×
443.37
474.49
4.83
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.37
474.49
4.83

41 спортшы жаспірімдер олимпиадасында ел намысын қорғайды

19.01.2024, 08:00
ҚР ҰОК

Оңтүстік Кореяның Канвон провинциясында 2024 жылғы IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу салтанаты өтеді. Отандық спортшылар қызу жаттығу барысында, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оңтүстік Кореядағы алғашқы дайындық кезеңін конькимен жүгірушілер, хоккейшілер және шорт-трекшілер өткізді. Сондай-ақ, биатлоншылар да жарыс өтетін жолды тексеріп көрді.

IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы қарсаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті мен ҚР Спорт және туризм министрі Қазақстан жасөспірімдер құрамасымен кездесті. Тимур Құлыбаев пен Ермек Маржықпаев спортшылардың қандай жағдайда тұратынын бағамдап, олардың апартаменттері мен асханаларында қонақ болды. Сонымен қатар, Канвон-2024 Олимпиадалық ауылында орналасқан жасөспірімдер құрамасының штабына да бас сұқты.

«Сіздер спорттағы табандылық пен шеберліктің арқасында өз қатарластарыңыз – олимпиадашылармен бірге жасөспірімдер Олимпиадасына қатысып отырсыздар. Бұл бәсекеде әлемнің ең үздік жас спортшыларымен жарысқа түсесіздер. Жасөспірімдер Олимпиадасы – сіздердің олимпиадалық мансаптарыңыздағы алғашқы қадам, Олимпиадалық спорттың элитасына жол дәл осы жерден басталмақ. Бір-бірлеріңізбен танысып, ұзақ жылға созылатын достық қарым-қатынас орнату мүмкіндігін мүлт жібермеңіздер. Қазіргі сәттен ләззат алыңыздар, дос болып, бір-біріңізге қолдау көрсетіңіздер. Канвон-2024 жасөспірімдер Олимпиадасында сәттілік жолдас болсын», - деді жас атлеттерге ақ жол тілеген Қазақстан ҰОК басшысы Тимур Құлыбаев.

Спорт және туризм министрі Ермек Маржықпаев та спортшыларға өз тілегін жеткізді. 

«Жарыс алдында сіздерді көргеніме қуаныштымын. Қаншама қонақ пен қаншама спортшының келгенін көріп отырсыздар. 70-тен астам елден 1800-ге жуық атлет бар мұнда. Тынымсыз еңбектің арқасында сіздер де осы жерде ел намысын қорғағалы отырсыздар. Сіздердің жанұяларыңыз, жанкүйерлер мен бүкіл Қазақстан сіздерді қолдайды! Тек қана алға!», - деді министр. 

Айта кетелік, қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы 2024 жылдың 19 қаңтары мен 1 ақпаны аралығында өтеді.  Канвон ареналарында Қазақстан намысын спорттың бес түрі бойынша (9 дисциплина) 41 спортшы қорғайды. Алғаш болып жарыс жолына биатлоншылар шығады (жекелей сын), сондай-ақ, шорт-трекшілер 1500 мерде бақ сынаса, тұғырдан секіруден Қазақстан командасы да өз өнерін көрсетеді. Хоккейшілер алғашқы іріктеу турнирін Польша құрамасын қарсы өткізеді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиадалық комитеті 

Ұлттық Олимпиадалық комитеті (ҚР ҰОК) 1990 жылдың 3 ақпанында құрылып, 1993 жылдың қыркүйек айында Халықаралық олимпиадалық комитеті тарапынан ресми түрде танылды.

ҚР ҰОК дербес, тәуелсіз қоғамдық ұйым болып табылады. Өз қызметін жүзеге асыру барысында ҚР ҰОК Олимпиадалық Хартия, Қазақстан Республикасы Заңдары мен ҚР ҰОК Жарғысын негізге алады. Қазақстан Республикасы аумағында Олимпиадалық қозғалысты дамыту және оны қорғау, Олимпиадалық құндылықтарды насихаттау - ҚР ҰОК миссиясы болып табылады.

 

Серіктес жаңалықтары