары, алма бақтары жекенің қолына өтіп кеткен. Парламентке дейін тәуелсіз заңгер ретінде осы мәселені көтерген едім. 2022 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы департаментіне өз атымнан арыз жаздым. 2018-2019 жылдары Бауыржан Байбек әкім болып тұрған кезде қаулы қабылдаған. Ол қаулы 2017-2019 жылдар аралығында 8-ге жуық қаулы қабылдаған. Соның салдарынан ҚазҰУ жері, алма бақтары, таулы бөктердегі жерлер өтіп кеткен. Соған байланысты қылмыстық іс қозғау туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне тиісті арызды жолдадым, – дейді депутат.

Десе де антикор департаменті істі қозғаудан бас тартыпты. Арызында Базарбек «Бауыржан Байбектің үстінен іс қозғалсын» деп жазғанын еске алады. Қаулыға Бауыржан Байбектің қол қойғанын атап өтеді. Алайда депутат әлі күнге дейін нәтиже жоқ дейді.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматыдағы департаменті «ҚазҰҰ жеріне байланысты ведомствоаралық комиссия құрылып жатыр, соның шеңберінде шешім қабылданады, сізді сол комиссияға шақырамыз» деді. Бір жыл өтті. Ешкім мені шақырған жоқ. Шақырмағаннан кейін амалсыз 2022 жылы «Жер аманаты» республикалық комиссиясы аясында тексерісті ашуға тура келді. 2022 жылдың маусымында ҚазҰУ жеріне байланысты тексерісті ашуға арыз берген. Соның нәтижесінде жер ресурстарын басқару департаменті тексерісті ашып, заңбұзушылық анықталды, тиісті ұйғарым да шығарды. Соның нәтижесінде төрт қаулыны заңсыз деп таныды. Содан кейін енді ҚазҰУ жері мемлекет меншігіне қайтарылуы керек қой!? Ол жер әлі қайтарылған жоқ. Себебі 2019 және 2020 жылы бұзылмаған үш қаулы бар. Соны қазір жер ресурстарын басқару департаменті бұзып жатыр. Сот қайтарып жатыр», - дейді ол.

Бақытжан Базарбек аталған жерді Atlas development компаниясы алғанын, оның құрылтайшылары Динара және Тимур Құлыбаевтар екенін атап өтті. 2010 жылы ҚазҰУ жері 80 га болғаны, алайда әкімдік бере-бере бүгін де 73,4 га-ға қысқарғанын айтады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі жер дауына әлі нүкте қойылмай келе жатқанын бұған дейін Азаттық радиосы жазған. Биыл Алматы сотының жерді оқу орнына қайтару туралы үкімі күшіне енген. Бірақ миллиардер Тимур Құлыбаевтың компаниясы мен жер ресурстары департаменті тағы соттасып жатыр. 

Әл-Фараби атындағы ұлттық университет жерінің Әл-Фараби даңғылымен шектесетін оңтүстік бөлігінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың иелігіндегі компания "Atlas development" заманауи бизнес орталық салып жатыр. Бизнес орталық бой көтерген жер телімі бұрыннан жеке меншікте. Ал құрылысқа арналған қоршаудың ішінде, ғимараттың айналасында тұрған учаскелер университеттен қала әкімдігіне өтіп, әкімдік оны жеке компанияға жалға берген. Жалпы аумағы – 0,8 гектар. Онсыз ғимаратты салу, ашу мүмкін емес.