×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

Германияда қазақ әндері хит болып тұр - Қазақстаннан көшкен неміс дуэті жайлы

21.12.2023, 09:01

Өткен ғасырдың 90-жылдары Қазақстаннан Германияға көшкен Пауль Фридрих пен Ольга Каспер бүгінде дуэт құрып, қазақ әндерін шырқап жүр, деп жазады Ulysmedia.kz. 24.kz сайтына сілтеме жасап.

Бремен қаласының іргесінде тұратын әртістер қазақтың хит әндерін орындап әлеуметтік желіде танымал бола бастады. Бейнежазбалары миллиондаған қаралым жинаған.

Екеуінің де мамандығы – музыкант. Бірнеше тілде ән шырқаса да оларды жұлдызға айналдырған қазақ әндері екен. “Жанымызға жақыны қазақы әуендер” деп ағынан жарылды.

"Алғаш рет "Той жырын" орындағанда, қатты қобалжыдық. Қазақстаннан көшіп келген адамдар оны қалай қабылдайды екен деп қорықтық. Оларға қатты ұнады”, – дейді Ольга.

Бұдан кейін оларды той-томалаққа шақырғандар арта бастаған. Әсіресе, Қазақстаннан көшіп барған немістер қолқалап, жиі хабарласатын көрінеді.

Олар Германия азаматы болғанымен қай жерде жүрсе де "біз Қазақстаннанбыз" деп мақтанышпен айтады. Айтпақшы, былтыр президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі музыканттарды мемлекеттік наградамен марапаттағанын атап өткен жөн.

"Әрине Қазақстанды сағынамыз. Мен онда 24 жыл тұрдым. Ол жердің табиғаты кез келген адамды тамсандырады. Көршілеріміз, достарымыз, қазақтың ұлттық тағамдары - бәрі есімізде”, – дейді О.Каспер.

Ал Пауль 18 жасында Германияға қоныс аударған.

"Қазақстан  – менің туған жерім. Осы жерде мектепке бардым. Он жыл білім алдым. 18 жасымда отбасыммен Германияға көштік. Ең басында барлығымызға қиын болды. Туып-өскен жерімізді сағына бердік. Жылдар өтті, ақырындап үйрендік. Бірақ әрқашан сағынышпен жерлестерді, көршілерді, достарды еске алып хабарласып тұрамыз. Кішкентай кезімнен көршінің балаларымен асық ойнап доп қуып қазақша сөйлеп өстім", – дейді Пауль Фридрих.

Келер жылы дуэт өзінің 10 жылдығын атап өтпек. Соған орай Германияда концерт беруді жоспарлап отыр. Одан кейін Қазақстанға гастрольдік сапармен келіп, үлкен сахнада өнер көрсетсек деген ниеттері бар.

Серіктес жаңалықтары