Талдықорғанда үш айға жуық уақыт бұрын жоғалған Карина Дарохинаның өліміне қатысты тың деректер шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Айуандықпен өлтірген
Қыздың денесіне жасалған сараптама нәтижесі бойынша, Каринаны арқанмен буындырып өлтіргені белгілі болды. Оған дейін қыздың шашын тақырлап алып тастаған. Ең сорақысы, сараптама оқушының жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын да анықтаған.
Оқушы қыздың мәйітіне жасалған сараптаманың алғашқы нәтижесі бойынша оны буындырып өлтірген деген қорытынды жасалды. Сондай-ақ, жасөспірімнің бұған дейін сексуалдық қарым-қатынаста болғаны және шашын тақырлап алып тастағаны анықталды, - деп хабарлады жергілікті полицияда жұмыс істейтін қызметкердің бірі.
Тексеріс қайтадан жүргізіледі
Қазір полиция қылмысқа күдікті ретінде ұсталған өгей әкені зорлауға қатысты қайта тексеруді бастады. Сондай-ақ оның отбасындағы басқа да балалары тиісті тексеруден өткізілмек.
Бүгін Талдықорғандағы жақындары мен достары Карина Дарохинаның денесін жер қойнына тапсырды.
Оқиғаның мән-жайы
Оқиғаның мән-жайына тоқталсақ, Каринаның ұзақ уақыт бойы мектепке бармай, хабар-ошарсыз кеткенін туған әкесінің туыстары байқап, анасына сұрау салады. Полицияға арыз жазуға келген анасы оның қарашадан бері жоқ екенін айтқан. Тергеу барысында әйелдің өтірік ақпарат бергені анықталды.
Әйел Талдықорғандағы екінші күйеуі жұмыс істейтін көлік жөндеу орталығында қызымен келіспей, ұрысып қалып, ашумен жіппен қылғындырып өлтіргенін мәлімдеген. Алайда, екінші нұсқасында қызды өгей әкесінің ұрып өлтіргенін айтқан.
Оқушы қыз қайтыс болған сәтте ерлі-зайыпты Айсабакиевтер оны жол талғамайтын көлікке салып, Текелі жақтағы тау бөктеріне апарып, көміп тастаған.
Текелі тауынан табылды
Естеріңізге салсақ, қыздың денесі Текелі тауынан табылған болатын. Оны сол жерге көміп тастаған. Мәйітті полицейлер, әскери қызметшілер мен еріктілерден тұратын іздеу тобы тапқан.