14-қаңтар басталған жылдың бірінші Үлкен Дулыға турнирі Australian Open 1 миллионыншы билетін бүгін сатты. Бұл ұйымдастырушылар мен Мельбурн қаласының әкімшілігі үшін тарихи сәт, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Былтыр бұл көрсеткіш 839 192 адамды құраған еді.
– Биыл шетелдік теннис фанаттарының көп келгенін байқадық. Пандемиядан кейін елімізге туристер ағылып келіп жатыр. Шетелдік билет сатып алушылардың көшбасында АҚШ, Жаңа Зеландия және Ұлыбритания елдерінің азаматтары тұр, – деді АО директоры Крейг Тайли.
Турнир ұйымдастырушылары 1 миллиондық межені финал күні бағындыруды жоспарлаған. Алайда ерлердің қатысуымен өткен жартылай финал ойындарына қызығушылық күрт өсті. Атап айтсақ, Новак Джокович пен Янник Синнер, сондай-ақ Даниил Медведев пен Александр Зверев матчтары.
Айтпақшы бірінші жартылай финалда 22 жасар италияндық Янник Синнер 10 дүркін АО жеңімпазы әйгілі Новак Джоковичті (Сербия) ұтып кетті. Синнердің қарсыласы Медведев-Зверев арасындағы кездесуде анықталады.
Әйелдер финалы сенбі, ал ерлер финалы жексенбі күні өтеді.