Елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оның жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін 2024-2030 жылдарға арналған су шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жоспарды іске асыру қолда бар су ресурстарын 3,7 текше километрге, ал суармалы жерлердің аумағын 2,2 млн гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бермек. Қала берді, суармалы судың жыл сайынғы шығынын үш текше километрге азайтуға және 55 мыңнан астам халқы бар 41 елді мекенді сумен қамтамасыз етуге жол ашылмақ.
Мәселен, 2024-2026 жылдары көлемі 2,4 текше километр болатын 20 жаңа су қоймасының құрылысын бастау жоспарлануда. Сонымен қатар, көлемі 1,9 текше метр болатын тоғыз облыс аумағында жұмыс істеп тұрған 15 су қоймасын қайта жаңарту басталады.
Естеріңізге салсақ, премьер-министр Әлихан Смайылов жоспарланған шараларды іске асыруға отандық компанияларды, оның ішінде құрылыс материалдарын өндірушілерді белсенді тарту және суды тұтынуды айқындау бөлігінде ғарыштық мониторинг технологияларын дамытуды жалғастыру қажет екенін айтқан болатын.