×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

«Құлыбаевтан басқа инвестор табылмады ма»: Базарбек министрге шүйлікті

25.12.2023, 12:00
Коллаж: ulysmedia.kz.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек төменгі палатада үкіметтік сағат өткізген сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевті "сөзіңізде жемқорлық туралы бірде-бір рет айтпадыңыз" деп сынады. Депутат Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы логистикалық хабты салуға олигарх Тимур Құлыбаевқа рұқсат берілгеніне наразы, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Мен жаңа қойылған сұрақтар мен министріміздің жауабын (сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев) тыңдап саралап отырмын. Министр Арман Шаққалиевтің сөзінде жемқорлық туралы бірде-бір рет айтылмады. Ал сауда саясатында олигополия туралы министр бір-ақ рет айтты», - деді Базарбек.

Депутат осы ретте бір мысал келтірді. Айтуынша, Қазақстан мен Қырғызстан арасында тауар айналымының көлемін көбейту үшін Қарасу және Ақтілек өткізу пунктерінде индустриялық сауда-логистикалық кешендерін құру жоспарланған. Оның айналымы – 2 млрд АҚШ доллары.

«Индустриялық-логистикалық кешендерді орналастыру үшін жерді де беріп жіберген. Оны суретін қарасаңыздар, 3,6 шаршы шақырым аумақты алады. Бірақ менің қолымда бір ақпарат бар: ол жобаны іске асыратын  «Джон Технолоджис» ЖШС. Ал соның құрылтайшысы – Кипрос ЖШС. Ал оның құрылтайшысы – Тимур Құлыбаев. Ең қызығы, жер кодексінің 23 бабының бірде-бір тармақшасына сәйкес, мемлекеттік шекара белдеулерінде жерлерді жекеменшікке және жер пайдалануға құқығына беруге тыйым салынған. Тек ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер беріледі. Ал бұл мемлекеттік-логистикалық хаб шекара белдеуі екеніне күмән жоқ», - дейді ол.

Бақытжан Базарбектің айтуынша, шекара белдеулерін белгілеу туралы №356 – 2014 жылғы 16 сәуірдегі үкімет қаулысына сәйкес, Қырғызстанмен шекара белдеуінің ені 100 метр болуы керек. Ал логистикалық хабтың шекарамен арақашықтығы – 5-10 метр.

«Үкімет келісімшарты әлі ратификацияланбаған. Ратификацияланса, Қазақстанның заңнамасының мұндай жағдайда басым құқығы бар. Бірақ ең түсінбейтін нәрсем – қалай сауда министрлігі жер кодексінің 23 бабын бұза отырып, шекара белдеулерінде үлкен логистикалық хабты орналастырып отыр. Екіншіден, министр мырза, олигополияның алдын алу үшін логистикалық хабты шекара маңында орналастырып жатырмыз дейміз. Бірақ соны олигархтардың біреуіне беріп жатырсыз. Сонда Құлыбаевтан басқа инвестор табылмады ма? Жаңа Қазақстан дейміз. Активтерді қайтару туралы заң жобасын қабылдадық. Ал мына тірлікпен үлкен логистикалық хабты шекара белдеуінде орналастырамыз. Сондықтан, сауда саясатын көтерген кезде жемқорлық пен олигополиядан бастау керек», - деп түйді сөзіне Базарбек.

Серіктес жаңалықтары